15 Қыркүйек, 2017

Ұлы Дала абызы

1847 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Рухани жаңғыру орайындағы «Ту­ған жер» бағдарламасы мен «Қазақ­станның киелі жерлерінің география­сы» жобасы тәуелсіз мемлекетіміз та­ри­­хын­дағы ең бір келелі, көкейкесті мә­селе. Бұл орайда Асан Қайғының жер-­суға, атақонысқа қатысты аталы ойлары, ақылман пайымдаулары нағыз абыздық толғамдар деуге лайық. 

Ұлы Дала абызы

Асан Қайғы Сәбитұлы көшпелі халықтардан шыққан, болашақты болжаған көріпкел, сәуегей абыз, ға­йып­тан сөйлейтін көреген би, жы­рау біткеннің атасы, тереңнен толғай­тын ойшыл сөз зергері. Ұлы оқымысты Шо­қан Уәлихановтың пікіріне сү­йен­сек, ол «көшпелі қазақ, ноғай ұлы­сының философы». 

Асан Қайғы әуелінде Алтын Орданың астанасы Сарай қаласында, сонан соң Қазан шаһарында Ұлұғ Мұхамедтің (Ор­мамбет хан) бас биі болған. Алтын Орда ұлысы ыдыраған соң, Қазақ ордасында Әз Жәнібек ханның ақылгөй кеңесшісі болады. Асан Қайғының толғауларында қазақ жерінің кербез сұлу табиғаты («Қырында киік жайлаған, Суында балық ойнаған»), мекенінен жөңкіліп көшкен ел («Ойыл көздің жасы еді, Ойылда кеңес қылмадың, Ойылдан елді көшірдің»), қилы-қилы заманның көріксіз суреттері («Шабылып жатқан халқың бар, Аймағын көздеп көрмейсің»), жарқын келешекті көкірегі қарс айрылып армандауы, көксеуі, «Жерұйықты», «жұпар қорығын» сарсылып іздеуі, әлеуметтік қайшылықтардан ада ғажайып тұрмысты аңсауы («Желмая мініп жер шалсам, Тапқан жерге ел көшір»), тарихи оқиғалардың көріністері елестеп өтеді. Шын мәнісінде, Асан Қайғының қасқалдақтың қанындай қымбат мұрасында «өзінің жайынан да, заман аңғарынан да бірталай көрініс-елес, білік-дерек береді» деген М. Әуезов пікірі мейлінше дұрыс.

Зар заман жыршысы Мұрат Мөңкеұлы «Сарыарқа» дейтін шығармасында: Жер қарап он екі жыл желмаямен, Асан би жердің үстін танып кетті,...Су қарап, он екі жыл қайықпенен Асан би жердің үстін барлап кетті – деп жырлаған. Мұрат ақын Асан биді қазақ-ноғай елінің ортақ перзенті деп бағалайды.

«Жақсылардың көзі – жүз, құлағы – мың болады» дегендей, даналықтың алтын шырағындай, сөз өнерінің қанатты пырағындай Асан Атаның жер-суға берген таңдаулы сипаттамаларын сөйле-тейік:

Атасу өзеніне сүйсініп: «Шіркін, Есен-ай! Аттың сауырына сыймайсың-ау, алты күнде ат семіртетін жер екенсің! Сарысудың саумал татыған суындай емес, тұщы судың атасы мұнда екен!» депті. Жетісудың сәулетін көргенде айтқаны: «Ағашы тұнған жеміс екен, адамзатқа жақсы қоныс екен!». Терісаққан өзеніне аялдағанда «Сарыарқаның тұздығы екен» депті. Жетіқоңырға ат басын тіре­генде «Сарыарқаның мауыты екен» деген.

«Қаратауды жайласа, Сырдың бойын қыстаса, қоныс болуға сонда дұрыс екен» де­гені бар. Ертіске келгенде: «Мына шір­кіннің баласы тойдым деп қарап отыр­мас, қарным ашты деп жылап отырмас. Сиырдың мүйізі, кеуірдің құлағы шығып тұрған жер екен. Күнінде баласы кеуірден жылайды-ау!» деген. Шыңғыс, Семей тауларын көргенде еңіреп: «Мына шіркіннің топырағы құтырған екен. Оған шыққан шөп құтырады, оны жеп семірген мал құтырады, оның етін жеп, сүтін ішкен адам құтырады. Қан үзіл­мейтін, кісі өлтіру, ұрыс-төбелес көп бо­латұғын жер екен» деген. Бұған Семей по­лигоны айғақ.

Баянауылға келгенде: «Тауы, тасы кеш бол­ғанда қой болып еміреніп жатады екен, тоқтысы қысыр қалмайтұғын жер екен» депті. Жиделібайсын жайында: «Құдай жаратқан жердің оңдысы. Адамы жүзге келмей өлмеген, қойлары жылына екі қоздаған, жер шүйгіні сол екен. Тайы құлындайды, тайлағы боталайды, тоқтысы қоздап, мал кіндігі үзілмейтін, ұрыстан аман болатын жер екен» депті. Есіл-Нұра бойындағы Тоғанастың 92 көліне келгенде: «Ішіме сыйсаң ішіп кетер едім, қанжығама сыйсам бөктеріп кетер едім, алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен» депті. Торғай өзені туралы: «Ағар суы бал татыған, ақ шабағы май татыған жер екен» деп тамсаныпты.

Түндікті өзенін көргенде: «Он екі қа­зылық ой түндік, маңырап жатқан қой түндік. Қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен», – деп тастап кетуге қимай, артына үш қараған екен. Сонан «Үшқара» атанған екен таудың аты. Қызылтауға келгенде: «Тау-тасы кеш болғанда қой болып ыңыранып жатады екен. Тоқты қысыр қалмайтын жер екен», – депті. Өлеңті өзенін қызықтап тоқтап ешнәрсе айтпай, өлеңдете берген екен. Аз тұрып: «Өлеңтінің суы – май, Шідертінің шөбі – май», – деп жү­ре беріпті. Шыңғырлауды көргенде: «Ай, Шыңғырлау, жылқы өзі өскен жоқ, Шыңғырлау сен өсірдің» – деп үш айналып, Шыңғырлаудың суына қолын малып отырып: «Шыңғырлау өкпелер, аттың ерін ал, қонайық, ат суарып, аунап -қунап кетейік»,  депті. Ол Маңғыстауға үш рет барыпты. Сонда: «Түбінде мал бақ­қан шаруаға Маңғыстаудан жақсы жер болмас» депті.

Асылы, тұтастай этно-мәдени кеңіс­тігіміздегі жер-судың білімпаз ойшыл-сыншысының теңдессіз асыл оралымдарын киелі, тамаша жерлерге көркемдеп жазып қойса, әрі зәулім биік ескерткіш орнатса ұлттық сана, ұлттық тіл, руханият дүниесі гүлденіп, елдік қасиеттер ерекше сапаға ие болар еді!