Парламент • 15 Қыркүйек, 2017

Экология – басымды мәселенің бірі

610 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаз айларында сайлаушылармен болған кездесулерде автомобильдер мен кәсіпорындардың түтінінен шығатын зиянды қалдықтардан атмосфераның бүлінуі – онкологиялық аурулар мен жүрек-қан тамырлары сырқаттарын көбейтіп бара жатқаны туралы жиі айтылды.

Экология – басымды мәселенің бірі

Елімізде күн сайын 100-ге жуық қатерлі ісікке ұшыраған жандар тіркеледі екен. Мәселен, Алматы қаласында осы науқастың кесірінен көз жұмғандар саны былтырғымен салыстырғанда 13 пайызға ұлғайыпты. Қарағанды мен Өскемен қалаларындағы кәсіпорындардың зиянды қалдықтары да осы науқастың көбеюіне себеп болып отыр. 

Ал кен саласының кәсіпорындарында 1,5 млрд тонна өнеркәсіптік қалдықтар үюлі тұр. Оларды төгетін 476 полигонның 86 сында санитарлық стандарттар мен экологиялық нормалар бұзылған. Барлық өнеркәсіптік зиянды қалдықтардың 80 пайызға жуығы Шығыс Қазақстанға тиесілі екен. Осы облыс әкімдігінің қолдауымен 2011 жылы қоғамдық негізде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі орталық құрылып, ол халықаралық экологиялық менеджменттің негізінде жұмыс істейді. Оның тәжірибесін Маңғыстау мен Ақтөбе облыстары да үйренуде. Алайда қоршаған ортаның экологиялық зияндылығын бағамдайтын олардың нормативтері КСРО кезінен қалған күйінде, яғни бүгінгі күннің талабына сай емес. Сондықтан қоршаған ортаға қазіргі талапқа сай, ғылыми негізделген сараптама жасалуы керек. 

Сонымен бірге, жергілікті атқарушы органдардың экологиялық мәселедегі жауапкершілігін арттыру өзекті мәселенің бірі. Өкінішке қарай, олар жергілікті бюджетті жоспарлағанда экологиялық мәселені басымды проблемалар қатарынан шығарып тастауда. Сондықтан осы бағыттағы мәселелерді түбегейлі зерттеп, экологияны жақсарту шаралары туралы жазбаша жауап беруіңізді өтінемін, деп мен Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдадым. Экологиялық мәселе үстіртін қарайтын дүние емес, ол жүздеген адамдарымыздың өмірден мезгілсіз кетуіне себеп болып, қаншама отбасыларына қайғы әкелуде. Осыны түсінген бірнеше әріптестерім де мені қолдап, Үкімет басшысына жолданған сауалға қол қойды. 
​​​​​​​
Артур ПЛАТОНОВ,
Экология мәселелері және
табиғат пайдалану комитетінің мүшесі