Сұлтанмахмұт ұлт үшін күрескен ақын, өлеңдері жалынды, рухты. Жыл таңдауы-Сұлтанмахмұт шығармашылығына түскені-көптен күтіп жүрген мақсат еді. Жыл сайын облыс орталығында ақынның өмірімен шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп тұрады.
Жерлестерін де, Сұлтанмахмұтты зерттеуші ғалымдарды ақынның өлеңдерінің ұлтқа, қазаққа деген ерекше лебі, рухы тартты. Негізгі бастауы еліміз тәуелсіздік алған елең-алаң шақта, 1992 жылы алғаш рет ақынның туғанына 100 жыл толуына арналып өткен-ді. Одан кейінгі жолды «Торайғыров оқуларын» дәстүрлі өткізу бастамасын Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университет өз қолына алды.
-Сұлтанмахмұттың шығармашылығын оқып танысу кезінде «Бір ел-бір кітап» шарасының қажеттілігін түсіндік. Шығармаларының дені лирика, әлеуметтік мәселелерді қолдаған саяси лирика. Алаш тануға үлес қосты. Әрбір жас, әрбір студент ақын шығармаларын оқып, танысқандары өздері үшін, рухани оянуларына себепкер деп ойлаймын,- дейді Ұлжан Сабырхан.
Кезінде Жүсіпбек Аймауытов Торайғыровтың мұрасын жинап, ақынның ғылыми өмірбаянын жіктеп жазып кетіпті. Аймауытовтың бұл тәлімі бүгін де маңызды.
-Сұлтанмахмұт 27 жас қысқа өмір сүріп, соңына мазмұны рухты мол шығармашылық мұра қалдырды. Ақынның поэзиясында еркіндіктің дабылы естіледі. Өлеңмен және прозамен жазылған романдар, философиялық және әлеуметтік поэмалар, очерктер жазды. Шығармашылығы еркін қоғам, қазақтың еркіндігі туралы арманға толы, елге, жерге деген ұлы сезімнен тұрады,-дейді студент Мәдина Тілеубаева.
Иә, Сұлтанмахмұттың елдік, егемендікті аңсаған құбылысы бөлек шығармашылық мұрасын әдебиетшілердің, зерттеушілердің халқына жеткізгенше асығатындарының басты мақсаты да- Алаш идеясының жаңғырып, жалғасып ұрпағына жеткізу екенін түсіндік.
Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар
Суретті түсірген:
Руфина Торпищева