Фото: Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»
Салтанатты іс-шара елорда төріндегі «Қазақстан» орталық концерт залында өтті. Биылғы ұлттық конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен бас-аяғы 16 жанұя іріктеліп алынды. Бұл отбасылардың ішінде жасы жүзден асқан, өткен ғасырдың сан түрлі соқпақтарынан өтіп, бүгінгі күнге аман-есен жеткен данагөй қарияларымыз да болды.
Осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылған байқаудың жеңімпазы 7-15 қыркүйек аралығында ғаламтор және смс дауыс беру арқылы анықталды.
Нәтижесінде, ұлттық байқаудың лауреаты атағына Қарағанды облысынан келген Куриленко отбасы лайық деп танылды.
Бұл әулеттің ақсақалы – Николай Семенович Куриленко. Ол – Ұлы Отан соғысының ардагері. Теміртау қаласындағы металлургиялық комбинатта слесарь, шебер, бөлім басшысы лауазымдарында табан аудармастан 45 жыл қызмет еткен. Қария «IІ дәрежедегі Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» медалі, «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», сондай-ақ «Георгий Жуков» секілді бірқатар медальдармен марапатталған.
Ал жұбайы Мария Федоровна Куриленко болса, соғыс уақытында тылда еңбек еткен. Олардың отау құрып, бір шаңырақ астында өмір сүргеніне 66 жылдың жүзі болыпты. Куриленко әулеті Теміртауда 2016 жылғы үздік отбасы атағына ие болды. Бүгінде олар бес баласынан 10 немере, 7 шөбере сүйіп отыр. Үлгілі отбасының балалары түрлі салада қызмет етіп жүр.
– Жасым 70-ке келді, – деп шатасып қалды қуанышы қойнына сыймаған қария Николай. – Биыл 90 жастамын. Осындай үлкен конкурсты ұйымдастырған Елбасымызға алғысымды білдіргім келеді. Ол Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін үнемі назарында ұстап, бізге қолдау көрсетіп келеді. Елімізге тыныштық, барлық отбасыға бақыт тілеймін! Алға, Қазақстан! – деді Николай Куриленко.
«Мерейлі отбасы» атағына ие болған Куриленко әулетін Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова құттықтап, шағын автобустың кілтін табыс етті. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың конкурсқа қатысқан әрбір отбасы туралы толық хабардар екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, жиналған қауымның алдында Мемлекет басшысының құттықтау сөзін оқып берді.
Хатта: «Қымбатты, қазақстандықтар! Құрметті конкурсқа қатысушылар! Баршаңызды «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының өз мәресіне жетуімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасы қай заманда дені сау қоғамның және мықты мемлекеттің негізі болып келеді. Тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырда қазақстандық тату отбасында патриотизм, еңбексүйгіштік, жаңа қоғам құру құндылықтарымен тәрбиеленген тұтас буын өсіп келеді. Олар – білімге құштар, бәсекеге қабілетті, жаңа әлем мен инновацияларға ашық Үшінші жаңғыруды жүзеге асырушылар. Қазақстанның болашағы өзара сыйластық пен татулыққа ұйыған. Жақындарына жанашырлық жасаумен бірге өзгелерге көмегін аямайтын, әркім өзінің сүйікті ісімен айналысатын, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан бірлік пен келісім құндылықтары сақталған отбасылары деп сеніммен айта аламын. Еліміздің тірегі болған осынау құндылықтар әрдайым біздің байлығымыз болып қала бермек. Баршаңызға зор денсаулық, аман-саулық, бейбітшілік пен өсіп-өркендеу тілеймін! Шаңырақтарыңызға шаттық, жайлылық пен молшылық салтанат құрсын», делінген.
«Мерейлі отбасы» конкурсы алғаш рет 2014 жылы ұйымдастырылған болатын. Байқаудың ең алғашқы жеңімпазы – Ахметовтер отбасы.
– Мұндай үлкен жарыстың алғашқы жеңімпазы болғанымды мақтан тұтамын. Әлі есімде, Елбасының қолынан автокөлік кілтін алып тұрғанымда, маған күлімсіреп қарап тұрып: «Мына көлікті сатпа», деді. Әрине мұндай байқаудан алған тұлпарымды бүгінге дейін өз игілігіме пайдаланып келемін. Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. «Мерейлі отбасы» конкурсы отбасы беделін нығайтуға, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім қалыптастыруға үлкен септігін тигізеді, – деді Кентай Ахметов.
Айта кетейік, тұсауы кесілген жылы байқауға 1298 отбасы қатысса, биыл еліміздің түкпір-түкпірінен 2879 жанұя қатысуға ниет білдірген екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,6%-ға артық (2016 жылы – 2579 отбасы). Қатысушылардың 36,2%-ы (1041 отбасы) көп балалы отбасылар (2016 жылы – 1065 отбасы). Байқауға 20 этнос пен 27 интернационалдық отбасы қатысқан.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»