Келін түсіріп, қыз ұзатып, немересін білім жолына үкілеп қосқалы отырған ардақты әже өзінің ата-әже бауырында өскенін, әкесімен қарындастай сырласып, сыйласып өскенін, өзінен кейінгі төрт сіңлісіне қамқор әпке, тіпті екінші шешедей болғанын айтып, тұрмысқа шығып сәби сүйгенінде әкесінен «баламды қалай тәрбиелесем екен?» деп сұрағанын жеткізді. Әкесі сонда «Құдай қосқан қосағың екеуің күнделікті өмірлеріңмен тәрбиелеңдер» депті. «Міне, әкемнің сол сөзі менің өмірлік ұстанымым болды. Төкең екеуміз екі ұл, бір қыз өсірдік. Үшеуі де ержетті. Өмірден өз орындарын тапты. Ел игілігіне қызмет етіп, абырой-құрметке жетіп отыр. Енді өз бауырларынан өрбіген ұл-қыздарына күнделікті өмірлерімен жақсы тәрбие беретіндеріне сенімдімін», деді. Немересі Ерсұлтанды шақырып, батасын беріп, маңдайынан сүйді. «Қызық осынікі ғой, ортамызда болсын», деп қасында бос тұрған орындыққа отырғызды. «Әумин» деп бет сипаған қонақтар сөзге ерік берді. Бала күндерінен естерінде қалған әке-шеше тәлімі мен тәрбиесін айтып, «ендігі заман жастардікі, осылар жақсы болса, біз жақсымыз» деп, ақ тілектерін жаудырды. Бір кейуана «Ерсұлтанның жеті атасы да қасиетті адамдар. Аталарыңның аруағы қолдасын», деп батаға қол жая бергенде, отырғандардың бірі «руға бөлінгенді қояйықшы, бәріміз қазақпыз» деп, қатқылдау дауыспен бөліп жіберді. Сасыңқырап қалған кейуана жайған қолын созған күйі үндемей қалды. Жаңа ғана жадырап, жайсаң күйге енген көпшілік тып-тыныш бола қалды. Төр жақта отырған етжеңділеу Жәмила апа сәл қозғалып, тамағын қырнап алып, байсалды дауыспен «замандас, руды айтсын. Ру – баланың ата-тегі. Мектепте де жеті атаңды біл деп үйретеді екен. Қырық рудан құралып, қазақ болдық. Тәуба. Ру-руға бөліп, бір-біріне айдап салатын заман өткен. Бұра тартқан рушылдықтан сақтасын. Ерсұлтан баламыз ата-тегін біліп, соларға лайық болып өссін» деді. Сол-ақ екен томсырайып қалған жүздер жадырап, қуанысып қалды. Батасын аяқтай алмай қалған апа да «мен батамды берейінші», деп ду күлдіріп, тілегін төкті.
Жасаңдау әйел «Ерсұлтанның әжесімен қазақша сөйлесетініне қуанып отырмын. Біз отбасында қазақша сөйлессек, ұрпағымыз ана тілінен ажырамай өседі. Жеті жұрттың тілін білсең де, өз тіліңді аяқ асты етуге болмайды. Немерелердің әке-шешесі – біздің балалар ғой. Осыны құлақтарына құйып отырайық. Күнделікті өміріңмен тәрбиелеу – күнделікті өз ісіңмен, жүріс-тұрысыңмен, жақсы сөзіңмен үлгі көрсету», деп кіріп-шығып жүрген Ерсұлтанға риза көңілмен бір қарап қойды.
Елбасы «рухани жаңғыруға» арналған мақаласында «Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемдеу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», дейді. Сондықтан, Білім күні аясында отбасылық дәстүрге енген осындай жиынды мәдени орындарда ата-ана, мұғалім және ресми мекемелер өкілдері болып өткізу қолға алынса деген ой келді. Яғни, Білім күні мерекесі алдында жетімдерге, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға жасалып жататын қамқорлық шеруі балаларды бөліп-жармай-ақ, «тілашар» мерекесіне айналса, мектеп табалдырығын бірінші рет аттайтын бүлдіршіндер үшін ерекше есте қаларлық салтанат болар еді.
«Отан – отбасынан басталады» дейді. Әке-шешенің өмір салтынан санаға сіңіп, бойға дарыған отаншылдық сезім жас өренді мақсаткерлікке баулиды, жақсылыққа жетелейді. «Отбасы – шағын мемлекет» деген сөз бар. Отбасы – ұрпақ сабақтастығының алтын бесігі. Ұл ержетіп, қыз бойжеткенде көтерілетін жас шаңырақтар – қазақ халқының өсіп-өркендеуінің мөлдір қайнары. Сол шаңырақтарда іңгәлаған сәбилер өмір деген құдыреттің, ұрпақтың жалғасы. Қоғам құрылымының өзегі іспетті отбасын қолдау, қорғау, дамыту – ұрпақ үшін атқарылатын үлкен міндет. Қазіргі уақытта отбасы институтын дамыту мәселесі мемлекеттік деңгейге көтерілгені аса құптарлық, қуанарлық бағдар. Бұл орайда отбасынан, білім мен тәрбие бастауынан нәр алған қаракөздеріміздің азаматтық қалыптасу өткелі іспетті мектептің атқарар міндеті, көтерер жүгі аса жауапты. Яғни, отбасы мен мектеп ынтымақтастығының берік орныға алмауының қоғамды алаңдатып отырғаны орынды. Басқасын айтпағанда, нәзік сезімталдықты, биік адамгершілікті, жоғары білімділікті қажет ететін жасөспірім қыздар мен ұлдар тәрбиесінің жауаптылығын көтеру – отбасы мен мұғалімдер қауымы бірлесіп атқаратын қиын да күрделі іс. Мұндай ынтымақтастық бүгінде жиі естілетін ата-ананың мектепке, мектептің ата-анаға көңілі толмайтын әртүрлі әңгіменің де жолын кесе алады.