Аймақта салынып жатқан зәулім үйлер құдды бір қала ішінен салынған қала іспетті. Қызылорда облысы аграрлық аймақтан индустриялық аймаққа айналуда. Өз ісін ашып, кәсіпкерлікпен айналысамын деушілердің қатары да көбейіп келеді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2014 жылы 264 пәтер берілсе, 2015 жылы 2652 отбасы баспаналы болған. Сондай-ақ, 2015 жылы көп қабатты 53 үй тапсырылса, өткен жылы 80 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Соңғы 3 жылда 11 шағын аудан бой көтерген. 2016 жылы Қызылордада бір мезетте 4115 пәтерден тұратын көп қабатты үйлер салынды. Жақында ғана тағы да 264 отбасы баспаналы болды. Тәуелсіздік жылдары облыс аумағында 300-ден аса білім беру және денсаулық сақтау нысандары салынды. Қазіргі заманға лайықталған соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған медициналық, диагностикалық және қайта сауықтыру орталықтары бой көтерді. Үш ауысыммен оқытатын мектептердің мәселесі шешілді.
Білім саласында да ауыз толтырып айтарлық жаңалықтар жеткілікті. Биылғы жылы мемлекеттік білім беру гранты конкурсының нәтижесінде облыс бойынша ҰБТ-ға қатысқан түлектердің 50 пайызға жуығы қазақстандық жоғары оқу орындарына түсті. Бұдан бөлек, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен Ресейдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары арасындағы меморандум негізінде 62 түлек Мәскеу мен Санкт-Петербург университеттеріне қабылданды. Осы орайда, бүгінгі күні Ресейде 500-ге жуық сырбойылық түлектер білім алып жатқанын айта кеткн жөн. Соңғы 4 жыл қатарынан әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан мектеп бітірушілер аймақ басшысының грантына ие болуда. Бұған дейін аталған грант негізінде 500 түлек оқыса, биыл 162 бала осы грантқа ие болды.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда 3600-ден аса Сыр жастары «Серпін» жобасы аясында білім алуда.
Елбасының бастамасы бойынша биылдан бастап жүзеге асырылып жатқан «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы аясында 1565 бітірушіге республикалық және жергілікті бюджет есебінен колледждерде білім алуға мүмкіндік беріліп отыр. Биылғы мектеп бітірушілер колледждер мен университеттерде білім гранты, ақылы негізде толықтай дерлік оқумен қамтылды.
Алдағы оқу жылы білім беруді ұйымдастыруда өткен жылғы ендірілген жаңалықтар жалғастырылатын болады. Атап айтқанда, білім берудің мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жаңартылған білім беру мазмұнына өткен жылы бірінші сыныптар көшірілсе, биылғы жылы ол 2,5,7-сыныптарда жалғастырылатын болады. Осыған байланысты, аталған сыныптарда дәріс беретін 4369 педагог арнайы курстардан өтсе, 46345 оқушы 988 мың дана оқулықпен тегін қамтамасыз етіліп отыр. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1,3 млрд теңге қаралып, бүгінгі күні оқулықтар мектептерге жеткізіліп, оқушыларға таратылды.
Сонымен бірге, алдағы оқу жылында жаратылыстану бағытындағы пәндерді жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқыту бағдарламасына сәйкес, оқушылар мен пән мұғалімдерінің дайындық деңгейіне қарай республика бойынша кейбір мектептер оқу пәндерінің терминологиясын игеруге кіріседі.
Облыста жоғары сыныптарда математика, физика, информатика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде игеруді бірінші кезекте алдымен мектеп-лицейлердегі мамандандырылған лицей сыныптарында жаратылыстану бағытындағы пәндерді тереңдете оқытып, оларды ағылшын тілінде игеруді енгізу қолға алынған болатын.
Аймақта білім ошақтарын салуға да баса назар аударылып отыр. Өткен оқу жылы 13 мектептің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Биылғы жаңа оқу жылының қарсаңында Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарындағы апатты жағдайдағы 11 мектептің құрылысы жергілікті бюджет есебінен жүргізіліп, есігін айқара ашты. Сонымен қатар, Жаңақорған ауданында 300 орындық 2 мектеп құрылысы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қайта салынып, пайдалануға берілді.
Мұнан бөлек бүгінгі күні республикалық бюджет есебінен 300 орындық 5 мектептің құрылысы жүргізіліп, келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұған қоса 2018 жылы тағы да 5 мектептің құрылысын бастау жоспарланып отыр.
– Білім беруді қолдау мен Сыр ұстаздары еңбегінің арқасында қол жеткізген табыстар аз емес. Мемлекет басшысының ұрпақ болашағы үшін білім саласының алдына қойған 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту, үш ауысымды білім беруді болдырмау, апатты мектептер орнына жаңа мектептер құрылысын салу жөніндегі негізгі үш тапсырмасы Қызылорда облысында толықтай орындалды. Мұны сенімді түрде айта аламыз, – дейді Қызылорда облыстық білім беру басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев.
Басқарма басшысының сөзінен облыста білім беру саласын қаржыландыру жыл сайын өсіп келе жатқанын ұғындық. Облыстық білім басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, сала бюджеті 2013 жылмен салыстырғанда 2 есеге өсіп, 89,3 млрд теңгені құрады.
Бүгінде білім беру қызметі жалпы саны 293 болатын 9 бастауыш, 24 негізгі орта, 260 жалпы білім беретін орта мектептерде жүргізілетін болады Жалпы білім беретін орта мектептегі оқушылар контингенті жаңа оқу жылында 7 мыңға дейін көбейіп, 148 643 бала білім алады деп күтілуде. Оның ішінде, 1-сыныпқа келетін балалар саны 700-ге артып, 18911-ге жетіп отыр.
Оқушылар контингенті осылайша жыл сайын артқанымен, соңғы жылдары облыстағы мектеп құрылысының қарқынды жүргізілуі мектептердегі оқушы орнының тапшылығын азайтып, оқу процесін екі ауысымнан асырмай жүргізуге толық мүмкіндік беріп келеді.
Біртұтас үздіксіз білім беру жүйесінің негізгі іргетасы ол – мектепке дейінгі білім беру мен тәрбие. Оның мәнін көтеру – бүгінгі күнгі жалпы әлемдік тенденцияның біріне айналғаны ақиқат. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2020 жылға дейін бүкіл елімізде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту мақсатын қойып, «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты өз Жолдауында мектепке дейінгі білім беруді дамытуға мемлекет жекеменшік әріптестігін қолдану бағытындағы Қызылорда облысының жетістіктерін атап өтті.
Бүгінгі күні облыстағы 791 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, оның ішінде 542 балабақша мен 249 шағын орталықтарда 52899 бала тәрбиеленуде. Балабақшалардың 70,8 пайызы жекеменшік балабақшалардың үлесінде. 2017 жылдың 8 айында 56 жеке балабақша ашылды. Қармақшы ауданында 90 орындық 2 балабақшаның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, 7 балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Мұнан бөлек, мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында Қызылорда қаласының жаңа шағын аудандарында 320 орындық және 280 орындық 2 балабақшаның құрылысы, Жалағаш ауданының Таң ауылында 120 орындық 1 балабақшаның құрылысы жүргізілуде.
«Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық» жобасы аясында Қызылорда қаласында 22 балабақшада арнайы және инклюзивті топтар ұйымдастырылып, арнайы мамандар жұмыс жасауда.
Соңғы үш жылда облыс түлектері өз білім деңгейлерін дәлелдеп, республикада білім көрсеткіші бойынша алғашқы бестіктің қатарынан көрініп келеді. Өткен оқу жылы мектеп бітірген 6564 түлектің 95 пайызы коледждер мен университеттерде мемлекеттік білім гранты және ақылы негізде білімдерін жалғастыруда. Бұл – ұстаздар еңбегінің нәтижесі.
Биылғы жылы мектеп бітірген 6196 түлектің 4123-і жаңа форматтағы ҰБТ сынағынан өтіп, орташа 82,4 балмен республика бойынша өз білім деңгейлерінің жоғары екендігін тағы да дәлелдеді.
Осы ретте тағы бір айта кетерлігі, 2015-2016 оқу жылы Назарбаев зияткерлік мектептері мен «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесінде білім беретін 46 инновациялық мектеп-лицейлер мен мектеп-гимназиялар қалыптастырылды. 2016-2017 оқу жылында аталған мектептердегі 320 лицей сыныптарындағы 7358 оқушыға ағылшын тілі пәні аптасына арнайы бағдарлама бойынша 5 сағат көлемінде оқытылып келген болса, жаңа оқу жылында олар ағылшын тілінде пәндердің терминологиясын игеруге көшетін болады. Осы мақсатта 210 пән мұғалімдері арнайы тіл меңгеру курстарынан өтіп, әрбір сыныптағы оқу пәндерінің ағылшынша терминологиясын игеруге қажетті оқу құралдарын даярлау қолға алынды. Оқу жоспары бойынша лицей, гимназия сыныптарында аптасына 4 сағат көлемінде жаратылыстану, гуманитарлық бағыттағы пәндерді тереңдетіп оқыту және ғылым негіздері бойынша 1500 сағат көлемінде ғалымдардың дәрістерін тыңдау жүзеге асырылды.
Әрине, жауапты білім беру үдерісін жүргізу үшін ана тілін және ағылшын тілін қатар меңгерген педагогтың қажеттілігі белгілі. Бүгінгі күні маман боп қалыптасқан пән мұғалімдеріне арнайы курстар арқылы ағылшын тілін меңгерту қолған алынды. Дегенмен, ағылшын тілін меңгеруде колледждер мен университеттерде кәсіби педагогикалық білімді 2 тілде, ана тілін және ағылшын тілін қатар меңгерген білікті мамандарды даярлау мәселесі өзекті болып отыр. Сол себепті Қызылорда облысы 2015 жылдан бастап республикалық әдістемелік орталық болып табылатын М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінде «Білім-инновация» халықаралық қорының қолдауымен ағылшын тілін меңгерген негізгі мектептің математика, физика, информатика пәндерінің мұғалімдерін даярлау қолға алынды. Қажетті оқу-әдістемелік құралдары мен 2 тілді меңгерген мамандармен қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні колледждің 3 курсында 225 студент осы бағдарлама бойынша білім алуда. 2018-2019 оқу жылы «Ағылшын тілін меңгерген пән мұғалімі» біліктілігін алған алғашқы 75 маман инновациялық мектептерде жұмыс жасайтын болады.
Облыста құрамында мектеп-лицей, мектеп-лицей-интернат, мамандандырылғын мектептер мен білімгерлер академиясын құру арқылы білімнің сапасын басқару жүйесі қалыптастырылуда. Бұл бағытта әрбір аудан орталықтарында мектеп-лицей-интернат құру ұйымдастырылуда. Бұл білім беру ұйымдарында Сыр елінің дарындылары мен ғалымдары бірлесе жұмыс жасамақ.
Елбасы елімізді жаңғыртудың сара жолын жариялады. Ол технологиялық ілгерілеуге, рухани жаңғыруға және экономикалық өркендеуге негізделген. Рухани жаңғыру жолында ұлт тәрбиесі басты басымдық болып табылады. Міне, осы ұлт тәрбиесі мәселесінде ежелден сан-алуан мәдениет пен өркениеттің тоғысы болған Сыр өлкесінің табиғаты мен тарихы, шаруашылығы мен саясаты, мәдениеті мен адамдардың тіршілік әрекетін қосып оқушыларға ауқымды білім мен тәрбие беретін өлкетану пәнінің орны ерекше.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республика бойынша негізгі орта білім беру деңгейінің 5-7 сыныптарында 2018-2019 оқу жылынан бастап әр аймақтың ерекшеліктеріне негізделген «Өлкетану» курсы оқытылатын болады. «Өлкетану» курсының мақсаты – туған өлкенің қалыптасуы мен дамуын кешенді сипаттайтын географиялық, тарихи, мәдени, табиғи және басқа да факторлар туралы білім қалыптастыру, туған елге деген сүйіспеншілік сезімге, қоршаған табиғи ортаны аялауға тәрбиелеу болып табылады.
Бүгінгі күні оқу жүктемесі 20 сағат көлемінде болатын аталған «Өлкетану» курсының үлгілік оқу бағдарламасы бекітілді. Облыс әкімінің қолдауымен «Өлкетану» курсының авторлар тобы жасақталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Оқу курсының мазмұны қыркүйек айында даярланып, «Білім» баспасына ұсынылатын болады.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақ» деген сөзі басты ұстаным. Сөз жоқ, егер мұғалім өз бойындағы жақсы қасиеттер мен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктіре алса, ол – кемел ұстаз. Ал Сыр мұғалімдері шәкіртінің бойындағы шамшырақты жағуға дайын.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы