13 театр қатысқан фестивальға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Асхат Маемиров (төраға), Гүлсина Мерғалиева, Дулыға Ақмолда, өнертану кандидаты Анар Еркебай, өнертану магистрі Мирас Әбіл қазылық етсе, Ш.Руставели атындағы Тбилиси Мемлекеттік театр және кино университетінің ректоры, режиссер Гиорги Маргвелашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова және журналист Әсия Бағдәулетқызы сарапшылар құрамында болды.
Бейбітшілік және келісім сарайында шымылдығы ашылған фестиваль апта бойы Астананың бірнеше театрында жалғасты. Атап айтсақ, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Астана Жастар театрының сахналарында спектакльдер кезек-кезек қойылса, «Қазақстан» орталық концерт залында күн сайын шеберлік сыныбы ұйымдастырылды.
Фестиваль өмірден ерте кеткен жас та жаңашыл режиссер Қайрат Сүгірбековті еске алудан басталды. Сөз арнаушылар кезек-кезек Қайраттың жарқылдаған сәбидей пәк мінезін, заманынан ерте туып, ерте кеткен талантты режиссердің шығармашылығын, ізденімпаздығын, авангардтық бағыттағы қойылымдарын, символизмге толы спектакльдерін, көркемдік-эстетикалық бай әлемін, мәңгілік мәселелерді көтеруді әркез мұрат тұтқанын сағынышпен еске алды.
Қ.Сүгірбеков атындағы жас режиссерлер фестивалінің конкурстық бағдарламасын Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық академиялық қазақ драма театры бастады. О.Богаевтің «Ылдиға жол» пәлсапалық әфсанасын сахналаған жас режиссер Болат Әбдірахманов адам өмірінің соншалықты құнсыз екенін, пенделерінен жақсылық пен ізгілікті Алла тағала қанша күткенімен, жер бетінде неліктен ашкөздік, дүниеқоңыздық, аярлық, арамдық, қатыгездік, жауыздық үстем екендігін көрсетеді. Режиссердің айтар ойы терең пәлсапаға құрылғанымен, сол ойды жеткізу тәсілі, актерлердің шеберлігі өз деңгейінде көрінбеді. Бірін-бірі қайталайтын сахналар өте көп. Спектакльдің сценографиялық шешімі ерекше. Бірнеше жолақтан тұратын, көкжиекке жетіп жұтылатын тас жол – әр адамның өмір жолындай.
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Ж.Ерғалиевтің «Қас-қағым» метафизикалық трагедиясын ұсынды. Елік Нұрсұлтанның режиссерлік шешімдері тосын, мизансценалары ешкімге ұқсамайды. Азамат Сатыбалды (Сәбит) мен Зарина Кәрменованы (Жазира) сахна ортасында тұрған дәу әйнек кубтың үстіне шығару арқылы режиссер махаббатты биіктетеді. Биік үйдің шатырына шығып алып сыр ақтаратын жастар аз ба, яғни өмірдің өз көрінісі. Әрбір сахна, әрбір мизансцена табиғи туындап жатады. Режиссер жақсы ізденген. Сценографиядағы төртбұрыштар (рамалар) бір қалыптан шыға алмайтын бүгінгі сіз бен біздің «қабығымыз». Әр есікке (рамаға) ілінген шамдарды кейіпкерлер біресе жандырып, біресе сөндіріп, сол арқылы режиссер философиялық терең ойды астарлайды. Актерлік ансамбль де шымыр, бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлерді шынайы сомдады. Бұл орайда Азамат Сатыбалдының психиатр Сәбиті, оның пациенті – Зарина Кәрменованың үнемі о дүниелік болған сүйіктісінің елесін көретін Жазирасы, Айдос Бектеміровтің бар адамның тағдыры өз қолында деп ойлайтын бастығы, Дәрия Жүсіптің – дүние мен мансап жолында жалғыз қызын құрбандыққа шалған күйеуіне қарсы келе алмай, іштен тынған Сәулесі ерекше атап өтуге тұрарлық образдар. Ал режиссураға қатысты айтар бір ой – алақанды үш қайыра сарт еткізіп, үш қайтара стақан көтеріп арақ ішу сахнасы бұрын бірнеше спектакльде қолданылған. Жалпы, бұл қойылымнан мына қоғам сау адамды жынды қылады деген ойды оқыдық.
Фестивальда қазылар алқасы да, сарапшылар да жоғары баға берген қойылымның бірі – Ж.Расиннің «Федра» трагедиясы. Дина Жұмабаеваның қойылымында режиссура, актерлік шеберлік, сценография, би, пластика, музыка... бәрі де шебер үйлесім тауып, кәсіби биік деңгейде көрінді. Актриса Айнұр Бермұхамбетова сомдаған Федра – нағыз толыққанды образ. Актриса Федра мен сүт анасын – бір сәтте екі бейнені кескіндейді. Режиссер екінші кейіпкердің сөздерін Федраның аузына салады. Адамның өз-өзімен арпалысын, екіге жарылған жармақ ойды, сана мен жүрек айтысын осылай шебер жеткізеді. Сол сияқты, әрі Ипполит, әрі Тесей болып екі бейнеде көрінген Олжас Жақыпбек туралы да осыны айтуға болады. Тек кей сәттерде Олжастың дауысы дұрыс естілмей, сөздері түсініксіз болып жатты.
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры сахналаған А.Гернидің «Махаббат хаттары» драмасын бұған дейін бірнеше рет көрген едік. Режиссер Жұлдызбек Жұманбай тың шешімдер арқылы эпистолярлық романнан сәтті қойылым тудырған. Ұзын-сонар хаттардан әрекет тудыру, Мелиса мен Эндидің сахнаның екі жағында тұрып, махаббат сезімін, жүрек лүпілін сөзсіз жеткізуі, бір-бірін сүйе тұра «сүйемін» деп мойындауға көкірек шіркіннің жібермеуі, ортадағы ақ қағазға кезек-кезек хат жазуы... Оларды айыратын да – хат, табыстыратын да – хат. «Бәріміз де жазуын ешкім ұқпайтын бір жапырақ қағазбыз...» деген ойға жетелейді. Жалпы, эпистолярлық жанрды сахнаға шығаруға кез келген режиссердің батылы жете бермейді. Киім ауыстырмай, бір көйлекпен тұтас бір ғұмырды бір жарым сағатқа сыйдырған Жұлдызбектің болашағынан зор үміт күтуге болады. Актерлердің өз кейіпкерлерін 6 жастан 60 жасқа дейін өсіретіні – елеулі жұмыс.
С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театры Р.Отарбаевтың «Нашақор туралы новелласын» «Қасірет» деген атпен сахналапты. Режиссер Фархат Молдағали сахнадағы шарттылыққа, минимализм принципіне жүгінген. Қаракөлеңке сахнаның екі жағында тізілген орындықтар және ортада жоғарыдан төмен салбыраған арқан спектакль барысында сәтті қолданылған. Кейіпкерлер көбінесе орындықтарда тізіліп отырады да, өз сахналарында ортаға шығады. Олардың сұп-сұр киімдері сүреңсіз өмірлерінен хабар бергендей. Режиссер Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңімен спектакльдің мазмұнын ашуға тырысқан, Абай сөзі қай заманмен де үйлесім табатынын көрсеткен. Жалқытай рөліндегі Айбол Қасым, оның шешесін бейнелеген Аида Сыпатаева ойындарынан шынайылық байқалып тұрды. Дегенмен, әртістер физикалық тұрғыда тым нәзік, қыздардың бойлары тым қысқа, театрда «герой-героиня» мәселесі бар-ау деген ойға келдік.
Ақмола облыстық орыс драма театры Қазақ Ұлттық өнер университетінің 5-курс студенті Алмас Ахметбеков қойған Э.Ионесконың «Орындықтар» трагикомедиясын көрсетті. Қойылуы да, түсіну де, қабылдануы да қиын, абсурд театрының символына айналған пьесаны алуы – қанаты қатпаған жас режиссердің өзіне қояр талабы жоғары екенін көрсетсе керек. Ол жалғыздық тақырыбын көркем жеткізген. Қаптаған көп орындықтар – төменде орындықтар, жоғарыда орындықтар, шу-шу еткен жұрттың дауысы ғана келеді құлаққа. Сол көп ішінде – бәріміз жалғызбыз. Бәріміздің көкейімізде орындалмаған бір арман, бәріміздің психикамыз бұзылған, бәріміз дерттіміз, қоғам дертті, өздерін мықты данышпан санайтындар, шын мәнінде, ешкім де емес, жоғарыдағы, төмендегі бос орындықтар – ол мына біз – ханым, мырза, шенді, шекпенді, шешен.., император... – шын мәнінде бос орын, қуыс кеуде. Жалпы, өмірдің мәні неде? Режиссер осындай философиялық ой толғайды. Қойылымда бірнеше линияны қатар өрбітуге талпынғанымен, режиссер сол ойларынан айырылып қалып отырады. Сол себепті актерлердің мақсаты айқын емес. Шал рөліндегі Андрей Красноштанов, Кемпір бейнесіндегі Елена Тавгень өз рөлдерін мүлтіксіз орындауға барынша тырысқанымен, кейіпкерлерін образдық деңгейде көрсете алмады.
Гүлназ Қамысбаеваның «Мәңгүрт» спектаклін былтыр Ақтөбеде өткен фестивальда көрген едік. Ол жолы қойылымның тынысы, жүрек соғысы, «қызуы» кешегіден әлдеқайда жоғары болған. Ол спектакльде әдемі финал, жақсы нүкте бар еді, мына спектакльде финал жоқ, нүкте қойылмай қалды. Қойылым аяқталып, шымылдық жабылғанда бірінші бөлімнің соңы сияқты, жалғасы бар сияқты әсер етті. Режиссер кей сахналарды қысқартыпты, сондықтан кей көріністер түсініксіз болып қалған. Найман-Ананы басқа актрисаға жүктегендері құптарлық. Режиссура бар. Ұлттық аспаптарды сахнаның екі жақ түкпірінде, биікте «тірідей» ойнап отырған музыканттар да қазақ театры үшін жаңалық. Бастарына қап киіп алған мәңгүрттер – көзі жоқ, құлағы жоқ, аузы жоқ... мәңгүрт жалғыз емес, біздің қоғамда аттап бассаң алдыңнан мәңгүрт шығады деген идеяны режиссер жақсы әдіптеген...
Бұлардан басқа, фестивальға Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры, Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театры, Астана Жастар театры, Республикалық академиялық неміс драма театры, Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры және Алматы қаласы Мемлекеттік қуыршақ театры қатысты. Бұл фестиваль авангардтық бағытта өсіп келе жатқан жастардың жаңа есімдерін танытты. Қазақ театрына жаңа буын, жас толқын режиссерлердің легі келіп қосылды. Заманауи қазақ театры қандай болу керек деген сұраққа жауап алдық. Жастардың экспериментке құмартуы заңдылық. Эксперименттері ақталып жатса, неге қуанбасқа? Өсе келе, өз қолтаңбалары қалыптасады, өз бағыттарын табады. Түбі дәстүрге, тамырына қайта оралуы да ғажап емес.
Сонымен, қазылар алқасының шешімімен Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық академиялық драма театры, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Алматы қалалық мемлекеттік қуыршақ театры, Ақмола облыстық орыс драма театры, Республикалық академиялық неміс драма театры – фестиваль дипломанттары атанды.
«Р.Есдәулетов атындағы арнайы жүлдемен» С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрының режиссері Фархад Молдағалиев Р.Отарбаевтың «Қасірет» спектаклі үшін;
Қайрат Сүгірбековтің отбасы атынан тағайындалған арнайы жүлдемен Астана Жастар театрының режиссері Дәурен Серғазин М.Левидің «Жер мен Көктің арасы» спектаклі үшін марапатталды.
«III орын» жүлдесін: Л.Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» спектаклі үшін Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театрының режиссері Айдын Салбанов және Н.Гогольдің «Шапан» спектаклі үшін Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театрының режиссері М.Хабибуллин өзара бөлісті.
«II орын» жүлдесімен Айгүл Иманбаеваның «А.И.» жеке театрының режиссері Дина Жұмабаева Ж.Расиннің «Федра» спектаклі үшін;
«I орын» жүлдесімен М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының режиссері Гүлназ Қамысбаева Ш.Айтматовтың «Мәңгүрт» спектаклі үшін марапатталды.
«Бас жүлде» М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының режиссері Елік Нұрсұлтанға Ж.Ерғалиевтің «Қас-қағым» спектаклі үшін берілді.
Сәуле ӘБЕДИНОВА,
театртанушы,
өнертану магистрі