Әдебиет • 19 Қыркүйек, 2017

Әуезовтің домбырасы. Бірден бірге ауысып, бүгінгі күнге қалайша жеткен еді?

843 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Мұхаң елдегі досына астанадағы белгілі шеберге, тегі эмануил романенко болса керек, арнайы тапсырыспен домбыра жасатып, балта­қай ақсақалдың сол тұста алма­тыда оқып жатқан інісі бақыштан беріп жібе­реді. Әлгі домбыраны үйренуге мұн­да­ғылардың бәрі құштар болыпты. Манатай мектеп оркестріне осы домбырамен қаты­сыпты. мұхаң алпыс жылдығына орай елге келгенде өзіне күй шертіп берген бұған риза болыпты деседі.

Әуезовтің домбырасы. Бірден бірге ауысып, бүгінгі күнге қалайша жеткен еді?

Ғұлама Әуезовтің тілімен айт­қанда, «ән өнерінің ғана емес, адамгершіліктің академигі» атанған Жүсекең, әйгілі әнші Жүсіпбек Елебеков шәкірттен кенде болмаған кісі. Небәрі қырық үш жасында қапияда өмірден озып, содан беріде ширек ғасыр өткен жан-жақты талант иесі Жәнібек Кәрменов соның бірі ғана емес, бірегейі болатын. Сонау 1966 жылы Жүсекең оны Абай елінің аманатымен қасиетті Қарауылдан қасына ілестіріп Алматыға ала кеткенде, Жәнібек бар болғаны он жеті жаста еді.

Осы жасында ол жақсы ағаның қам­қор­лығымен «Қазақконцерт» сынды рес­­пуб­ликалық үлкен өнер ордасына қыз­метке тұрған. Содан тура бір жыл бойы ұлағатты ұстазымен мұқым қазақ сахарасын өнер сапарымен аралап шық­ты. Арғыда Мәди, бергіде Абайдың ән­шісі Әлмағамбет, ал одан кейінгі жерде Әміре сынды ән дүлдүлдерінен сабақ ал­ған ұстазының әншілігінде қапы жоқ екен­дігін елгезек Жәнібек сол шақта жас болса да еш­кім­ге айтқызбай-ақ түсінген.

...Қарқаралы сапарынан соң ұстазы мен шәкірті ол жақтан Абыралы-Қайнар арқылы Шыңғыстауға, Абай еліне келген. Ғұлама Әуезовтің «Абай жолы» сынды кесек те кемел шығармасы «үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды» деп басталмаушы ма еді?! Сол сияқты Шыңғыстаудың төбесі көрінгенше Жәнібектен де маза кеткен. Үлкен басымен Қарқаралыға жеткенше дегбірі қалмаған ұстазы мұның көңіл күйін айтқызбай-ақ танып келеді. «Таң атпаймын десе де, күн қоймайды» демекші, ақыры Қарауылға да келіп жетті-ау бұлар.

Ертесінде бұлар Мұхаңның, Әуезовтің осы елдегі бірден-бір досы Балтақай ақсақалдың үйінде қонақ болған. Мұхаң соғыстан кейін іле-шала өткен Абайдың жүз жылдық тойынан соң осы досының жеті жасар Манатай деген ұлын Алматыға ілестіре өзімен алып кеткен-ді. Бұл күнде сол Мұхтар досы жоқ болғанмен, оның елдегі көзі іспеттес адамға Жүсекеңнің де құрмет-ілтипаты ерекше болып шықты. Өйткені екеуіне ортақ әңгіме жетіп артылатын. Мұхаң сынды ортақ тұлға туралы сөз арасында әншінің бұл жаққа келген сайын Балтекеңнің үйіне соғып, әнмен сусындатпай кетпейтіні де айтылмай қалмады. Үй иесі сол бұрынғы дағдысымен қонақкәде ретінде ән айтып беруін сұрағанда Жүсекең:

 – Мен осы жаққа келген сайын сен жастық шағыңды еске түсіргің келіп, маған «Жамбас сипарды», «Ғалияны», «Жиырма бесті» айтшы деп маза бермеуші едің. Мына Жәнібектің бойында асқан әншілік өнер, дарын бар. Жөн бізден болғанда, жол осы жастардікі. Ендеше Жәнібекті тыңдайық. Әлгі Мұхаңнан алған шешен домбыраң бар еді ғой, соны әкел, – деді.

Жәнібек болса, бастапқыда аздап қобалжығанмен, бойын тез жинап алып, әлгінде тілге тиек болған «Жамбас сипарды» шырқата салды. Одан кейін әдетінше Абай әндерін бірінен кейін бірін орындады. Бірінің жасы алпысты орталап, екіншісінің жасы жетпіске келген екі ақсақал бейне жастық шақтарына қайтып оралғандай жақсы әсерден бірден айыға алмай отырып қалды. Сонсоң барып Балтекең «шәкіртсіз ұстаз – тұл» дей келіп, ең алдымен, алғысты Жүсекеңе айт­ты. Ас үстінде де әншілік төңірегінде қызық­ты әңгімелер қозғалды. Ал ас қайы­рылып, дастарқанға бата жасалған соң бір әулеттің ғана емес, ұлылар елінің ұла­ғатт­ы ақсақалы, сүйегі жағынан ұлы ақын­мен туыс болып келетін жақсы аға кейін­гі толқын өкіліне тосын сый жасады. Яғни, соғыстан кейін Алматыдағы бір айтулы шеберге бұл үшін арнайы жасат­қан домбыраны «Жаратқан саған Мұхаң мен Жүсекеңнің атақ-абыройын бер­сін» дей келіп, Жәнібекке сыйға тартты. Бұ­ған шәкіртімен бірге, ұстазы да дән риза болды.

Ал Балтақай ақсақал арқылы Жәні­бе­к­тің қолына тиген ұлы тұлға жасатқан домбыраның арғы мәнді тарихы туралы алда айта жатармыз. Алматыға осыдан бір жыл бұрын ғана артына қарайлап, жалтақтап аттанған жас жеткіншек осы жолы мерейі тасып, зор қуанышпен аттанып бара жатты. Соны туыс-туғандары, басқа да жанашырлары қалтқысыз түсініп, игі тілектестікпен қала берген. Жас әнші тек осы бір Қарқаралы, Абыралы, Шың­ғы­стау сапарында жаңадан оншақты ән үйре­ніп қайтқан екен. Жалпы, Жәнібек Жүсе­кеңнің жанында болған 10-15 жылда ұста­зы­нан 350-400-дей ән үйреніпті деседі білетіндер.

* * *

Жәнібек бір жылға созылған осы сапардан соң, нақтылап айтқанда, 1967 жылы оқуға қабылданған өнер ордасы содан екі жыл бұрын эстрада-цирк өнерінің республикалық студия-шеберхана­сы ретінде құрылған екен. Дәстүрлі ән өнері­нің айтулы әншілері Жүсіпбек Еле­беков пен Ғарифолла Құрманғалиев атал­мыш оқу орнына бұлар оқуға қабыл­данған жы­лы ұстаз болып қызметке тұрады.

Студиядағы оқу мен жастықтың жарқын шақтары кезек алмасып, уақыт сырғып өтіп жатады. Жәнібек бұған дейін бір жыл Жүсекеңнің жанында болып, көптеген әндердің шығу тарихын, орындау мәнерін үйреніп қалғанымен, өзі құдайдай табынып сыйлайтын үлкен кісіні ұстаздық қырынан қайта тани түскен. Сөйтсе өнерге бойыңдағы талантпен бірге, ерінбей еңбектену, ұқыптылық пен тиянақтылық та қажет екен. Ұстаз Жүсіпбек бұрынғы бұрынғы ма, ендігі жерде тым талапшыл болып алды.

Сөйтіп жүргенде күн артынан күн өтіп, ай жаңарды. Ай жаңарып, жыл алмасты. Солайша Жәнібектер үшін студиядағы екінші, соңғы жыл да басталып кеткен. «Туған ай тураған етпен тең» дегендей, бұл жыл да сырғып өтіп жатқан. Сондай күндердің бір күнінде Жүсіпбек ұстаздары шәкірттеріне сәл науқастанып жүргенін тілге тиек ете келіп, емделу мақсатымен шипажайға кетіп бара жатқанын айтқан. Бәрінен де бұрын бұған, Жәнібекке «мен қайтып оралғанша мына көгенкөздерге өзің баскөз бол» деген мағынада жауапты тапсырма жүктеп кеткенін қайтерсіз! Бірақ, өкінішке қарай, осы тұста өмірдің бұған әзірлеп қойған әжептәуір салмақты сынағы бар болып шықты. Аңыз-ертегіге бергісіз ол оқиға былайша сәтсіз басталып, былайша баянды аяқталған еді.

Бір күні бұлардың жатақханасына Жәнібекті іздеп Қазақ мемлекеттік уни­вер­ситетінің студенттері, сатирик ақын Қажытай Ілиясов пен талапкер жас жазушы Ғалым Әшірбаев келе қалады. Екеуі де Семей жағының азаматтары.

Жерлестері артынан арнайы іздеп келгенде қазақы мінезді Жәнібек қайтіп шыдасын, бұлардың «бірер ән тыңдап қайтып кетеміз» дегеніне қарамай, қасында бір бөлмеде жататын Қайрат (Байбосынов) пен Кенжеғали есімді жігіттерді дүкенге жүгіртіп жібереді. «Тіс шаяр» мен «тіске басарды» алған олар да көп күттірмей оралады. «Сен ішпеуші едің ғой», – дейді Қажекең жасы кіші інісі іспеттес Жәні­бекке. «Бұрын сізбен сан мәрте кездескенде бұл шіркінді аузыма алмағаным рас еді, бірақ осы жолы мынаның дәмін сіздермен бірге көруге аңсарым ауып тұрғаны», дейді інісі. Қажекең жасы үлкен болған соң мұның арты қалай болар екен деп әлі де сақтанумен болады.

Отырыс қызған кезде бөлмеге еңге­зер­дей кесек келбетті қара әйел кіріп келді дейді. «Бұл не?» дейді ол ешкімнен де ықпай құмыраға қол соза берген Жәні­бекке. Сонда Ғалым қонақ тапқырлық танытып: «Апай, біз құрылысшы жігіттер едік. Бүгін қолымызға тиын-тебен іліккен соң мына жерлес інімізді іздеп келген жайымыз бар. Қазір кеткелі отырмыз»,  деп күтпеген келеңсіз жағдайдан амалдап шығып кетуді ойластыра бастайды. Бірақ оған Жәнібек көнетін ыңғай танытпайды. Көнгенің не: «Мынау қонақ, мынау тамақ, ал біз не бүлдіріп қойыппыз», деп салады. «Бақсақ бақа екен» демекші, бұл кісі училище директорының өзі болып шығады. Ал Жәнібектің ылдилап, ымыраға келуді ойламай, керісінше өрге қарсы шапқаны өктем де өркөкірек үл­кен бастығымен бұрыннан тіл табыса алмаған­дығынан болса керек.

Осыны өзі де бұрыннан күтіп жүр­гендей білдей бір оқу орнының басшы­сы шарт кетеді. Ал оның соңы Жәнібек­тің оқудан шығарылуымен аяқталады. Ешқан­дай жазығы жоқ Қайрат болса күй сыны­бына ауыстырылады. Бұл келеңсіз оқиға Жәнібекпен бірге, оның ұстазына да бейне төбесінен жай түскендей оңай соқ­папты. Оны Хабиба апайдың шәкірт пен оның ұстазы туралы естелігі растайды.

«1969 жылдың қаңтар айында Жүсіп­бек сырқаттанып жүрді де, рұқсат алып курортқа кетті. Сауығып қайтты. Көңіліміз көтерілді. Келе сала сабағына кіріскен. Түс мезгілінде оралып еді. Өңі сынық, ренжулі екен. Есіктен кіре: «Әлгі Жәнібек ауылына қайтып кетіпті. Бас­шы­­лардан сұрасам, даусы орнықпаған өткінші деп ана Қайратты да күй класына ауыстыру керек деп шіренеді. Құдай-ау, бұларға не айтасың», деп күйзеліп, орындыққа отыра кетті.

Хабиба апа бұдан әріде Жүсекеңнің сол күні кеште Ішкі істер министрі, генерал Шырақбек Қабылбаевқа осы келең­сіз жайтты баяндап телефон шалғанын, ал министр болса Жәнібекті өздерін­де жаңадан ашылып жатқан ансамбльге алдыртуға уәде еткенін айтады.

Одан арғы әңгімені біздің өтінішімізге орай кейіпкеріміздің құдай қосқан қосағы Тоты былайша жалғастырады.

«Қаңтар айында оқудан шығарылған Жәнібек одан кейінгі жерде мұнда бос жүріп алмай еліне қайтып кетіпті. Содан елге барысымен көп ұзамай аудан­дық мәдениет бөліміне автоклуб мең­герушісі болып қызметке орналасыпты. Содан наурыздың жиырма бірі күні Қасқабұлақта малшыларға концерт беріп болып жатар орнына қайтып келе жатқанда екі милиция қолын қайырып, әй-шайға қаратпастан ала жөнеліпті дейді. Мұны естіген ел болса ештеңеге түсінбей аңырып отырып қалады. Қайсыбіреулер «е, астанада бірдеңені бүлдірген ғой» дейді өзінше білгішсініп.

Орган қызметкерлері мұны алдымен Қарауылға, одан кейін шағын ұшақпен облыс орталығы Семейге жеткізеді. Осы хабарды артынан естіген анасы аңырап қала береді. Абайлық милиция өкілдері «қылмыскерді» Семейге жеткізген соң сондағы әріптестеріне табыстайды. Ал олар болса үстіне тұлып, аяғына пима киген мұны айналдырған бір тәуліктің ішінде министрдің алдына жеткізеді. Сөйтсе мұның бәрі генералдың арнайы тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған екен ғой. «Сөйтіп, мені министрге кіргізді. Бойы еңгезердей генерал «бала, қалай жеттің» деп халімді сұрай бастағанда ішім жылып сала берді дейтін кейінде Жәнібек. Содан кейін министр өзінің бірінші орынбасары, генерал А.Тұмарбековті шақырып, мұны министрліктің жаңадан құрылып жатқан ансамбліне 150 сом жалақымен әнші-солист етіп қабылдау жөнінде бұйрық әзірлеуді тапсырады. Одан кейін басқа кнопканы басып, басқа қызметкерлерін шақырып, оларға бұған арналған киім мен пәтер кілтін алғызады. Ас үйі ортақ екі бөлмелі пәтерге кереует, таза жүннен жасалған одеял, мұның сыр­тында ыдыс-аяққа дейін әзірлетіп қо­йыпты. Ал ертесінде, яғни 22-наурыз күні, өзінің құжат бойынша туған күнінде Жәнібек шыт жаңа милиция фор­масымен, «су жаңа» қызметке кірісіп кетеді».

Сол 1969 жылдың күзінде Жүсекең шәкіртіне телефон шалып, жақын күн­дер­дің бірінде республика басшысы Дін­мұхамед Ахметұлы Қонаевтың алдында ән салатындықтарын, сондықтан осындай жауапты жүздесуге мұқият дайындала беруі керектігін ескертеді. Сөйтсе Димекең соның алдында мұның ұстазына: «Жүсеке, сіз бір талантты шәкіртті тәрбиелеп жатыр деп естідім. Жақсыны көрмекке деген. Ол жігіттің әнін қашан тыңдаймыз?», десе керек. Содан реті келіп, сәті түскенде министр Қабылбаев үлкен кісіні және республика Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімов бәйбішелерімен өзінің тау жақтағы саяжайына қонаққа шақырмай ма!

«Мен рұқсатпен сыйлы қонақтар отыр­­­ған бөлмеге кіргенде Димаш Ахмет­ұлы тере­зенің алдында темекі тартып түре­­геп тұр екен деп еске алатын кейінде Жәкең. Даусымды созыңқырап үлкен кісі­лерге «Ассалаумағалейкум» деп сәлем бердім. Димекең менің сәлеміме мұсыл­ман жөнімен жауап қатты. Сонсоң азды-көпті аман-саулықтан соң қандай жоғары оқу орнында оқитынымды сұрады. Бірақ менің студияны оқып бітірдім деге­німе сонша қанағаттана қоймады білем: «Келесі кездескенімізде осындағы жоға­ры оқу орындарының бірінде оқып жат­қа­ның­ды еститін болайын», – деді.

Сонсоң Жүсекеңнен кейін мен де үш-төрт ән орындадым. Үлкен жеңгемнің құрметіне орай татарша да бір ән айттым. Димекең мен Ақан серінің «Құлагеріне» қамшыны басқанда маған солай көрінді ме, білмеймін, әйтеуір елеңдеп қалған секілді көрінді. Сол әсермен жағдайым­ды сұрады. Үлкен кісінің сұрағына орай малшының баласы екенімді, әкемнің бала кезімде дүниеден озғанын, шешем, қарындастарым бәріміздің шағындау үйде тұрып жатқанымды айттым. Сол кезде министр сөзге араласып, Димекеңе осы шағын үйде оншақты жан тұра­тынын мәлім етті. Ол кісінің біздің жағдайымызды біліп тұрғаны мынада. Яғни, елден анам көшіп келген соң, министр басымен біздің үйге келіп, қарияға сәлем беріп шыққан еді. Бізді тың­дап болған соң бірінші хатшы генерал­дан министрліктегі бос баспана жағ­дайын сұрастырды. «Менің орынбасарым, генерал Калютаның баласына деп Вино­градов пен Карл Маркс көшелерінің қиы­лысындағы үйден дайындап қойған үш бөл­мелі пәтер бар еді», деді министр күміл­жіңкіреп. «Генерал баласына үйді таба жатар. Сол пәтерді қойшының мынадай өнерлі баласына беріңіздер», деді республика басшысы.

Димекең сөз арасында ертеректе арғы аталарының Шыңғыстау жағын жайлап келгенін, ал одан бергіде өздерінің Мұхаңмен құда болғанын тілге тиек ете келіп, шығармашылығын өздеріңіз де білесіздер ғой дегендей, құдасының адами қасиеттеріне тоқтала кеткен. Сонсоң отызыншы жылдардағы зұлматта Мұхтар Әуезов пен Әлімхан Ермеков сынды сол шақтағы жас қырандар жақсы ағаларының ақылымен аман қалған ғой деп қалды. Одан әріде Ермековтің Лениннің өзінің көзін көргенін жеткізе отырып, қазақ сахарасының тұтастығын сақтап қалудағы жанқиярлық қайраты мен ақыл-ойының тереңдігі жөнінде айта кетуді де ұмытпаған. Осы тұста Жүсекең Диме­кеңнің Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тұрған шағында айдаудан енді оралған Әлімханды үй-жаймен қам­тамасыз етуге қолұшын бергеніне риза­шылық білдіруді өз борышым деп білген.

Содан бұлар Қонаев сыйлаған әлгі үйге тура жаңа жылдың алдында, нақтылап айтқанда, 31-желтоқсан күні келіп кіреді. Аумағы атшаптырым даңғарадай үйге бес кереует қойылады. Ал сапалы ағаш­­тан жасалған шетелдік үстел мен орын­­­дық­тарды ұстазы Жүсекең мен ол кісі­нің бәйбішесі Хабиба апа бұларға сый ретін­де ала келеді. Іле Жәнібектің туысы, опе­ра театрының солист-әншісі Мүсі­лім Асыл­беков те жұбайымен жетеді. Бәрі­нен де бұ­рын осындай асығыстау өтіп жат­қан қоныс тойына үлкен басымен генерал Қабыл­баевтың арнайы келгенін айтса­ңыз­шы! Не керек, сол күні жақсы тілектер молы­нан айтылып, әсерлі әндер де ұстаз бен шәкі­рт тарапынан біразға дейін шырқалған тәрізді.

Қоныс тойының соңын ала осы шаңы­рақ­тың жас та болса басы болып табыла­тын Жәнібек сөз алып, әй бір ағылды дей­сің! «Кіш­кене шал» сонда ақсақалдың сөзін айт­ты, орайын тамаша келтіре отырып министр-генералға тосын сый ұсынды. «Мы­­на домбыра ұлы Мұхаңның ұлылар елін­­дегі бір-бірінен алыста жүрсе де ара­сы ажы­ра­маған бала кезден бергі жан до­сы Бал­тақай ағаға арнайы жасатып беріп жібер­ген сыйы болатын. Ал оны жақ­сы аға­мыз алдыңғы жылы ұстазым­ның көзін­ше маған сыйлап еді. Аға, сіз мили­цияның генералы болсаңыз, Әуезов әде­биет­тің гене­­ралы емес пе! Сондықтан мен бұл дом­бы­раны сізге лайық көріп отырмын. Қолым­ды қақ­паңыз, қабыл алыңыз!» Гене­рал әскери тәр­тіптің адамы болса да, өрім­дей жас­тың мы­на сөзіне толқып кетті. Ал артық да­қ­пырт сөзге жоқ ұстазы болса «жөн сөз» деп қалды.

Сөз орайына қарай енді сол домбы­раның кейінгі тарихын баяндай кетсек дейміз. 2016 жылдың оныншы айы­ның оныншы жұлдызында ел газеті «Егеменде» әріптесіміз, аталмыш басы­лымның Қос­танай облысы бойынша тілшісі Нәзира Жәрім­беттің «Мұхтар Әуезовтің домбырасы қостанайлықтарға қалай жетті?» деген тақырыппен көлемді де мазмұнды мақаласы жарық көрді. Онда заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің 1945 жылдың жазында ең алдымен қызы Ләйланы елге, Қарауылда тұратын досы Балтақайдікіне тіл үйренсін, ауыл тұрмысымен таныссын деп жібергені, содан көп ұзамай бір топ алматылық дос-жарандарымен Абайдың жүз жылдық тойына келгенде досының Манатай деген жеті жасар ұлын өзімен ала кетіп, астанадағы Жамбыл атындағы №18 орта мектепке өзі ертіп барып оқуға бергені, оны қашан жолды үйренгенше өзі жетелеп жүргені егжей-тегжейлі баяндалады. Бірақ екі жылдан кейін сәл ауырыңқыраған Манатай жазғы демалыста елге келгенде Алматыға қайтпай елде қалып қойыпты.

Сол екі аралықта Мұхаң елдегі досына ас­тана­дағы белгілі шеберге, тегі Эмануил Романенко болса керек, арнайы тапсы­рыспен домбыра жасатып, Балта­қай ақ­сақалдың сол тұста Алма­тыда оқып жатқан інісі Бақыштан беріп жібе­реді. Әлгі домбыраны үйренуге мұн­да­ғылардың бәрі құштар болыпты. Манатай мектеп оркестріне осы домбырамен қаты­сыпты. Мұхаң алпыс жылдығына орай елге келгенде өзіне күй шертіп берген бұған риза болыпты деседі.

Мұхаңның домбырасының бұдан кейінгі тарихы төмендегідей. Яғни, Қос­танайда осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын облысаралық милиция мектебі ашылады. Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен бергі кезеңде ол Ішкі іс­тер министрлігінің академиясына айна­лады. 2014 жылы осы академияға рес­публика Үкіметінің қаулысымен осы саланың екі рет министрі болған, қазақтан шыққан алғашқы генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаевтың есімі беріледі. Сол тұста экс-министрдің жиен немересі Ғалым Исабаев Қостанайға арнайы келіп ата­сы­ның домбырасын академия бастығы, полковник Мирлан Қызыловқа (оқырманға биылғы жылы Елбасы Жарлығымен бұл азаматқа генерал шені берілгенін ескерте кеткеніміз жөн болар) өз қолымен тапсырады. Солайша жетпіс жылдық тарихы бар Әуезовтің домбырасы Қостанайдағы полиция академиясының музейінен бір-ақ шығады. Тағы бір айта кететін жайт сол, мұнда ұлылардан қалған құнды жәдігерге деген қамқорлық сүйсінтеді. Жергілікті белгілі ақын, оның сыртында қолөнер шебері Серікбай Оспановқа академия бас­шысының өзі қолқа сала отырып, әйгілі Әуезовтен қалған мұраны жұтындырып жөн­детіп қойғаны соған айғақ болса керек.

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі

Суретте: Әуезовтің домбырасы