Жиын барысында қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова Айбек Нұғымаровқа 1 миллион теңгенің сертификатын тапсырып, ел жастарының Айбек Нұғымаровтан үлгі алып өсетіндіктерінің сөзсіз екендігін айтып, ризашылығын білдірді. Өз кезегінде «Әлем барысы-2017» турнирінің жеңімпазы Айбек Нұғымаров та ағынан жарылды.
– Халқым менімен әрқашан бірге! Әуежайдан бастап қарсы алып, қошеметтеп жатыр. Мен белдескенде жанкүйер болып, тілеуімді тілеп отыратын Абай еліне, жерлестеріме үлкен рахмет! Мені жеңіске жетелеген Абай атамыздың әні. «Көзімнің қарасы» әнін бала кезімнен айтып жүретінмін. Осы ән менің бойыма туған жерге деген махаббат, әке-шешем мен отбасыма, елім-жұртыма деген құрмет сезімін сіңіре білді. Бұл жеңісімді жерлестеріме арнаймын! – деді атақты балуан.
Айта кету керек, «Әлем барысы-2017» халықаралық турнирінде 38 елден келген 42 балуан бақ сынады. Жүлде қоры 30 миллион теңге болды. Айбек Нұғымаров финалдық белдесуде грузиялық балуан, дзю-додан Еуропа чемпионы Гурам Тушишвилиді жеңіп, «Әлем барысы-2017» атанған болатын.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист
СЕМЕЙ