Мұндай жағдайды өз пайдасына сәтті пайдалана білген Алматының «Қайраты» сырт алаңда ойнағанына қарамастан «Тараз» командасын 5:1 есебімен күйрете жеңіп, уақытша болса да көш тізгінін өз қолына алған болатын.
Бірақ «Қайраттың» қуанышы ұзаққа бармады. Кеше кешкісін Қызылордада жергілікті «Қайсармен» кездескен «Астана» командасы алаң иелерін 4:1 есебімен жеңіп, топ басына қайта шықты.
Жалпы, испан маманы Карлос Феррера келгелі «Қайрат» командасы ұпай жоғалтқан жоқ. Қатарынан бес рет жеңіске жеткен ұжым алтын жүлдеден үмітін әлі де болса үзбей келеді. Бірақ, бұл жерде «Астананың» алматылықтардан екі ойыны кем екенін естен шығармау керек. Егер де «теміржолшылар» осы ойындардағы мүмкін болған алты ұпайды түгел алатын болса, онда басты бәсекелесін шаңына ілестірмей кетері әбден мүмкін.
Турдан турға «Шахтердің» ойыны ширап келеді. Команда өз алаңында «Оқжетпесті» 2:1 есебімен тізе бүктіріп, 30 ұпаймен алтыншы орынға көтерілді. Ал соңғы төрт ойынның бәрінде жеңіліске ұшыраған Көкше футболшылары көш соңына түсті.
Турнир кестесінде құйрық тістесіп келе жатқан «Ақтөбе» мен «Атырау» өзара күш сынасып, кім мықтыны анықтай алмады. Тартысқа толы матч 2:2 есебімен тең аяқталған болатын.
Турдағы күтпеген нәтиженің бірі Павлодарда тіркелді. Жергілікті «Ертіс» көш соңында келе жатқан «Ақжайықтан» 0:1 есебімен жеңіліп қалды.
Бұл турда қола жүлде үшін күресті жалғастырып келе жатқан «Тобыл» өзінен бір саты жоғары тұрған «Ордабасымен» тең ойнап, маңызды деген екі ұпайдан айырылды. Бұл – Қостанай футболшыларының биылғы біріншіліктегі тоғызыншы тең ойыны. Ал оңтүстікқазақстандық команда үшін осы жолғы тең ойынның олжа болғаны рас. Өйткені, олар «Тобылмен» арадағы он ұпай айырмашылығын сақтап қала алды.
27-турды Премьер-лига командалары мынадай нәтижелермен түйіндеді:
«Ертіс» – «Ақжайық» – 0:1 (0:0), Перцух, 73 (0:1). «Тобыл» – «Ордабасы» – 0:0 (0:0). «Тараз» – «Қайрат» – 1:5 (0:1), Гоу, 18 (0:1). Исламхан, 53 (0:2). Исламхан, 65 – пенальтиден (0:3). Қожамберді, 83 (1:3). Анене, 87 (1:4). Аршавин, 89 (1:5). «Атырау» – «Ақтөбе» – 2:2 (2:2), Валиуллин, 13 (0:1). Сикимич, 21 (1:1). Шимкович, 30 (1:2). Максимович, 43 – пенальтиден (2:2). «Шахтер» – «Оқжетпес» - 2:1 (1:0), Стоянович, 36 – пенальтиден (1:0). Хлебоун, 76 (2:0). Бөлешев, 86 – пенальтиден (2:1). «Қайсар» – «Астана» – 1:4 (0:0), Жанғылышбай, 46 (1:0), Граховац, 60 (1:1), Шитов, 66 (1:2), Логвиненко, 76 (1:3), Тағыберген, 90 (1:4).
Келесі 28-тур ойындары қыркүйектің 23-24 күндері өтеді. 23 қыркүйек: «Астана» – «Тараз», 24 қыркүйек: «Ақжайық» – «Шахтер», «Оқжетпес» – «Атырау», «Қайрат» – «Тобыл», «Ордабасы» – «Ертіс», «Ақтөбе» – «Қайсар».
Ал мұның алдында, яғни 20 қыркүйек күні 30-турдың үш кездесуі уақытынан бұрын ойналады. Алаң үстінде «Қайрат» – «Ордабасы», «Ақжайық» – «Атырау», «Ақтөбе» – «Тобыл» командалары күш сынасатын болады.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»