Алғашқы матч қыркүйектің 15-і күні өтіп, «Барыс» 1:3 есебімен есе жіберді. Матчтың бірінші және екінші кезеңінде командалар қорғаныста сәтті ойнап, бір-бірінің қақпасына шайба соға алмады. Мәселенің бәрі үшінші кезеңде шешілді. «Барыстың» канадалық шабуылшысы Мэтт Фрэттин ойынның 41-ші минутында шайба соғып, командамызды алға шығарған болатын. Екі кезеңде шайба соғылмаған соң, мамандар «Барыс» осы есепті сақтап, жеңіске жетеді деп болжап жатқан. Бірақ, «Сибирь» бәрінің ауызына құм құйды. Арадан екі минут өткенде қарсылас команданың ойыншысы Патрик Закриссон есепті теңестірсе, Александр Бергстрем 52-ші минутта таблодағы көрсеткішті 2:1-ге жеткізді. Матч аяқталуға бір минут қалғанда қонақ команданың хоккейшісі Вячеслав Основин «Сибирьдің» бұл ойындағы соңғы шайбасын соқты. Қорытынды есеп – 3:1.
Араға екі күн салып қос команда «Барыс Аренада» екінші рет кездесті. Бұл матчта да қонақтар «Барыс» клубынан айласын асырып кетті. Бірінші кезеңнің сегізінші минутында Йонас Энлунд матчтағы есепті ашты. Арада бес минут өткенде Иван Верещагин мергендігімен көзге түсіп, есепті 2:0-ге жеткізді.
Екінші кезеңде қонақтар сапындағы Владислав Наумов қақпамызға үшінші шайбаны салды. Ал ойын нүктесін 57-ші минутта Вячеслав Основин қойды. Есеп – 4:0. Екі матч қорытындысы бойынша жалпы есеп – 7:1-ге жетті. Сөйтіп, «Барыс» командасы өз алаңында екі ойында да жеңіліске ұшырады.
Құрлықтық хоккей лигасының «Шығыс» аймағындағы турнир кестесінде көш бастап тұрған «Барыс» командасы осы жеңілістерден соң 19 ұпаймен бесінші орынға түсіп қалды. Новосібірдің «Сибирь» клубы «Барыспен» бірдей ұпай жинап, алтыншы орынға көтерілді. Бірақ олардың «Барыстан» бір ойыны артық.
Енді «Барыс» хоккей клубы келесі ойынын 21 қыркүйекте Минскінің «Динамосына» қарсы өткізеді. Матч «Барыс Арена» мұз сарайында өтеді.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»