Жазғы спорт • 19 Қыркүйек, 2017

Ашғабадта өтіп жатқан Азия ойындарының көрігі қыза түсті

257 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түрікменстан астанасы Ашғабад қаласында өтіп жат­қан жабық ғимараттағы және жауынгерлік өнер бойынша V Азия ойындарының көрігі қыза түсті. 

Ашғабадта өтіп жатқан Азия ойындарының көрігі қыза түсті

Үшінші жарыс күнінде спортшылар алты спорт түрі­нен медальдарды сарапқа салды. Олар – жеңіл атлетика, джиу-джитсу, таэквондо, велоспорт, Түрікменстанның ұлт­тық күресі және ауыр атлетика. 

Жарыс алаңына бірінші таэквондошылар шықты. Жартылай финалға дейін қарсыластарын оңай жеңіп келген 54 килодағы спортшымыз Айтуар Шакенов финалға жолдама берер сайыс­та тәжікстандық таэквондошы Манучехр Нематовтан жеңіліп, қола медальды қанағат тұтты. Ал финалға шыққан Қайрат Сарымсақов (74 кг) алтын жүл­де үшін өткен кездесуде иран­­дық Мехди Жалалиге 1:5 ұпайымен есе жіберіп, күміспен күптелді. Сарымсақов 2014 жы­лы Инчхонда өткен жазғы Азия ойындарында қола жүлде иеленген болатын.

Құрама қоржынына үшін­ші медальды жеңіл атлет Анастасия Виноградова салды. Ол кедергілер арқылы 60 метрге жүгіруден 8.59 секунд көр­сеткішімен мәреге үшінші келіп, жабық ғимараттағы және жауынгерлік өнер бойынша V Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

V Азия ойындарында жалпыкомандалық есеп бо­йын­ша əзірге Түрікменстан спорт­шылары (21 алтын, 18 күміс, 10 қола (барлығы – 49)), Өзбекстан (3, 4, 19 (26)) және Тайланд құрамалары (3, 4, 5 (12)) үздік келеді. Ал Қазақстан құра­масы бір күміс және бес қола медальмен 62 елдің ішінде 16-шы орында тұр.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»