Осынау оқиғаға еліміздегі Құрақ құрау шеберлерінің қауымдастығы ұйытқы болып отыр. Іс-шара аясында тұңғыш рет халықаралық арт-жобалар көрсетілмек. Фестивальдың жалаулатқан жобасы – «ORIENT» атты таңғаларлық тоқыма паннолардың жылжымалы көрмесі болып табылады. Оның құрамында Чехия, Словакия, Біріккен корольдіктер, Германия, Польша мен Қазақстан сияқты елдердің арт-квилт пен пэчворк техникасы шеберлерінің қолынан шыққан 60-тан астам жұмыс бар.
ORIENT көрмесі – алғаш рет 2017 жылдың сәуір айында Прагада өткен жыл сайынғы ХI халықаралық Prague Patchwork Meeting фестиваліне қатысып, өзіндік үлгілерімен дараланған.
Байқауларға толы үлкен фестивальдың тағы бір тосынсыйы – «Менің бақшам» атты балалардың құрақ құрау көрмесі болмақ. Бұл бөлімге Еуропа мен Ресейдің 6 мен 16 жас аралығындағы жас шеберлерінің жұмыстары қойылады.
Көрме экспозициялардан бөлек, келушілерге тәжірибелік бөлім де қарастырған. Фестивальдың барлық қатысушылары қазақстандық ісмерлердің тегін шеберлік сағаттарына қатысып, үздік үрдістерді үйрене алады. Сонымен қатар, фестивальға қонақ ретінде, Қазақстандағы құрақ құрау шеберлері қауымдастығының арнайы шақыруымен халықаралық деңгейдегі танымал квилттер келеді. Көрмеде қолдан жасалған бұйымдардың жәрмеңкесі өтіп, еліміздің танымал дизайнерлері сәнді киім үлгілерін ұсынады деп күтілуде.
Қазақстан құрақ құрау шеберлері қауымдастығының президенті Тамара Штрошерердің айтуынша, «Шығыс базары» фестивалі ең алдымен, еліміздегі ұлттық қолданбалы құрақ құрау өнерін қолдау мен дамытуды көздейді. Ал алматылықтар шетелдік құрақ құраушылардың қолынан шыққан дүниелерді тамашаласа, өз шеберлеріміз жаңа жауһарлар тудыру үшін тоғысады.
Он саусағынан өнер тамған ісмерлерге халықаралық қазылар алқасы төрелік етеді. Жеңімпаздарға фестиваль демеушісі «Bernina» тігін машинасының танымал бренді бағалы сыйлықтар тағайындап отырған жайы бар.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ