Театр • 20 Қыркүйек, 2017

Сығай фестивалі тартқан сый

696 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жылда өтетін дәстүрлі Қазақстан драма театрларының биылғы XXV республикалық фестивалі көрнекті театр сыншысы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығайдың 70 жылдығына арналды. Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасының құрамында Ресейдің «Театральная жизнь» журналының бас редакторы, театр сыншысы Олег Пивоваров, әдебиет және театр сыншысы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешова, өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс болды. Шараны ұйымдастырушы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан театрлар ассоциациясы фестивальға сегіз театрды іріктеп алыпты. 

Сығай фестивалі тартқан сый

Көзі тірісінде «қазақ өнерінің тура биі», «қазақ театрының адвокаты» атанған Әшірбек Сығайға бір емес, бірнеше фестивальді ар­насақ та артық болмас. Са­налы ғұмырын қазақ өнеріне ба­ғыш­таған, өткен ғасырдың сонау 1967-1968 жылдарынан бастап, соңғы демі таусылғанша театр өне­рін насихаттаудан жалық­паған, қазақ өнері мен мәде­ниетінің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаудан шаршамаған Әшірбек Төребайұлының кенеттен бақиға аттан­ғаны – әр қазақтың қабы­р­ғасын қайыстырып кеткен қаза болды. Театр деп тынымсыз соққан жүрек тоқтады...

Алайда сол сәтте-ақ Әшірбек Сы­ғайдың екінші өмірі – сіз бен біздің жүрегіміздегі мәңгілік өмірі басталды. Тіршілігінде адал еңбек етіп, өнегелі өмір сүрген адам­ның бақилық болғаннан кейін айшықты дидары онан сайын жарқырай түсетіні анық. «Ор­нында бар оңалар» демекші, артында іздеушісі, жоқтаушысы бірлі-жарым емес, қалың көпшілік, бүкіл өнер жұртшылығы, бұқара халық болса, ондай адамның мәңгі жасайтыны күмәнсіз. Бір аптаға со­зылған «Сығай фестивалінде» осы ақиқатқа тағы бір көз жет­кіздік.

Әшірбек Сығайдың 70 жыл­дығына арналған республикалық театр фестивалі осындай «жылы но­тада» басталып, Астана Жас­тар театрының «Сұлу мен сурет­ші» спектаклі фестиваль шы­мыл­­дығын ашты. Режиссер Нұр­қанат Жақыпбай қойған Талап­тан Ахметжанның «Сұлу мен суретші» ноктюрн-драмасында сахна мен зал арасында орнаған нәзік те таза энергетика арқылы драматург-режиссер-актер-көрер­мен деген «категориялар» бір-бірімен астасып, тұтасып, бірігіп кет­кендей болды. Нұрқанат Жа­қып­байдың жаңашылдығы, эсте­тикалық биік талғамы, плас­ти­калық шешімдерге көбірек жү­гінетін өзіндік қолтаңбасы әр қойылымында көрінеді. «Сұлу мен суретші» де сезімтал режис­сердің лирикалық-романтикалық иірім­дерге негізделген әсем туындысы. Сезімдер шарпысы Сұлу – Назгүл Қа­рабалина мен Суретші – Әділ Ахметовтің жан дүниесінде бірте-бірте орын алады да, шарықтау шегіне жетеді. Актриса Назгүл Қара­балина өз Сұлуының жан күй­зелісін, ұлы сезім алдындағы шарасыз халін нанымды бей­не­лейді. Оның дауыс тембрі ере­к­­ше, қимыл-қозғалысынан әркез шынайылық, сабырлылық, сал­мақтылық, парасаттылық, ақ­сүйектік болмыс есіп тұрады, сахнада әдемі қозғалады, сыртқы әрекеті мен ішкі пластикасы үйле­сімді. Әділ Ахметовтің Суретшісі – өзгелерге ұқсамайтын, әлемі бөлектеу суретшілердің жиынтық образы.Қойылым Махаббатқа сен­бейтіндерді – сендіреді, ал шынайы сезімге сенетіндердің нағыз бақытты жандар екеніне көз жеткізеді.

Қ.Қуанышбаев атындағы Мем­лекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры ұсынған Талғат Теменовтің «Аққудың көз жасы» спектаклі Ш.Айтматовтың «Жәмилә» повесі мен «Боранды бекет» романындағы «Раймалы» аңызы бойынша сахналанған. Инс­ценировка авторы Талғат Теме­нов прозаның классикалық үлгісінен шиыршық атқан қай­­шылықтарға толы драма тудыр­ған. Оқиғаларды автор атынан байланыстыру тәсілі қойылымға сәтті енгізілген. Теменов – әр туындысында, мейлі ол көр­кем фильм болсын, мейлі ол сахналық қойылым болсын – Ұлы махаббатты жырлайтын, әркез шынайы сезімге акцент жа­сай­тын режиссер. Даниярдың Жә­миләға деген өз сезімін Рай­­малы мен Бегімай туралы аңыз арқылы жеткізуі – шынайы махаббаттың надандық пен зұлымдықты жеңетін ұлы күш екенін астарлағаны еді. Режиссер Данияр мен Жәмилә желісіне Рай­малы мен Бегімайдың оқиғасын параллель қояды. 

Сахнада кейіпкерлер, массовка шамадан тыс көп бола тұ­ра, әрқайсысының өз орны бар. Жекелеген характерлер өте жақ­сы ашылған. Әсіресе, Данияр образындағы жас актер Жанат Оспанов, Жәмилә бейнесіндегі Ақмарал Танабаева, Садықты кескіндеген Әбілмансұр Серіков, Оспан рөліндегі Асылбек Қапаев өз кейіпкерлерін көркем образ деңгейіне көтерген. 

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры М.Горькийдің «Шыңырау» драмасын көрсетті. Қойылым режиссері Данияр Базарқұлов «адам деген кім (әлде не?)» деген сауалға жауап іздейді. 
Расында, адам деген кім?.. 

Кезінде бірі – барон, екіншісі – ұры, үшіншісі – адал махаббатты көксеген ару, төртіншісі – ұс­та, т.б. әртүрлі әлеуметтік топ өкіл­дерінің ендігі жерде бір-бірі­нен айырмашылығы жоқ. Бәрі де ші­ріген қоқысқа толы, көк­тің иісі алқымынан алатын қара­­көлеңке жертөлені пана­лаған қаңғыбастар. Қоғамның қалдықтары. Бірінен бірінің ар­тық­шылығы жоқ. Жо-жоқ, қа­те­лесеміз. Ондай адамдардың арасында да өзін өзгелерден артық санайтын пенделер баршылық екен: бірі – қара күшімен артық, енді бірі – аярлығымен, қулық-сұмдығымен артық... үшіншісі – әлсіз, төртіншісі – ажалын күткен науқас... Мүңкіген жертөледе ашқұрсақ жатып, араққа тиын табады. Әлдісі әлсізді қорлайды. Арандай ашылған нәпсі тоятын басудан басқа мақсат жоқ. Ал енді «адам деген кім?» деген сауалға қайтадан жауап іздеп кө­ріңіз. Иә, адам деген – сен, мен, аналар, мыналар... Алай­да Адам деген ұлы ұғымға лайық­тымыз ба?.. Қойылымнан осындай ойды оқыдық. Спектакль сценографиясындағы ілулі тұр­ған көп қолдар – өмір бойы бір жақсылықтан үміттеніп, өмір бойы жарық сәулеге қол соз­ған адамдардың қолдары еді. Спек­такльде актерлік ансамбль тұтас­тығымен де, жеке-дара да айшықты өнер көрсетті. Режиссер Данияр Базарқұлов әрбір актерді жеке жарқыратып көрсетуді мақсат еткен және сол мақсатының үдесінен шыққан. Барон – Ерлан Кәрібаев, Василиса Карповна – Гүлбаһрам Байбосынова, Анна – Динара Нұрболат, сол сияқты, қойылымда өнер көрсеткен артистердің бәрі дерлік бір-біріне ұқсамайтын характерлерді шынайы әрі жоғары деңгейде сомдады.

Фестивальға У.Шекспирдің «Ричард ІІІ» трагедиясымен қа­тыс­қан Шығыс Қазақстан облы­сының «Дариға-ай» жастар теа­тры нағыз көркем өнер туындысын көрсетті. Жас режиссер Дина Құнанбайдың әр спектаклін көрген сайын оның ізденгіштігіне, тынымсыз еңбекқорлығына тәнті болатынымыз жасырын емес. «Ричард ІІІ» спектаклін жап-жас театрдың сахнасында жап-жас қыздың жоғары деңгейде сахналауы – соңғы жылдардағы қазақ театр өнеріндегі соны құбылыс десек, артық айтқандық емес. Сахнаның үш жағын айнала жай­ғасқан көрерменді ортадағы өнер көрсететін актерлерден бір қарыс ағаш жиектеме ғана бөліп тұр. Жиектеменің ішіне жұқалап құм төселген. Сахна төрінде – қисық-қыңыр ағаштардан қалай болса солай жасай салған өте биік тақ. Жоғарыда қақ ортада – аспалы шам. Бар декорация осы. Өзі бүкір, ұсқынсыз, жаны да, тәні де мүгедек адамның таққа барар жолында допша домалаған адамдардың бастары қаншалықты құнсыз болса, қанға боялған патша сарайы да, тақ та соншалықты құнсыз деген ойды айту үшін осыдан артық не керек?.. Режиссер «астыңдағы тағың қанша биік болса да, өзің қораш болсаң, тақ та сені биіктете алмайды», «билікке жету жолындағы қанқұйлы іс-әрекеттің салдары да – қантөгіске әкеледі», «мемлекет басқару ісінде парасат пен ізгілік тізгінін тең ұстамасаң, өз басың допша домалайды» деген идеяны меңзейді. Ричард образында Еркебұлан Нұғманов, Анна рөлін ойнаған Сымбат Ахметова, Эдуард бейнесіндегі Ғалым Тасболатов, Маргарита рөліндегі Қарлыға Сыбанова, Королева Елизавета – Айнұр Жадранова, Герцогиня Йорская – Мейрамгүл Алепарова, т.б. актерлер режиссер жүктеген талаптың үдесінен шығып, өз кейіпкерлерінің ішкі сезім арпалыстары мен сыртқы қимыл-қозғалыстарын қатар үйлестіре білді.

Н.Садурдың «Панночка» драмасы – Ақмола облыстық орыс драма театрының соңғы маусымда қойған спектакльдерінің бірі. Режиссері – Қазақстан мәдениет саласының үздігі Ольга Луцива.

Ресей жазушы-драматургы Н.Садурдың «Панночка» мис­тика­лық драмасы Н.Гогольдің «Вий» повесінің желісімен жазылған. Драма авторы кейбір кейіпкерлердің атын және оқи­ғаның орны мен даму барысын біршама өзгерткенімен, гогольдік сюжет желісі, шығарма мазмұны, автор ойы мен идеясы онша көп өзгеріске ұшырай қоймаған. Фольклор мен мифология, шы­найы өмір мен параллель әлем қатар суреттелген күрделі шы­ғарманы сахналау барысында режиссер Ольга Луцива ерекше шешімдерге жүгінген. Егде жас­тағы козак – Явтух (Виктор Кры­лов), орта жастағы козак – Спи­рид (Андрей Красноштанов) және жас козак – Дороштың (Ста­нислав Тавгень) шөмеле жа­нында шараптан ұрттап қойып, жайбарақат әңгімелесуі қалып­ты тіршіліктен хабар береді. Алайда бұл дерев­няның тынышы кет­кендігін олар­дың Хома Брутқа (Андрей Вла­димиров) жезтырнақ жайлы айтқан әңгімесінен байқайсыз. Оқиғаның дамуы барысында бас­ты кейіпкер – дін мектебінің жас философы бір бейнеден екінші бейнеге шебер ауысады. Актер Андрей Владимировтің көңілді де әңгімешіл кейіпкері бір түннен кейін-ақ сөзге сараң, өз көлеңкесінен өзі қорқатын сақ адамның кейпіне енсе, екінші түні шашы түгел ағарып кеткен, қалш-қалш етіп қасиетті кітаптан қайта-қайта дұға қайталайтын ғаріптің бейнесіне енеді. Ал үшінші түні.

Жоғарыда аталған қойылым­дардан басқа, фестивальде аста­налық көрермендер М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры қойған Р.Отар­баевтың «Бас» драмасын (ре­жис­сері Жанат Телтаев), Респуб­ликалық академиялық неміс драма театры көрсеткен Н.Гогольдің «Ревизор» комедиясын (режиссері Н.Дубс), «Жас сахна» театры ұсынған Т.Жүженоғлының «Көш­кін» драмасын (режиссері Б.Аб­дразаков) тамашалады. 

Қазылар алқасының шеші­мімен «Үздік театртанушы» жүл­десі Меруерт Жақсы­лы­қо­ваға, «Тарихи өзекті тақырып­ты игергені үшін» аталымы М.Өтемісұлы атындағы Атырау об­лыстық қазақ драма театрына, «Орыс классикасын мәнерлеп оқу» номи­нациясы Республикалық ака­демиялық неміс драма театрына, «Үздік дебют» жүлдесі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына, «Үздік ер адам бейнесі» аталымы Ақмола облыстық орыс драма театрының актері Андрей Владимировке, «Үздік әйел адам бейнесі» номинациясы Астана Жастар театрының актрисасы Назгүл Қарабалинаға, «Үздік режиссура» жүлдесі Қ.Қуанышбаев атын­дағы мемлекеттік акаде­мия­лық қазақ музыкалық драма театрына және «Жас сахна» театрына, «Үздік спектакль» жүлдесі  Шы­ғыс Қазақстан облысы «Да­риға-ай» жастар театрына берілді.

Сәуле ӘБЕДИНОВА,
театртанушы, өнертану магистрі