22 Қыркүйек, 2017

Қазақ қарияларының кеңдігі

366 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен уақыт қайтып оралмайтын есіл өмір екенін көңіл күйдің аумалы-төкпелі қилы-қилы шағында ойласаң – шырғалаңы көп кермек шындықтар санаңды шарлай жөнелетіні несі екен. Желтоқсан көтерілісінен кейін Мәскеу газет­тері жалпақ жалғанға жария қыл­ған қазақ ұлтшылдығын идеяло­гия­лан­дырылған бояумен баттастыра қалың көрсеткеніне өзге тұрмақ өзің иланып, орнынан алынған сол кездегі биліктің кінәсі қорытылған қорғасындай сал­мақ­ты сияқтанды. Ендеше, жазасын құдай өзі берсін дегеннен артыққа бар­­май на­за­ланған сезімге қорыну қосы­лып, сі­лей­ген қалпы отырасың да қоясың.

 

Қазақ қарияларының кеңдігі

Әуелі сондағы мақалалар сарынындағы немкетті тәкаппар кесімдер, тұтас бір ұлт­ты оңтүстік пен солтүстікке көрнеу бө­ліп тастап, біріне бірінің жіберген есесі­нің жоқтаушысына айналып, қамқоршы кейіпке көше қалғандары қазір барып тұрған жырындылықты еске салады. Оқыған дәрісінің үстінде академик Зей­нолла Қабдолов «өткенмен күліп қошта­са­мыз» деген әлдебір ойшылдың сөзін екпін бере қайталап, аумақты жанарын ауди­­торияға жүгірте кідірген кезде жүзіне үйі­ріл­ген мағыналы күлкі ажарында ұйып тұрған қалпы тірі елестейтінін қай­тер­сің. «Өткенмен күліп қоштасуды» араға көп уақытты салып барып ойлаған шақ­та – елеусіздеу кездейсоқ жайлардың құбы­лысқа айналып шыға келетін себебіне кім бой­лап көріпті. Сол Желтоқсан оқиға­сы­­нан кейінгі аласапыранда Василь Быков Мәскеу газеттерінің біріне берген ин­тервьюінде оқиға негізінде өрбіген әңгіме­лер­дің көбі аңызға ұласып, шындық­қа жанас­пай кететінін ескертіп еді. «Тағ­дыр­дан келген зұлым» зауалына, адам оғлы­ның ұс­танымына барлау жасап, көр­кем тал­да­ған тақырыбының шындығын сурет­кер­лік­пен қорытқан жазушыға қандай кінә қоя аласың.

Адамды адам түсінудің ақын айтқан ақыретін былай ысыра тұрып, бір халықты бір халықтың танып-білу жағдайына әлеу­меттік ғылым қаншалықты үңілді, жасаған қорытындысы бойынша тұшымды жауап бере алып жатыр ма?

«Егеменнің» «Социалистік Қазақстан» кезінде осы жолдардың иесі әдебиет бөлі­мі­нің қызметкері еді. Күніне ондап түсетін хаттарды жүрдім-бардым ашып, бас-аяғына дереу көз жүгіртіп өтіп, әрі қарай ысырып тастай салатынбыз. Жел­тоқсан көтерілісінен кейін өмір сүріп отыр­ған жүйеміздің, Абайша айтқанда, «сопы­сынған» ұсқыны бір көргенге ғана «тәп-тәтті» екені белгілі болып қалған еді. Міне, тап сол кезде Мәскеу маңайынан орысша жазылған хатты көзім шалып, дереу оқуға кірістім. Ауыл шаруашылығы маманы екенін әуелі ескертіп алған автор қазақ ұлтшылдығы дегенге үзілді-кесіл­ді қарсылығын білдіріпті. Бұл халық бол­мы­сындағы ұлттық мейір ерекшелігін фило­софтарша талдаған қолтаңбасынан орыс зиялысының мерейі үстем сезілетін еді. Ұлт пен ұлт арасындағы мұншалықты ақжа­рылқап ниетті қолыңа шам алып іздесең де кей-кейде кезіктіре алмай қиналатының рас. Сонсоң хатты кәдеге жарата қоймаған нем­құрайды қылығымызға не жорық. Со­ны есіңе алсаң құдды қылмыс жасап қой­ған­дай қолайсыз сезіністен арыла алмай­сың. Уақыт шіркіннің жүйріктігіне не дауа, отыз жыл дегенің зу етіп өте шығыпты.

Түрік жұрты рухының шымырлаған ажарынан жауынгерлік тебіреніс тайға басқан таңбадай айшықты көрінеді. Отанға деген солғындап көрмеген шынайы сезім иелерінің әруақ қоздырмай тұрмайтын кілті – ерлікке шақыру мен құрбандыққа бару. Бұл сабаздарыңның тастүйін келбетіне дүниенің төрт бұрышынан ағылып келген туристер арбалып қалғандай селтие қарап барып, жылыстап ақырын өтіп жатады. Міне, сол кезде атақты қазақ жазушысы қасын­дағы әріптестеріне дауыстай тіл қа­тып: «Дүниеде Түріктің әскеріндей ай­бын­ды жауынгер жоқ» деген кезде бейне өз елін мақтаныш қылған екпінін тежей алм­ай тұрғандай. Мұқым түрікті бөліп-жар­­майтын ұғым Кеңес мектебінде оқы­ған­­дардың бәріне бірдей бұйырмаған. Мұны тұтас қалпы қабылдауға деген құлық­сыздықтың сыры тереңде. Ал бұлар­дың түрік әлеміне өздерін аға тұтқысы келе­ті­нін қанша жасырып бақса да, өзін ұстауы мен тілдесуінен ол ниетті сезді­ріп алатын осалдықтары да жоқ емес. Дү­ние­нің қай шетінде жүрсін кез келген орта­ның тілі мен ділін білсін-білмесін қы­сы­лып-қымтырылмастан өздерін еркін ұс­тайтын әдет­тері. Жағымсыз әсер беріп, дұрыс емес пікір қалыптастырам-ау деп қой­мас­тан киіп-жарып сөйлеп, ойын­дағысын бүркелемей ашып-жарып айтып тастауға бар. «Тура тілді кісіні дейміз орыстың» Абай ал­ған мысалында, бәлкім, шындықты айту­дың ұлттық кемшін жағын ескеруі де мүмкін-ау.

Орыс тарихына біршама қанықтығы­мыз бардай сезінетінімізді несіне жасы­рып бағамыз. Өткен ғасырлардағы ұлы қол­бас­­шылардың жеңісті шеруінен хабар­дар екенімізді білдіріп, шетпұшпақ­татып баяндаған сәттерімізде түрік әріптес­тер Еуропа армиясының бұлардың әскері­лерінен оңбай жеңіліс тапқанын тайға басқан таңбадай айқышты айтатын нығыз­дығын сезесің. Әлемдік тарихи ой түрік рөлін көрнеу елемейтіні ойлары­на кіріп шық­пайтын дегдарлығын ескері­ңіз. Даму­дың әртүрлі керемет мысал­дарына таңыр­қап жүгінбестен салқын қабыл­дайтын «алыста жатқан бауырымызға» қайтадан жақы­ндап, етене тартқанымызға кемі ширек ғасыр. «Жиырма бірінші ғасыр түрік ғасыры» дегенді именбей айтуға жүрегі дауалаған бұл ағайынның дүниеде бары­на тәубе етіп қою орынды шығар. Дамуы өте жоғары отыз елдің қатарына кіру бастамасын жалау еткен қазақ билігінің ұранын өзге емес өзі­міз түсіну шартында қазақ қарияларының кеңдігін ұстану қажет-ау.

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»