Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2017

Атырау жұртшылығы латын әліпбиін қолдайды

493 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Болашақ ұрпақ үшін жаңа технология тіліне айналған латын әліпбиін қолданысқа енгізудің маңызы зор. Қазақтың ұлт ретінде ұйысуына, ұлттық құндылықтарымызды әлемдік өркениетке кеңірек танытуға ықпал ететін бұл қадамды Атырау жұртшылығы да қолдайды. «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері» бойынша «Латынға көшу: болашақ таңдауы» атты идеологиялық актив жиналысында өрелі ойлар айтылды.  

Атырау жұртшылығы латын әліпбиін қолдайды

Аймақтағы зиялы қауым өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер бас қосқан жиын­да облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынып жат­қан жұ­мыстарды баяндады. «Ла­тын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық деңгейде танылуы­на жол ашады. Мемлекет басшысы айтқандай, біздің рухани негі­зіміз болып отырған қазақ тілі­нің халықаралық мәртебесін көтеру – әлемдік өркениетке жетуі­міздің айқын жолы», деді аймақ басшысы.

Халықаралық «Қазақ ті­лі» қоғамдық бірлестігінің Аты­рау облыстық филиалының төр­ағасы Әбілхан Төлеуішов «Қазақ тілінің жаңа әліпбиге көшуі – тәуелсіз мемлекет пен қазақ қоғамының жеке дара ісі мен таңдауы. Бұған қазақ қоғамы іштей дайын отыр. Жаңа әліпбиге көшу – үлкен ұлттық нартәуекел. Уақытты созбай парламенттік тыңдауда ұсынылған жаңа әліпбиді жан-жақты талқылап, әрбір әріпті, әр таңба мен белгіні терең талдауымыз қажет. Себебі, тіл және жаңа әліпби мәселесінде ешқандай қателік болмауы тиіс. Әліпбиді өзгерту – өз ерекшелігімізді сақтап қалу, әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндіктерін дамытуға жағдай жасайды», деді. Ал филология ғылымдарының кандидаты Жұмазия Абдрахманова «Тіпті өз мемлекеттік әліпбиі бар елдер де шет тілдерін үйренгенде, ғылым мен техника, медицина салаларын игергенде латын әрпін үйренуді және қолдануды қажет етеді, – деген ойымен бөлісті. 

– Осы жағынан алғанда оны халықаралық әліпби десе де болады. Әлемдегі халқы ең көп Қытай мен қарыштап дамыған Жапония өз оқушыларына бейімделген латын әрпін үйретеді екен. Ғаламтор мен халықаралық жеделхат әрпі де латынша. Біздің еліміз де латын қарпін қолданудың аздаған жылдар болса да тарихи тәжірибесінен өткені тарихтан мәлім. Латынға көшудің тағы бір ұтымды жері бүкіл төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақтардың бір жазуды қол­дану мүмкіндігі. Ортақ жазу арқылы шетелдік қазақтар өз ұлтының тілінде, өз Отанынан күнделікті ақпаратты және латын қарпімен жазылған әдеби және басқа да туындылармен танысуға мүмкіндік алар еді. Осының арқасында әлемдегі қазақтар ана тіліндегі ортақ кеңістікке ие болады. Бұл қазақ тілін білетін және оны білгісі келетін қазақ ұлтының өкілі үшін әлемнің қай бұрышында жүрсе де, қазіргі ақпараттық технологиялардың арқасында оңай әрі тиімді іске асатын мүмкіндік болады».

 «Тхоньил» этномәдени бірлестігінің төрайымы Люд­мила Ли «Қазақ тілі әліп­биін латынға көшіру – графиканы ғана емес, тұтас қоғамдық сананы, мәдениетті қайта жаңғырту. Бұл – заман талабынан туған бастама. Статистикалық мә­ліметтерге сүйенсек, бір адам­ның ана бір қиындықсыз 3-5 тілді меңгеруге мүмкіндігі жетеді. Ол үшін ниет керек. Демек, латын графикасының нақ­ты үлгісін жасар кезде, тілдің тазалығы, әріптердің дұр­ыс дыбысталуына назар аудару маңызды деп ойлаймын», деді.

«Менің байқағаным – жастардың латын әліпбиіне деген көзқарасы мүлдем бөлек. Осы­дан бес-алты жыл бұ­рын балалардың латын әрпі­мен жа­затынын көріп, алға­шында таңғалғанмын. Кейін жас­тар­дың легіне іле­сіп, олар­ға латынша жауап беруге машық­та­на бастадым. Бір қызығы, са­бақты нашар оқитын оқу­шы­ның өзі құрбыларына жаз­ған хабар­ламаларын латын ал­­фавитімен жазып отырады. Бұл ба­лалардың жаңалықты тез қабылдайтынын білдіреді», дей­ді Атырау өңірлік «Рухани жаң­­ғыру» жобалық кеңсесінің бас менеджері Орынтай Бима­нова. 

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ