Шынын айту керек, сол сапардан мойнымыздан үлкен бір жүк түскендей болып, ауылымыздың еңсесінің көтерілгенін көріп, қуанып оралдық. Еліміздің шығысының ең бір түкпіріндегі Зайсан ауданының Қарабұлақ ауылы өзінің гүлдену дәуірін бастан кешіп жатыр екен. Тұрғындардың айтуына қарағанда, қазір мұнда бос отырған бір жан жоқ. Еңкейген қарты мен еңсе тіктей бастаған баласына дейін түгелдей еңбекке кіріскен. Біздің тоқтаған үйіміз – Гүлзада тәтемнің өзі (әкемнің інісі марқұм Қабден ағамның тоқсанға таяп қалған кемпірі) қолына таяғын сүйретіп, қарыс қадам жерге әзер жетсе де, баяғы шаруақорлығынан танбапты. Қажет болса, шайды да өзі қайнатып жібереді. Тіршіліктен әлі де қалмағандығын танытып, осы үйдің бүкіл тіршілігін дөңгелетіп отырған Бақытжан бауырымызға қаратып, ескертулерін жасап отырады екен. Ал немересі Ерлан – осы ауылдың маңайында орналасқан газ өндіретін кәсіпорында еңбек етеді. Журналистік қызығушылығымыз оянып, «қанша жалақы аласың?» деп сұрағымыз келгенімен, әдептілікті ойлап үндемедік. Бірақ бір отбасын еркін асырайтындай әжептәуір табыс табатындығын естігенде, іштей марқайып қалдық.
– Біз осының табысына қарап отырғанымыз жоқ. Ақшаңды өзің жинап, тездетіп үйленіп, бас құра деп отырмыз. Менің зейнетақым, Бақытжанның алатын ақшасымен қосқанда, өзімізге еркін жетеді. Оның үстіне малымыз, бақшамыз бар. Малдың бәрі Желшиде түйе бағып отырған балам Батырханның қолында. Ол үйдегі келін де газ кәсіпорнында жұмыс істейді. Бұл ауылда қазір бос отырған бір жан жоқ. Тіпті қолы бос деген біз секілді кәрі-құртаңның өзіне жұмыс деген жетіп-артылады. Елдің жағдайы қазір бұрынғыдай емес, жақсы, – деп біраз жайдан хабар беріп өтті Гүлзада тәтем.
Кешкісін ертеңгі күнге қатым түсіргенге сойылатын үлкендігі тайыншадай ірі қойды жетектеп Батырхан да жетті.
– Қазір елде бәрі бар, тек уақыт тапшы. Бір қолды екі ете алмай отырған жайымыз бар, – деп қояды бауырымыз кешігіп келгеніне кешірім сұрағандай.
Айтса айтқандай, Батырханның өзі қазіргі сәтте бірнеше шаруамен айналысып жатқан көрінеді. Содан артық сөзге мүлдем мұршасы жоқ. Алып келген қойды үлкендердің батасымен тездетіп бауыздап, бұтарлады да, екінші бір шаруасына асықты. Сөйтсек осы Қарабұлақ ауылының ортасын ойып тұрып үлкен үй салғызып жатыр екен.
– Үй салушылар көп пе? – дейміз бұл жаңалыққа елең етіп. Өйткені үй салынып жатқан жерде кіріс бар, береке бар, тұрақтылық бар екендігін білеміз.
– Жетеді, – дейді Батырхан. – Тек үй ғана емес, әлеуметтік, кәсіпкерлік құрылыстар салып жатқандар да бар. Анау көрініп тұрған үлкен құрылыс – тойхана. Оны осы ауылдың байырғы тұрғындары Түсіповтер салып жатыр, – деп ауылдың шығыс бөлігінде алыстан менмұндалап тұрған биік те еңселі нысанды көрсетті.
– Үй салудың шығыны көп пе? – дейміз тағы да біле түскіміз кеп.
– Көп, – дейді Батырхан. – Әсіресе, құрылысшыларды жалдау ақысы қымбат. Қазір арзанға ешкім жұмыс істемейтін болып алды. Жуықта Алматыдан осы ауылда мектепте бірге оқыған сыныптастарымыз келген еді. «Ойпырмай, сендерде құрылысшыларды жалдау ақысы Алматыдан да қымбат екен!» деп таңданып қайтты.
Ауылдағы тағы бір жағымды жаңалық, мұндағы әрбір үйге газ кіргізілмек екен. Газ құбырларын тартатын мекеме пайда болып, газ құбырын әрбір ауылдың ауласына дейін жеткізіп, басын қада секілді етіп қағып кетіпті. Енді жоғары жақтың арнайы рұқсатын күтіп отырған көрінеді.
Кешкісін бос жатпайық деп, ауыл ақсақалдарының бірі Айнабек ағаның үйіне кіріп, сәлем бергенді жөн көрдік. Айнабек Хамитов – осы «Қарабұлақ» кеңшарын ұзақ жылдар басқарып, кеңшар тарардың алдында ауыл әкімі қызметіне ауысып, оны да біраз жыл атқарып, зейнеткерлікке шыққан ағамыз. Ең бастысы «тура биде туған жоқ» дегендей, әділдігі, қоғам малына қол сұқпайтын адалдығымен аты шыққан адам. Сол қасиетіне байланысты халық та сыйлап, құрмет тұтады. Бәлкім содан ба екен, кеңшар тарап, ауылдың ат төбеліндей белсендісі жапа-тармағай қала жаққа қозғалғанда, ағамыз ешқайда мойын бұрмастан осында қала бергенді жөн санапты.
Біз Айнабек ағаның еңселі үйінің дағарадай қақпасынан келіп кіргенімізде ымырт үйіріле бастаған шақ еді. Жеңгеміз есік алдындағы үлкен бау-бақшаны күтіп далада жүр екен. Ал есіктің алдын иран бағы дерсіз. Бірнеше жерге гүлзарлар орнатылған. Тамырына құйылған судан қанып ішкен ағаштар сәмбі талдай бас иеді. Мұрынға неше түрлі жеміс-жидектің аңқыған иісі келеді.
– Таңқурайды, құлпынай мен қарақатты алдық, енді жүзім мен көкөністерді жинап жатырмыз, – деді жеңгеміз.
Айнабек ағаның жасы 77-де. Жеңгейдікі де сол шамалас. Бірақ жасымыз келді екен де бос отырған бұл кісілер жоқ. Ағамыз кітап жазып, шежіре таратуды тағылым ететін секілді. Өз туыстары мен ата-бабаларының тарихы туралы екі-үш адаммен бірігіп жазған жалпақтығы табақтай қалың кітапты қолымызға әкеліп ұстатты.
Бұл ауылда мектеп бітірушілердің 20, 30, 40, 50 жылдық кездесулерін өткізіп отыру – әбден дәстүрге енген жайт. Былтыр біздің сыныптастардың 40 жылдық кездесуі өткенде, жұмыстан қолымыз босамай оған бара алмаған едік. Сондықтан ауылдағы сыныптастарымыздың тым болмағанда біреуінің бет-жүзін көріп, сәлем беруді парыз санап, бала күннен бірге ойнап өскен досым Тоқташтың үйіне «кеш жарық» деп кіріп барған кезімізде, әйелі Бақыт екеуі тоқсанға келіп, араларына бір күн салып қатар қайтыс болған әке-шешелері тіріліп келгендей қатты қуанды. Сонан кейін Бақыт та дастарқан жаюға кірісті. Дастарқанда не жоқ дейсіз. Осынау күздің берекелі шағында бүкіл Қарабұлақ ауылы барлық молшылығымен алдымызға келгендей болды. Құрт, ірімшік, қаймақ, жент, май, бауырсақ, жеміс-жидек, көкөніс пен тосаптың неше түрі үстел қайыстырады.
Тоқташ та, Бақыт та жұмысбасты, мал-жанды адамдар. Тоқташ ауылдың білдей агрономы екен. Бұл қызмет соңғы кездері ауыл шаруашылығы саласында жүріп жатқан өзгерістерге байланысты ауыл әкімдігінің қасынан жаңадан ашылған сыңайлы. Бақыт болса Зайсанда кәсіптік училищеде сабақ береді. Екі ұлды қаланың интернатына берулерінің сыры осында секілді.
– Ауылымыз Астанаңнан кем емес, – деп қояды Тоқаң. – Көшелеріміз әне түн ішінде самаладай жарқырап тұр. Ауыл болсақ та бір емес, бірнеше паркіміз бар. Адам саны болса жылдан жылға өсіп келеді. Қысқасы тіршілігіміз қайнап жатыр.
Тоқаңның осы сөзінің ешбір өтірігі жоқтығын ауыл әкімдігінен алынған мәліметтен білдім. 2009 жылы ауылда 2300 адам тіркелсе, 2014 жылы 2400-дің үстіне шыққан, қазір 2500-ге таяған екен. Себебі мұнда көшіп келушілер бар. Бала саны да жылдан жылға өсе түсуде.
Ауылда 1 диірмен, 1 кіші наубайхана, 2 май сығатын цех, 5 дүкен, 1 мал дәрігерлік қызмет, 1 шаштараз, 1 дәріхана жұмыс істейді. 1 дәрігерлік амбулатория, 1 кітапхана, 1 стадион, 1 спорт зал, 1 мәдениет үйі, 1 орта мектеп бар. «Балық Восток Продукт» зауыты 2005 жылдан бастап өз жұмысын бастап, ауылдағы 120-дай азаматты жұмыспен қамтып келген. Мұның сыртында 2006 жылы ет өңдейтін цех ашылып, басшысы «Асық» шаруа қожалығының жетекшісі А.Көпенов облыстық бюджеттен 15 млн теңге несие алып, күрделі жөндеу жұмыстарын жасап, мал сою цехын ашып, ауылдың 15-тей азаматын жұмыспен қамтыған. Алдағы уақытта бұл цехты жетілдіре отырып, сапалы дайын өнімдер шығару жоспарланып, қондырғылары сатылып алынуда.
Ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен 106 шаруа қожалығы айналысады. Оның ішінде, қой шаруашылығы және егін егумен 101 шаруа қожалығы айналысса, 5 шаруа қожалығы ірі қара малын өсіреді. 479 ауланың 462-і (96 пайызы) мал бағумен айналысса, солардың тең жарымы мұны місе тұтпай, жаз шықса бау-бақша салып, тары, картоп, қауын-қарбыз, көкөністің көптеген түрін егеді. Бидай, арпа салушылар да аз емес. Мұның сыртында, үй қасындағы бақшалық жерлерге жеміс-жидек отырғызу да жаппай етек ала бастапты. Себебі ауылда мал көбейген соң араларынан ортақ бақташы жалдап немесе мыңғыртып мал ұстайтын байларға ақша төлеп қосып, малды жайлауға шығару ісі қызу жанданып келеді екен.
Енді оның үстіне, ауыл іргесінде мұнай мен газ кен орындары ашылған соң көптеген жастар сонда еңбек етеді екен. Міне, осылайша соңғы жылдардың өзінде тіршіліктің көптеген көзі пайда болған соң, мұнда ешкім қол қусырып, бос отырғысы келмейді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»