25 Қыркүйек, 2017

Өкпе-назды да өркениетті үлгіде білдіре білейік

733 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Арызқойлық қазақтың өміріне отар­лық кезеңінде енген кер­тартпа, келеңсіз көріністің бірі. Отар­лаушылар халықты бір-біріне қарсы қойып, бірінің үстінен бірінің арыз-шағым жазып тұруын ынталан­дырып, ақырында арызқойлықты келең­сіз өмірдің кесірлі нормасына айнал­дырған еді.

Өкпе-назды да өркениетті үлгіде білдіре білейік

«Барып келсе Ертістің суын татып, Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып, Елді алып, Еділді алып есіреді, Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып...» деп ұлы Абай айтқандай «бұтып-шатқан» бір арыз бергеніне мәз болып, дұшпанын мұқатып, жау түсіргендей болған қазақ көбейіп, арызқойлықты бір ерлікке балаған кездер де болды. Отарлаушылар арызды өз пайдаларына шебер пайдаланып, ортасынан озып бара жатқан ел бастайтын адамдар болса, беделді тұлғалар болса олардың үстінен (кейде тіпті өздері де ұйымдастырып) түскен арызды сылтау қылып, ондай жандардың қанатын қайырып, түрлі жазаға ұшыратып, беде­лін түсіріп отыратын. 

Кеңес Одағы жылдарында да арыз­қойлық қазаққа кеселін тигізудей-ақ тигізді. Әсіресе 1937-1938 жылдардағы «үлкен террор» кезінде арызқойлықпен талай аймаңдай азаматтарымыздың көзін өзіміз құрттық. Билік бұл жылдарда да арызқойларды ынталандырып, «қызыл белсенділер» деген ат беріп, оларды қолпаштап, қызметте өсіріп, тұрмыстық жағдайлар да жасап отырды. Осындай «қызыл белсенділерге» қарсы кек алу мақсатымен зардап шегушілердің туыстары мен достары да арыз ұйымдастырып, қарсы шабуылға шыққан мысалдар да жүздеп саналады. Сөйтіп, арызқойлық бір кезде халқымыздың арасына ши жүгіртіп, бірлігі мен ынтымағына сына қаққан қасірет болған. Әйтеуір, Сталин заманынан кейін арызқойлықтың ықпалы біршама бәсеңдеп, тыныштанған еді. Алайда бұл кезеңдерде де арызқойлық ішінара көрініс беріп, қарсыластарының аяғынан шалу құралы болып жүрді. Мәселен, Брежневтің тұсында жазушы Ілияс Есенберлиннің үстінен ұйымдастырылған арыздың кесірінен ол үш ғасырлық тарихымызды қамтыған үш томдық кітабы үшін берілгелі тұрған Ленин сыйлығын ала алмай, осы марапат ынтымағы берік грузин халық жазушысының қанжығасында кетті...

Әрине елдің еңселенуіне пайда тигізу үшін көтерілген дабылдар мен сигналдарды арызқойлықтан айырып қарау керек. Мәселен, қаланың қақ ортасында басқа көліктердің бәрі тоқтап тұрғанда жол ережесін өрескел бұзып қызыл жарыққа жүріп кеткен автомобиль туралы жол полициясына хабарлап, нөмірін көрсету – арызқойлық емес, бұл тәртіп бұзушыны жөнге салып, апатты жағдай тудыратын жағдайды екінші рет жасатпауды көздеп, елдің, халықтың мүддесі үшін жасалған өркениетті үлгідегі жанашырлық. Мұн­дай жанашырлар көбейе түссе, елдің тәртібі де оңала түсіп, өмір сүруге жағдай жасаудың сапасы да артады. Ал ел мүддесі емес, қара басының қамы үшін үлкен ұрандарды бетке ұстап жазылатын арызқойлықтың бетін шиедей қылып, әшкерелеп отырған жөн деп санаймыз. 

Соңғы кездері сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туын жамылған арызқойлық кесел қайтадан бас көтергенін көріп жүрміз. Мұндайларда өшіккен адамына қастандық қылу әрекеті көзге ұрып тұрады. Аты-жөнін айтпай-ақ қояйық, жуырда редакциямызға Астана маңындағы аудан орталықтарының бірінен арыз түсті. Мемлекеттік бюджеттен ақы алатын бір мекемеде қызмет істейтін адам екен, ол басқа бөлімде істейтін бір қызметкер әйелдің үстінен арыз жазып, жұмыс уақытында Астанадағы университеттердің бірінде магистратураны бітіріп алғанын сыбайлас жемқорлық деп көрсетіпті. Өйткені дейді ол, қызметкер жұмыс уақытында сегіз сағат тапжылмауы керек еді ғой, ал мен оны жұмыс орнында көрген жоқпын, демек ол жұмысқа келмей 75 шақырым жердегі университетке барып жүрген, ал мұндағы еңбекақысы жүріп жатқан. 

Арызданушы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі департаментке жазған арызым толық тексерілмей, әйелді ақтап шықты деп осы қызметтің республикалық басшылығына да жазыпты. Ол жердегілер де сыбайлас жемқорлықтың жоқ екенін анықтайды. 

Арыз иесі аталған уақытта қызметкер әйелдің жұмысқа шықпауы себебінен нақты міндеттері атқарылмай, жұмыс ақсады деген фактілер келтірсе, оның жазғанына көңіл аударуға болар еді. Ал негізінен нәтижеге көңіл бөлінуге тиісті еркін заманда магис­тратурада оқып алдың деп ешкім сөкпесе керек еді. Оның үстіне тікелей бастығы мен әріптестері әйелдің магистратураға барғанынан жұмысты ақсатпағанын айтса, оқуға сұранып барып жүргенін көрсетсе, ал оқу орны сабақтың тапсырмаларын толық орындағанын айтса ондай адамды жазғыруға бола ма? Сондықтан бұл жерде басараздық па, басқа ма, әйтеуір бір келеңсіздікті ту еткен гәп бар сияқты... Осындайлардың жолы кесілгені жақсы еді. Әйтпесе, өзге қысастықтарын айтпағанда қаншама қызметкердің уақытын босқа алып, тексеруге сабылтып, мемлекет қаражатын босқа шығындайды емес пе? 
 

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»