Несіпбек Дәутайұлының «Мінез» әңгімесінде ағалы-інілі кейіпкерлер бір-бірімен сөйлесіп отырғанда былай дейтін:
« – Сенің бірде-бір кітабыңды оқымаппын, – деді ағасы, – не жазасың осы?
– Өзімді де.
– Өзің не... үлгімісің елге?
– Болмаған соң да өзімді-өзім талайтыным».
Жазушы біткен не заманнан бері өзін жазып, жанын бола алмай қалғаннан кейін жеп келе жатыр десе, оп-оңай сене салар едік. Адам табиғатындағы құпия болмаса да, көпке белгісіз қырларды һәм бәріне белгілі болса да құпиядай сыбырлап қана айтатын, я мүлде айтпайтын мінездер мен қылықтарды ең алдымен өзінің бойынан байқап қалып, таланбай ма екен. Қолына қалам алған күннен бастап, өзіне ауыр міндет жүктеп алатын қаламгер қауымның мерейін қалай асқақтатып, атын аңыз қылсақ та, ең алдымен қарапайым адам екенін естен шығарып аламыз. Ақын мен жазушы туралы сөз қозғағанда «арқасы бар» деп ерекше адам ретінде қарай бастағаннан-ақ қателеседі екенбіз. Адам, пенде, ақын деп бір адамға үш түрлі нүктеден көз тігіп отырғанымызбен, оның мазмұны еш өзгермейді. Қайта соның бәрін бір ғана сызық бойымен қараудан қиын нәрсе жоқтай. Біз қаламгерлердің шығармашылығы мен өмірін екі бөлек қарастырып үйренгенбіз. Жеке-жеке шығармаларын талдаған кезде, образдар мен идеяларды, проблематика мен психологияны, поэтиканы басты назарға алып, жазушы өміріндегі соны жазуға түрткі болған нәрсені ескермейміз. Ал оның әр сөзінде, кейіпкерлерінің қарым-қатынасында өмірде болған, соны жазуға итермелеген жайлардың болуы әбден мүмкін ғой. Мәселен, Кафканың «Құбылуын» Нидер сияқты биограф-фрейдистер әкесі екеуінің арасындағы қиын қарым-қатынастан туған шығарма деп есептеген. Кафка өзін әкесінің алдында кінәлі сезінген. Сондықтан да балалар жәндік болып суреттелді деген. Ал бұл пікірге Набоков үзілді-кесілді қарсы. Ол қоңыз туралы өзінің түсінігін жазады. Сонда әр сыншы, ғалым болсын өзінің түсінігінде, пайымында белгілі бір мотив, сюжет, идея қалай көрініс берсе, соны нақты дәлелдеп жазуға әбден хақылы. Әркім өзінше көреді. Ал бізді ылғи қасаңдыққа әкелетін нәрсе, қаламгердің жеке басындағы оқиғаларға немқұрайлы қарау. Әрине шығарма сырын ашудың жолы жалғыз бұл емес екені түсінікті. Дегенмен бір бояуын қанық қылатын дүние осы деп ойлаймыз.
Мысалы, Несіпбек Дәутайұлының шығармашылығы туралы жазғанда, оның өмір жолын да ескеріп отырсақ айтпақ сөзін тереңірек түсінер едік. Себебі әрбір қаламгер шығармашылығының өн бойында жеке өмірінің фрагменттері жүреді. Ал оны көркем шындықпен астастырғанда шығарма ішінде көркемдікке қызмет етіп тұр ма, жоқ па соны аңғарамыз. Мысалы, жоғарыдағы Хәкімжан мен ағасының диалогтарын алайық. Бұл әңгіменің көркемдік колориті туралы айтпас бұрын, ондағы ортақ әңгімеге назар салайықшы. Алдымен: «Сенің бірде-бір кітабыңды оқымаппын, – деді ағасы, – не жазасың осы?» деген сұрақ. Адамдардың кітап туралы түсінігі жұтаң тартқан заманда бұл сұраққа таңғалмаймыз. Бірде-бір кітабыңды деу арқылы Хәкімжанның бірнеше кітап жазып тастағанын сездіреді. Ал таңғалатынымыз: соның біреуін де оқымаған адам – туған ағасы! Оның өзі билікке араласқан, бір кездері көзі ашық саналған азаматтардың бірі. Біздің қоғамның дерті осы, жазушы өзінің кітабын туғанына да өткізе алмайды. Енді келіп оқырман мен жазушы туралы дөңгелек үстел ұйымдастырудың жөні қалды ма? Сөйте тұра екеуі де мінез көрсетеді. Шындықты айтып, басшылыққа жақпадық дейді. Сол үшін де екеуі де жұмыссыз. Бұл мінез – бүгінгі дерт. Кітабын ешкім, тіпті туған ағасы оқымаған жазушы-кейіпкердің дерті. Ол алдымен кітабын оқытып алсын. Ал өмірде өз қолы өз аузына толық жетпеген майда шенеуніктің мінезін мінез деуден гөрі қиқарлық дерсіз. Бұл дертті жазушы өмірде қалай көрді, ол бізге белгісіз. Бірақ осыны ешбір астарламай тура айтады. Қисық-қыңыр мінездің неге әкеп соғатынын жазушы көрсетеді. Жалғыздыққа! Абайдың «мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім. Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені», деуінің себебі осы. Мұндағы мінез – адам табиғатына қисық біткен әдет, қылықтар. Ішкі мәдениет, шындықты айту, әрине жақсы. Бірақ мен өзі осындаймын деп, сол қыңырлығын жөні жоқ әлдеқандай қылса, ол мінез емес, мінезсіздік.
Біздің жазушылар жеке өмірі туралы көп айта бермейді. Несіпбек Дәутайұлының да басқа қазақ жазушылары секілді қайда туғанын, қайда оқығанын, не жұмыс істегенін, әдебиет туралы ойларын, айналасындағы, көңіліндегі сыйлас адамдарын сұхбаттарынан оқып білдік. Ар жағы біз үшін күңгірт. Сондықтан да шығармаларына үңілеміз. Бәлкім оқыр- ман үшін шығарма ғана керек шығар. Бірақ әдебиетші, әдебиеттанушылар үшін өмір де маңызды. Әдебиеттанудың, әдебиет тарихының кезеңдері туралы сөз болғанда, ақын-жазушылардың шығармалары сол кезеңдегі қоғамға, әлеуметтік психологияға, билікке көзқарас ретінде де қарастырылады. Осы жағынан алғанда кей дүниелерді тұспалдап, гипотезамен шешуге мәжбүр.
Несіпбек Дәутайұлының шығармаларының ортақ тіні үзілмейді. Тіпті ертеректе жазған «Жол», «Ақ көгершін» туындыларындағы өзек дами келе «Аты жоқ әңгіме» жинағына енген шығармаларында күрделі мәселеге айналады. Жазушы адам ұзақ уақыт бойы бір мәселе төңірегінде ойланғанда, оның жан-жағын қопарып, айналасын түгел қаузайды. Бұл саналы, яки бейсаналы жағдайда болатын құбылыс па, оны тап басу қиын. Бұл бір жағынан алғанда алдыңғы шығарманың идеясын қайталау сияқты көрінгенімен, оның айналасындағы ситуацияларды көрсетуге тырысқанын көресің. Несіпбек Дәутайұлының шығармаларындағы ортақ өзек – баласын іздеп қалған, я бала сүйе алмаған әке, некесінен барақат таппаған, нәпсіден рақат кешпеген әйел, ел ерекше қасиетті санаған аңыз-әфсаналардағы кепиетті тәмсіл, Ақкүшік пен Айғыркісінің образында көрінетін адам үшін құрбан болған асылтекті жануарлар, Баянды мен Шерлінің бейнесіндегі жақсылық пен жамандық.
Абыл мен Қабылдың оқиғасынан бері, тіпті одан әрі Ібілістің тәкаппарлық қылған кезінен бастап, жақсылық пен жамандық қиян-кескі соғыс жүргізіп келеді. Халық ертегілеріндегі жақсылық жеңіп, мұратына жетіп жататын шешім бара-бара өзгеріп, құрбандық көбейе түсті. Қазіргі уақытта тіпті әлемдегі болып жатқан ұрыстарды еске алудың өзі жанға ауыр. Тура мағынасында қан өзен болып ағып, өлік тау болып үйіліп жатса, пенде баласы оны сабақ құрлы көрмейді. Ол бізден алыста, қатысы жоқ дүние боп көрінгенімен, адамзат баласына ортақ болмыстан туып жатқан зұлымдықтар емес пе?! «Жол» хикаятындағы Баянды мен Шерлі сюжеті осы жақсылық пен жамандықтың бейнесіндей көрінген. Жол жөндеушілердің тағдырын айтып, ел ішіндегі ескі аңызды қатар өріп отырған жазушы бұл егіз ұғым адам табиғатындағы қасиеттер деп тұжырымдаған. Жолды символикалы түрде пайдалану арқылы өмірді тұспалдайды. Мейлі жол жөндеуші болсаң да, сапар үстінде аялдаған мүсәпір болсаң да өмір жолында қыбырлап тіршілік еткен жансың. Ондағы жақсылық пен жамандық бірде Имансерік пен Байболсын, Төлеп пен Төрекелді болып та құбылады. Тұрсынжан Шапай Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр адам» шығармасының ізімен жазған дүниесінде «жамандық тоқ болса, жақсылық аман» деген мазмұнда ой қорытатын. «Жақсылық пен жамандық» деген халық ертегісінде де арыстан тоқ болуы үшін үңгірде тамақ үнемі дайын тұрмайтын ба еді?! Шерлі де, Имансерік те сол жақсылықтың амандығы үшін құрбан болған жандар. Ақкүшік те, Айғыркісі де, Жалғастың амандығы үшін жиырма биенің құрсағынан бір түнде түскен жиырма құлын да жамандықтың жолына кеткен құрбандар. Кемелханның жастайынан серігі болған ақ көгершіннің бейопа тағдырын қайда қоясыз? «Әнім сен едің» «Жол», «Ақ көгершін» сияқты хикаяттар мен әңгімелерінде сөз болатын қазақ даласындағы әртүрлі тәмсілдердің ғибраты, жан-жануардың киесі («Айғыркісі», «Қанқызыл жалқын») уақыт өткен сайын жаңа заман ұрпақтарының санасына сіңбейді. Ал ұрпақ тәрбиесіне жауапты ең алдымен әйел-ана емес пе еді? Несіпбек Дәутайұлының әйелдері (кейіпкерлері) тәрбие бере алмайтын жандар. Бірі тәрбие бергісі келсе де баласы жоқ (Бекзат), енді бірі тіпті түтін түтетіп жүрген жоқ (көгілдір көйлекті келіншек, оралман әйел, Роза). Жалғастың шешесі туралы мүлде сөз жоқ. Әйтеуір оның да ақша соңына түскен пысық әйел екені белгілі. Осы құбылыс ұрпақ үшін алаңдауға әбден негіз бола алатындай. Жазушы шығармашылығында ұрпақ мәселесі осы жерден кеп шығатын секілді. Адам баласының нәпсісі қозғаны, арсыздыққа барғаны ұрпақты тоздырады. «Аты жоқ әңгімедегі» енді көрмей қалуды армандаған баланың қылығы соған меңземей ме? «Өзеннің арғы жағы мен бергі жағы» әңгімесіндегі Мәндібай мен Оразбектің трагедиясының бір ұшы осы бала мәселесінде жатыр. Жеке бастарының кемшіліктерінен сол күйге тап болды ма? Бірі баласы жоқтықтан, екіншісі баласының байлығына мастанғандықтан. Екеуінікі де трагедиялы күй. Осындай ел ішіндегі кемшіліктердің неге апарып жығатынын көрсетті жазушы. Мәндібай мен Оразбек кебіне апарады.
И.Волгин секілді орыс сыншылары князь Мышкинді «орыс қоғамының күрделі мәселесі» деді. Біз Мышкин мәселе ғана емес, сол кездегі орыс қоғамының, жазушының үміті дер едік. Себебі ауруынан сауығып келген Мышкин Ресейге келіп, қайта жынданып кетеді. Тіпті, ауруы бұрынғысынан асқынып, емдеген дәрігерінің өзін танымай қалады. Швейцарияға қайта жіберу, кейіпкерін өлтірмеу арқылы Достоевский оның оралуынан үміт етіп тұрғандай. Себебі орыс қоғамы түзеледі деп ойлайды. Ал Несіпбек Дәутайұлының кейіпкерлері арманнан туған. «Жазушы шығармасында өзінің арманын жазады» депті Парандовскийдің бір жазушы кейіпкері. Лотман да соны растайды. Осы тұжырымды Несіпбек Дәутайұлының шығармаларына байланыстырып айтқанда, жазушының арманы – адал, жақсы ұрпақ, абзал жар, берекелі неке, ұлтын сүйген ер, тарихын қастерлеген ұл. Осы жақсылықтың бәрі ұлтымның бойында, тағдырында болса деп арман ететіндей сезіледі. Әркім-ақ ойлар ізгілікті жазушыға тән шеберлікпен қаламы арқылы жеткізе алғанын түсінуге талпынғанда осы тоқтамға келесің.
Несіпбек Дәутайұлының ойлау образында бұрын өткен шақ, жедел өткен шақ, ауыспалы өткен шақ – тек қана ұлттың тарихы емес, өткеннен сабақ алдың ба деп сұраушы. «Ақкүшіктің» соңы неге өзеннің екі жағасында қалған оқиғамен аяқталады?
Хикаяттағы трагедияның жөні мүлде бөлек. Паша мен Матрена, Роза мен Қалдыбай, Қалдыбай мен Бекзат қарым-қатынасын соншалықты терең түсініп және оны оқырман Ақкүшіктің фонында қызығып, құмарланып оқиды. Орыс пен қазақ халқының тұрмыстық психологиясы мүлде бөлек екенін көресің. Бекзат пен Розаның айырмашылығы неде? Бекзаттың Қалдыбай сияқты сүйетін күйеуі бар, бірақ баласы жоқ. Рoзаның баласы бар да, күйеуі жоқ. Ал сол жағдай ең алдымен Қалдыбайдың жанына батады. Өмірдің мәні ұрпақта деп ойлайды. Бірақ бедеулігіне көнген. Мойынсұнған. Сондықтан да өзі үйден кеткен. Қалдыбайдың күйін Өрікайдар түсіне ме? Жалғасты әкесі түсінбеген сияқты («Айғыркісі» әңгімесінде) Өрікайдар да оның трагедиясына бес минут та бас қатырғысы келмейді. Ол да – нәпсінің құлы. Бірақ жазушының нәпсіге (байлық та нәпсіні оятады) байланған кейіпкерлері жақсылыққа жеткен емес. Қалдыбай мен Бекзаттың өзеннің екі жағында қалуы арқылы жазушы шешімді бізге қалдырады. Һәм қалай ойлайсыңдар деп сұрайды? Екеуінің қайта қосылып, тіпті Қалдыбайдың бедеуліктен емделіп, балалы болғандарына сенер едім. Жазушы осындай сұрақтар қою арқылы өзі де мәңгілік сұрақтарға жауап береді. Тіпті, кей сұрақтары риторикалы. Жауапты оқырмандарымен бірге табады.
Жазушы айтқан әлеуметтік, моральдық мәселелер бүгінгі қазақ қоғамындағы ең өзекті тақырыптардың бірі. Несіпбек Дәутайұлының шығармашылық әлеміне аяқ басар сәтте, жазушының жанын түсінуді ойлайсың. Өзеннің екі жағалауында көпірсіз күйде қалмасақ екен. Жалпы, оқырман мен жазушыны табыстыру үшін бір Ақкүшік керек шығар.
P.S. Жұрттан оқшауланып тұратын алабөтен болмысы туралы аңызы бар, ақиқаты бар жел сөз көп айтылады. Қалпағы мен темекісінің өзі аңыз болып кеткен жазушының шығармашылығы жайында аз әңгіме айтқанда көп мәселеге маңдайымызды соқтық. Жазушымен ендігі болар сұхбатым әдебиет хақында емес, жеке өмірі туралы болатынына тағы бір рет көзім жете түсті...
Бағашар Тұрсынбайұлы,
«Егемен Қазақстан»