Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2017

Ұлттық ұланның 20 жауынгері «Күрең берет» иегері атанды

1876 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлінісі әскери қызметшілерінің күрең берет кию мәртебесі және «Бүркіт» кеуде белгісін тағуға қол жеткізу үшін қорытынды квалификациялық сынақ тапсыру шарасы өтті. Астана қаласының іргесіндегі «Қаптағай» оқу орталығында ұйымдастырылған бәсекеде 20 жауынгер «Күрең берет» иегері атанды.

Ұлттық ұланның 20 жауынгері «Күрең берет» иегері атанды

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін психо-физиологиялық сынақ шарасы бұл жолы алғаш рет Астана қаласында ұйымдастырылды. Оған Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінің жетекшісі генерал-майор Муслим Алтынбаев пен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов және еліміздің күш құрылымы арнайы бөлімшелерінің, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Биылғы сынақта күрең беретке үміткер жауынгерлер бас-аяғы 19 нормативті орындады.

Оның ішінде жиынтық қару-жарағын арқалап 75 шақырымдық қашықтықты жүгіріп шығу, сулы өткелді малтып өту, тәжірибелік атыс және белгіленген уақыт ішінде үш қарсыласпен ұрысқа түсу нормативтері бар.

Биыл еліміздің барлық өңірінен келген күрең берет киюге үміткер екі жүзге жуық әскери қызметші квалификациялық сынақ тапсыруға ынта танытты.  Оның тек 91-і ғана жарыс жолына жіберілген.

Екі күнге жоспарланған сынақта 18 жауынгер ғана ақтық сынға дейін жетті.

Сондай-ақ, биыл аталмыш сынақты сапалы өткізу мақсатында және күрең беретке үміткерлердің нормативтерді орындауын бақылау үшін оның барлық кезеңінде «Күрең берет» Орталық кеңесінің мүшелігінде тұрған 37 нұсқаушы және аға нұсқаушылар тартылды.

Оларға басшылық тарапынан салтанатты жағдайда күрең берет пен «Бүркіт» кеуде белгісі табыс етілді.

Осы жолы сынақтан сүрінбей өткен 18 жауынгерден бөлек, арнайы мақсаттың екі жауынгері күрең берет кию мәртебесіне ие болды. Олар Алматы мен Ақтөбе қаласында өткен арнайы операцияларда ерлік көрсеткен ержүрек жауынгерлер. Осылайша, биылғы жылы 20 жауынгер күрең берет иесі атанды.

«Күрең берет кию мәртебесі иесіне ешқандай материалдық көмек алып келмейді. Олардың жалақысы бұрынғыша қала бермек. Олар тек Отанды қорғау кезінде алғы шепке шығып, алғашқылардың бірі ретінде аттануға құқығы бар. Бұл Отанға риясыз берілген азаматтар ретінде болып қала береді. Біздің мақсатымыз осындай азаматтарды іріктеп, еліміздің тыныштығын қамтамасыз ету», дейді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»