Саясат • Бүгін, 07:55

Әл-ауқатты арттырудың негізгі факторы

5 мин
оқу үшін

Ел азаматтарының ақшалай табысының шамамен үштен екісі жалдамалы еңбек есебінен қалыптасады. Мұндай тұжырым Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Сараптамалық кеңестің отырысында айтылды.

Әл-ауқатты арттырудың негізгі факторы

Кеңес жұмысына экономика мен қаржы саласынан 30-дан аса сарапшы қатысты. Сарапшыларға Эконо­мика­лық зерттеулер инсти­туты әзірлеген эконо­микалық өсім мен халықтың нақты табысы­ның өзара байланысын талдау, сондай-ақ алдағы төрт жылға арналған халық табысын арттырудың кешенді жоспарының жобасы ұсынылды.

Институт деректеріне сәйкес, 2000 жылдан бері нақты ІЖӨ, жалақы мен халықтың ақшалай табысының оң өсу қарқыны байқалады. Сонымен қатар жалдамалы еңбектен түскен қаржы азаматтардың әл-ауқатын қалып­тастыратын негізгі табыс көзі болып отыр. Былтыр оның үлесі халық­тың барлық ақшалай кірісі­нің шамамен үштен екісіне жетті.

Институттың басқарма төр­ағасы Біржан Бәткеев атап өткендей, жүргізілген талдау азаматтардың әл-ауқатын жақсарту экономикалық өсімді халықтың табысына берудің негізгі арналарын күшейтуді талап ететінін көрсетеді. Басым­дықтар қатарында сапалы жұмыс орындарын құру, ең­бек өнімділігін арттыру мен жалақы­ның өсуі бар.

Талдау сонымен қатар маңыз­ды салалық және аймақтық айырмашылықты анықтады. Жалақы деңгейін қоса алғанда, бірқатар көрсеткіш тұрғысынан былтыр тау-кен өнеркәсібі, қаржы мен сақтандыру қызметі, ақпарат пен байланыс, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі көшбасшы салалар арасында ерекшеленеді.

Сонымен қатар халықтың табысы тұрғысынан көшбасшы секторлар ғана емес, олардың тұрақ­ты әрі сапалы жұмыс орын­дарын ашуы, қосылған құн тізбегін қалыптастыруы, экономиканың басқа секторларына серпін беруі ерекше маңызға ие. Сондықтан кірісті арттырудың басымдықтары салалық өсу қарқынын ғана емес, жұмыспен қамту ауқымын да ескеруі керек. Әл-ауқаттың өсуіне жұмыспен қамту және өнімділік әлеуетін біріктіретін секторлар себеп бола алады.

Әл-ауқат деңгейіне инфра­құры­лым, білім, денсаулық сақ­тау, көлік және басқа да негізгі қыз­мет­терге қол жеткізу әсер етеді.

Талдау нәтижелері негізінде Ұлттық экономика министрлігі халықтың нақты табысын арт­ты­рудың кешенді жоспары жобасын әзірледі. Құжат алты бағыттағы  58 іс-шараны қамти­ды. Атап айтқанда, олар: жалақыны көтеру, сапалы жұмыс орындарын ашу, адам капиталын дамыту мен жұмыспен қамтуды арттыру, инфляцияның төмендеуі мен нақты табыстың өсуі, салық пен әлеуметтік шаралар, борыштық жүктемені азайту мен халықтың қаржы тұрақтылығын арттыру.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Сараптамалық кеңестің қатысу­шыларына жоспар жобасын таныстырды.

Талқылау барысында сарапшылар халықтың табыс деңгейіне сыртқы экономикалық фактор әсер ететінін атап өтті. Экономика ғылымдарының канди­даты, профессор Жақсы­бек Құлекеевтің айтуынша, әлемдік экономикадағы сауда қай­шылығы, геосаяси тұрақсыздық, экспорттық логистикадағы шектеу, еліміздің негізгі сауда әріптестерінің экономикалық бел­сен­ділігінің баяулауы айтар­лық­тай әсер етеді. Бұл факторлар экспорттық кіріске, бюд­жет кірісіне, елдің жалпы экономи­калық динамикасына әсер етеді.

«АВЗ» ЖШС директоры Марат Баққұлов еңбек өнімді­лі­гін арттыру тәжірибесін бөлісті.

«Біздің зауытта роботтандыру екінші жыл қатарынан жүріп жатыр. Мұның нәтижесінде бір қызметкерге шаққандағы еңбек өнімділігі кейінгі екі жылда іс жүзінде екі есе, 27 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейін өсті. Біз біліктілігі төмен еңбекті жоғары біліктілікпен алмастырып жатырмыз. Бұрын бізде қарапайым слесарьлар жұмыс істесе, қазір олардың орнын инженерлер басқан. Тиісінше жалақы деңгейі де өсіп жатыр», деді М.Баққұлов.

Teniz Capital Investment Banking директорлар кеңесінің мүшесі Ғалым Құсайынов еңбек өнімділігін арттыруға, экономиканы технологиялық жаңғырту қажеттігіне назар аударды.

«Еліміздің ІЖӨ құрылы­мын­дағы еңбекақы төлеу қорының үлесі шамамен 32% болса, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50–60%-ға жетеді. Өнімділік өспей жалақының өсуі сөзсіз инфляцияға әкеледі. Сондықтан агломерацияларды дамыту, жа­санды интеллектіні енгізу, кәсіпорындарды технологиялық қайта жарақтандыру, экономи­ка­ның нақты секторын қаржы­лан­дыруды кеңейту қажет», деді ол.

Отырысты қорытындылай келе, Серік Жұманғарин сарап­шылардың барлық ұсынысы мұқият қаралып, алдағы кезде ескерілетінін атап өтті.

«Қазір елге жаңа өндіріспен бірге заманауи технология келетін кезеңде тұрмыз. Бұл жаңа деңгейде маман даярлап, сұранысқа ие дағдыларды игеруге мүмкіндік туады. Сарапшылар қауымдастығымен бірге біз әрбір отандасымыздың әл-ауқат деп нені түсінетіні, халықтың табысының өсуіне қандай фактор әсер ететіні туралы ауқымды әңгіме бастадық. Экономикалық зерттеулер институты осы тақырыптағы зерттеуді бас­тады. Сіздерді өздеріңіздің зерттеу, ұсыныстарыңызбен, сараптамалық пікірлеріңізбен бөлісуге шақырамыз. Егер бұл мәселе тек жалақыны көтеру арқылы шешіледі десек, ешбір бюджеттің оған шамасы жетпейтіні анық. Тұрақты экономикалық өсу, өндірісті дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейту қажет. Сондықтан біз сарапшылармен диалог әрі қарай жалғасатынына сенеміз. Сараптамалық кеңестің келесі отырыстарында талқылау үшін жаңа ұсыныс күтеміз», деп қорытындылады вице-премьер.

Соңғы жаңалықтар

Ұлы дала әуені Анкарада

Әлем • Бүгін, 08:45

Бауырлас елмен байсалды байланыс

Экономика • Бүгін, 08:40

Доп додасының дүбірі естілді

Футбол • Бүгін, 08:35

Табыс артса, тұрмыс түзеле ме?

Экономика • Бүгін, 08:30

Ырыздық жорығы аяқталды

Шаруашылық • Бүгін, 08:25

135 жылдық тарихы бар турнир

Теннис • Бүгін, 08:20