Аймақтар • 26 Қыркүйек, 2017

Еңбек құқығы ескерілсе екен...

946 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы кездері қоғамда еңбек құқығының бұзылуы жайлы жиі айтылады. Мұндай жағдай әсіресе түрлі кәсіпорындарда, сондай-ақ құрылыс са­ла­сында көбірек орын алып жатады. Бір жағы реттеліп жатса, екінші жағы­нан тағы бір қисынсыздықтың қылаң беретінін көріп жүрміз. Талай жұ­мысшының топ болып барып кәсіпорынның алдында адал еңбегін талап етіп жүргенін елдің бәрі біледі. Әрине бұл жерде нәпақа үшін жүрген қа­ра­пайым жұмысшылардың базынасы орынды. Сондай кезде ең­б­ек құқығына құрметпен қарай қоймайтын компанияларда көк тиын қал­мағанына қайран қалмасқа амал жоқ. 

Еңбек құқығы ескерілсе екен...

Бір кезде Жамбыл облысының бірегей жобасы ретінде қолға алынып, халықты жұмыспен қамтуда біраз еңбек еткен өңір­дегі кейбір кәсіпорындар бүгінде жұ­мысшыларын көк тиынсыз қалдырып отыр. Өңір экономикасын өрге бастырып, әлеуетін арттыратын дейтіндей кә­сіп­орындардың мұнысы ақылға сыя қой­майтын нәрсе. Мәселен, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының мәліметі бойынша, ағымдағы жылы 8 кәсіпорында 922 жұмыскер алдында 99,035 миллион теңге  жалақы қарызы анықталған. «Бүгінгі күнге 170 жұмыскердің алдын­дағы 54,4 миллион жалақы қарыз­дар банкрот және оңалту рәсімдері жүргізіліп жатқан «Қордай цемент зауыты» ЖШС мен «Подгорный» акционерлік қоғамы үлесінде. Бұл кәсіпорындардағы жалақы қарызын өтеуі бойынша шараларды «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы заңы­на сәйкес Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кіріс­тер департаменті тағайындаған кон­кур­стық бас­қарушы жүргізуде. Ал, қалған 6 кә­сіпорынға 44,6 миллион жалақы қарыз­да­рын өтеу үшін, мемлекеттік еңбек инспекторлары заң талаптарына сәйкес жұмыс берушілер орындауға міндетті нұсқамалар беріп, әкімшілік шаралар қолданылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 30,4 миллион теңге өндіріліп, 702 жұмыскердің құқықтары қорғалды», дейді басқарма басшысы Серғали Айдапкелов. 

Бірақ бүгінгі күнге үш айдан аса мер­зі­мі өткен жалақы қарыздары «Казпроммонтаж» және «Мекен жай Тараз» кәсіпорындарында 50 жұмыскер ал­дында 14,2 миллион теңгені құрап, бұл қаражат толық өтелмей отыр. Сондай-ақ осы тізімде өткен жылы «Talas Investment Company», «Жамбыл метал­лқұрастыру зауыты-Имсталькон», «Таразхиммонтаж» жауапкершілігі шек­­теулі серіктестіктері мен «ACIG» ак­ц­ионерлік қоғамы болған. Алайда бү­гінде «Talas Investment Company» кә­сіп­орнында өндірістік қауіпсіздік, ең­бек және қоршаған ортаны қорғау жұ­мыс­тарының басқару жүйесі құрылып, кә­сіп­орын заң талаптарына сай жұмыс іс­теп отыр. 

Енді жұмысшылардың еңбек құқығын қорғауда аталған басқарма қандай жұмыс атқарып отыр? «Мемлекеттік еңбек инспекторлары 125 кәсіпорын мен мекемені тексеріп, бақылау шараларын жүргізу нә­тижесінде, Қазақстан Республикасы ең­бек заңнамасының талаптарын бұзған жұ­мыс берушілерге оларды жою туралы 59 нұс­қама беріліп, 30 айыппұл, 13 ескерту тү­ріндегі әкім­ші­лік шаралар қолданылды. Салын­ған айыппұлдың жалпы сомасы 4,832 миллион­ теңгені құрап, оның 3,857 миллион теңгесі өндірілді», дейді Серғали Өмірзақұлы. 
Аты дардай кәсіпорындардың жұ­мыс­шылардың құқығына бей-жай қара­ма­ғаны дұрыс. Әулиеатаның әлеуетін танытатын, атын шығаратын, экономикасын өркендететін мекемелер үшін бұл қиын шаруа емес. 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы