«Латын қарпіне көшу арқылы біз мемлекеттік тіліміздің өрісін одан әрі кеңейтіп, халықаралық дәрежеге шығуына жол ашамыз. Латын әліпбиін үйренудің еш қиындығы жоқ деп ойлаймын. Ең бастысы, қазақ тілінің төл дыбыстарын білдіретін сегіз диграфты үйреніп алсақ болғаны», дейді Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» аймақтық коалициясының төрағасы Әнуарбек Мұхтарханов.
«Ауыл» социал-демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы Фарид Абитаев латын қарпіне көшу бұрын тәжірибемізде болғандықтан, осы қаріппен біраз уақыт газет-журналдар, кітаптар шыққандықтан аса қиындық тудырмауы тиіс деп санайды. «Латын қарпіне көшуге байланысты қоғамда әртүрлі пікірлер айтылып жатыр ғой. Олай болуы заңды да. Қазақ тілінің бұрын да латын жазуына көшкенін ескерсек, бүгінгі бұл үрдістің халыққа еш қиындық туғызбайтындығына сенім мол. Өйткені латын қарпі араб жазуы немесе кирилл таңбасына қарағанда қолданғанға жеңіл әрі қолжетімді. Ал ауыл мектептерін қажетті оқулықтармен, әдістемелік қосымшалармен қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс деп ойлаймын», дейді ол.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН