«Етті мал шаруашылығын өркендетумен қатар, Қазақстанның қой етін экспортқа шығарудағы әлеуеті өте зор, деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков «Аграрлық сектор» журналына берген сұхбатында. Бұл бағыттағы біздің әлеуетті рыногымыз – араб елдері мен Қытай. Сондай-ақ, қойдың қозысының еті үлкен сұранысқа ие Ресей де осы рынокқа кіреді. Қазіргі кезде бұл бағыт бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі арнайы бағдарлама әзірлеуде. Өйткені, біз әлем бойынша қойдың үздік тұқымдарын да өсіреміз. Қойдың етін Ресеймен қоса Корея, Жапония елдеріне де экспорттай аламыз. Мысалға, Корея жыл сайын 300 мың тонна сиыр етін импорттаса, Жапония – 700 мың тоннаға жуық, Қытай 10-нан 30 мың тоннаға дейін ет импорттайды. Алайда, Қытай халқының негізгі бөлігі Шығыс жағалауында тұрады. Бұл учаскелер Қазақстан-Қытай шекарасынан айтарлықтай алыста жатқандықтан, ол жерге ет тасымалдау үлкен көлік шығынын талап етеді. Онымен қоса, ол жақта теңіз жолы арқылы Австралия және АҚШ-пен сауда байланысы орнатылған. Қытайға теңіз жолы арқылы ет тасымалдау тиімді. Сондықтан, бұл рынокқа бірден өте алмаймыз. Бірақ, алдағы уақытта бірте-бірте игеруімізге болады».
Шикізаттық емес секторды ынталандыруға және импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған экономикалық саясат экономикамыздың дәстүрлі салаларын, соның ішінде мал шаруашылығын дамытуды көздейді. Ауыл шаруашылығы министрлігінен алынған мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда отандық жайылымдарда 18 млн. бас қой жайылады. Соның ішіндегі асыл тұқымды мал санының үлесі – 10 пайыз. Барлық қой санының 80 пайызын – қылшық жүнді және жартылай қылшық жүнді, яғни негізінен етті тұқымдар құрайды. Сондай-ақ, 14 пайызы – биязы жүнді (2,5 млн. бас), 7,7 пайызы жартылай биязы жүнді (1,4 млн. бас) қойлар. Асыл тұқымды малдың денін еділбай, құйрықты қазақ қойы, биязы жүнді қазақ қойы және қаракөл тұқымдары құрайды. Бұл – министрліктің мәліметі. Ал, Статистика агенттігінің ресми сайтында Қазақстандағы қой мен ешкінің саны 20 806,0 мың бас (2011 жылдың 1 қазанындағы мәлімет) деп көрсетілген. Яғни, салыстырып көрсек, ағымдағы жылдың 1 ақпанында еліміздегі қой мен ешкі саны 17 922,7 мың бас болса, 1 шілдеде 23 387,6 мыңға көбейіп, 1 қазанда 20 806 мың бас болған. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан (4229,4 мың бас) және Алматы (3734,6 мың бас) облыстары көш бастап келеді.
Қой шаруашылығы (68 пайызы) әлі де болса жеке шаруашылықтарда шоғырланғандықтан алға қойылған міндеттерді шешуді қиындатып отыр. Осы жағдайды ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі саланың экономикалық қуатын жаңа шаруашылықтарды құру және ескілерін ірілендіру арқылы көтермекші. «ҚазАгро» ұлттық холдингінің еншілес компаниясы «Қазагромаркетинг» АҚ етті қой шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша жобаның тұжырымдамасын жасады.
Соңғы жылдары елімізде қой шаруашылығы жоғары қарқынмен дамып келеді. «Қазагромаркетинг» АҚ әзірлеген отандық ет рыногының жылдық (2010 жыл) шолуына үңілсек, өткен жылы ет өндірудегі өсім қарқыны 2009 жылмен салыстырғанда 104,49 пайызды құраған. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы ет өндірісі 28,72 пайызға, шаруа (фермерлік) қожалықтарында – 5,78 пайызға, халықтың жеке меншігінде 1,06 пайызға ұлғайған. Соның ішінде, еліміздегі ет өндірісінің 47,32 пайызы көшбасшы аймақтар – Алматы, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарының үлесіне тиеді. «Қазагромаркетинг» АҚ мамандарының айтуынша, ет өндірісі құрылымында ет өнімдерінің негізгі бөлігін сиыр еті (43 пайыз), шошқа еті (22 пайыз) және қой еті (13 пайыз) құрайды. 2010 жылы жан басына шаққандағы ет тұтыну мөлшері 66,28 килоны құраған. Бұл көрсеткіш 2009 жылмен салыстырғанда 4,26 пайызға артық болғанымен, халықаралық медициналық тұтыну нормасынан (90 кило ) айтарлықтай төмен. Ал өткен жылғы сыртқы сауда айналымы 1555,32 тонна етті құраған, бұл көрсеткіш 2009 жылға қарағанда 18,84 пайызға көп. Яғни, соңғы кездері ет экспортының көлемі 16 есеге көбейсе, импорттың көлемі бар-жоғы 17,59 пайызға артқан.
Жылдық шолудағы қой еті өндірісіне тоқталайық. «Қазагромаркетинг» АҚ мамандарының айтуынша, 2010 жылы Қазақстанда 122,6 мың тонна қой еті (ешкі етін қоспағанда) өндірілген, бұл көрсеткіш 2009 жылы 116,2 мың тоннаны құраған. Яғни, қой еті өндірісінің өсу қарқыны 5,5 пайыз деген сөз. Атап айтарлығы, өндірістің көбірек бөлігі Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының үлесіне тиеді, яғни олардың өндірісінің жиынтық көлемі 52,4 пайызды құрайды. Сондай-ақ, өндіріс көлемінің айтарлықтай өсімі Қарағанды (+22,46 пайыз), Атырау (+14,56 пайыз) және Ақтөбе (+10,20 пайыз) облыстарында байқалған. Ал керісінше, өндіріс көлемі Солтүстік Қазақстан (-14,24 пайыз) және Қызылорда (-8,8 пайыз) облыстарында күрт қысқарған. Қой еті өндірісінің барлық көлемінің 78,1 пайызы халық шаруашылықтарының үлесіне тиеді. Алайда, аталған шаруашылықтарда өндіріс өсімінің қарқыны 5,35 пайызды құраса, ал ауылшаруашылық кәсіпорындары өндіріс көлемін 27,43 пайызға ұлғайтқан. Таратып айтсақ, Алматы облысының ауылшаруашылық кәсіпорындары қой еті өндірісінің көлемін 2,72 есеге, Қостанай және Ақмола облыстары – іс жүзінде 2 есеге (93,22 пайызға және 90,79 пайызға) өсірген көрінеді.
Соған сәйкесінше, өндіріс көлемі Қызылорда (-27,51 пайыз), Шығыс Қазақстан (-26,52 пайыз), Солтүстік Қазақстан (-19,42 пайыз) және Оңтүстік Қазақстан (-14 пайыз) облыстарында қысқарған. Шаруа (фермер) қожалықтарындағы қой етінің өсімі жөнінен Ақмола (+33,77 пайыз), Солтүстік Қазақстан (+29,79 пайыз) және Қызылорда (+25 пайыз) облыстары алға шыққан. Қостанай (-16,59 пайыз), Алматы (-10,82 пайыз) және Павлодар (-9,04 пайыз) облыстары шаруа (фермерлік) қожалықтары өндіріс көлемін азайтыпты. 2010 жылдың қорытындылары бойынша, өндіріс өсімінің айтарлық деңгейі Қарағанды (+24,68 пайыз), Атырау (+17,12 пайыз) және Алматы (+10,55 пайыз) облыстарындағы халық шаруашылықтарында байқалған. Сондай-ақ, керісінше, қой өндірісінің көлемі Солтүстік Қазақстан (-15,51 пайыз) және Қызылорда (-9,3 пайыз) облыстарының халық шаруашылықтарында кеміген.
Сиыр еті рыногы тәрізді, қой еті рыногы да 2010 жылы бөлшек сауда бағасының өсу тенденциясымен ерекшеленді. Оған себеп – жазғы мезгілдегі қолайсыз табиғи-климаттық (қуаңшылық) жағдай. Қатты қуаңшылықтың әсерінен көптеген шаруашылықтар малдың қысқы азығын жеткілікті деңгейде дайындай алмады. Мұндай жағдай жем-шөптің күрт қымбаттап, мал шаруашылығы өнімдері бағасының өсуіне ұрындырды. Жалпы алғанда, өткен жылы қой етінің бөлшек саудадағы бағасының өсімі 2009 жылмен салыстырғанда 113,0 пайызды құрады. Соның ішінде бөлшек сауда бағасының ең үлкен деңгейі Қарағанды (+23,26 пайыз), Ақтөбе (+20,81 пайыз) және Шығыс Қазақстан (+20,31 пайыз) облыстарында тіркелді. Ал, бөлшек сауда бағалары аз өскен облыстар – Солтүстік Қазақстан (+2,19 пайыз), Алматы (+5,43 пайыз), Қостанай (+6,61 пайыз). Егер теңгемен есептейтін болсақ, өткен жылы қой етінің 1 килосы Астанада 828 теңгені, Алматыда 776 теңгені құрады.
Экспорт мәселесіне келсек, қой етінің экспорты өткен жылы 324,47 тоннаны (2009 жылға көрсеткіш – 15,9 тонна) құраған. Қазақстан 2009 жылдан бастап қой етін экспортқа шығаруда. Осылайша, соңғы 10 жылда тұңғыш рет отандық өнім өндірушілер қой етін Ирак, Иран және Қатар мемлекеттеріне экспорттады. Соның ішінде, Иран мен Иракқа қой еті жас және тоңазытылған тұтас күйінде, ал Қатарға – қатты мұздатылған тұтас ет күйінде жіберілген. Егер де 2009 жылы 16 тонна ет экспортталса, ал 2010 жылғы ет көлемі 324,5 тоннаға дейін жеткізілген. 2011 жылдың алғашқы жартыжылдығында Иран мен Иракқа 224 тонна өнім экспортталған. Сонымен бірге, қой еті импортының көлемі 2009 жылғы 138,78 тоннадан 2010 жылы 63,02 тоннаға дейін қысқарғанын айтуымыз қажет. Бұл жерде барлық импорттаушы елдерден келетін қой етінің көлемі азайып отыр. Импорт құрылымында өткен жылы мұздатылған тұтас еттер (88,96 пайыз) көбірек болыпты. Ал бізге төрт түліктің бірінің етін импорттайтын елдердің қатарында Австралия, Жаңа Зеландия, Ресей және АҚШ бар.
Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, қазіргі таңда елімізде өндірілетін қой етінің көлемі ішкі рынокты толық қанағаттандырады. Десек те, бұл салада шешімін таппаған мәселелер көп. Солардың бірі – ет өнімдерін қайта өңдеу және орау. Қазақстанда қой етін қайта өңдейтін және консерві өнімін шығаратын 3-ақ зауыт бар. Ол – Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы ет-консерві зауыты, Ақтөбе облысындағы «Тандем» ЖШС (бұл зауыт қазір жұмыс істемей тұр) және Семейдегі ет-консерві зауыты. Бірақ, Семейдегі зауытта қой етінен консерві шығарылмайды. Қой шаруашылығының негізгі мәселелерінің бірі – өнімділіктің төмендігі. Мәселен, өткен жылғы саудада қойлардың орташа тірі салмағы бар-жоғы 37 килоны құраған. Бұл мәселені оң шешу үшін тұқымдық малдың басын көбейтіп, селекциялық жұмыстарды жандандыру керек. Жоғарыда сөз еткеніміздей, асыл тұқымды малдың дені еділбай, құйрықты қазақ қойы, биязы жүнді қазақ қойы және қаракөл тұқымдарынан құралған. 2007-2011 жылдары тұқымдық қой шаруашылығын өркендетуге барлығы 3,5 млрд. теңге бөлінген. Әрине, бұл жеткіліксіз сома. «Қазагромаркетинг» АҚ жасаған тұжырымдамаға сәйкес, қой шаруашылығын дамыту үшін, фермерлік шаруашылықтар құрып, етті қайта өңдейтін және вакуумдық қағазға орайтын зауыттар салу керек. Өндіріс мамандарының пікірінше, саланы аяғынан тік тұрғызу үшін трейдерлік жұмысты дұрыс жолға қойған абзал. Өйткені, трейдерлік қызмет жетілдірілсе, ет өндірушілер тұрақты түрде экспортқа өнім шығарады. Саладағы тағы бір мәселе – кадрлар тапшылығы. Қойшы мамандығының беделі түсіп кеткендіктен, ауылдағы шаруашылықтарда мамандар өте аз қалды. Ал, отандық қой өсіруші ғалымдар бұл саладағы білім мен тәжірибені мұраға қалдыратын адам қалмады деп дабыл қағуда. Әрине, қойшының беделін арттыру үшін мал шаруашылығы жағдайларын жақсартып, жастарды ауылға тарту қажет. Содан соң, қойшылардың өмір сүру жағдайларын өзгертетін кез жетті. Мысалы, күндіз-түні қой соңында жүрген жандардың тұрмысын оңалту үшін кемпингтерді, дәстүрлі киіз үйлерді пайдалануға болады. Мұндай ұсыныстар ағымдағы жылдың 21 қыркүйегінде Ауыл шаруашылығы министрлігінде Асылжан Мамытбековтің төрағалығымен өткен отырыста айтылды.
Әрине, қордаланған мәселелерді бір күнде шешу мүмкін емес. Сондықтан, әуелі қой басын көбейтудің аз шығын кететін дәстүрлі технологияларын пайдаланған жөн. Екіншіден, ірі және орта фермерлік шаруашылықтарды көбейтеміз десек, әлі пайдаланылмаған учаскелер мен жайылымдарды іске жаратқан дұрыс. Сондай-ақ, аймақтардың эпизотикалық ахуалын жақсартуға бағытталған ветеринарлық іс-шараларды да жүзеге асыру керек. Ал, сала мамандары тұқымдық сапаны көтеру үшін жасанды жолмен будандастыруды кеңейткен жөн деседі. Будандастыру арқылы қойдың басын көбейтуден бұрын, оның өнімділігін арттыру көзделеді. Шаруашылықтың қызмет бағытына байланысты қандай да бір тұқым түрі пайдаланылады. Асыл тұқымды қошқарлар негізінен асыл тұқымды мал өсіретін зауыттар мен шаруашылықтарда шоғырланған. Олардың саны таза тұқымды қойдың басын өсіру және оны саудалау арқылы ұлғайтылып отыр. Үшіншіден, аталған саланы тиімді дамыту үшін әзірленген бағдарлама жобасына жүн және тері шикізаты өндірісін де қосу керек. Бұл жердегі әңгіме бастапқы өңдеу туралы. Жүнді бастапқы өңдеуден өткізетін зауыттар Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында орналасқан. Онда жүн толықтай жуылып, әрі қарай өңдеуден өткізуге немесе экспортқа шығаруға дайындалады.
Еттің экспорттық әлеуетін дамытуға арналған жобадан күтетін нәтижелер де айтарлықтай. Мәселен, Қазақстан 2016 жылға қарай тұқымдық жануарлардың үлесін ірі қара мал бойынша – 14 пайызға, қой мен ешкіні 22 пайызға, жылқыны – 11 пайызға, түйені – 13 пайызға, шошқаны – 19 пайызға, құс етін – 22 пайызға дейін өсірмекші. Сондай-ақ, таза және сапалы ет беретін мал басын 700 мыңға дейін ұлғайту керек. Қалай десек те, жоғары сапалы қазақтың қойының етінің экспорттық әлеуеті зор екенін ешкім де жоққа шығара алмайды.
Таңатар ТАБЫНҰЛЫ.