Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін қадап айтты.
Президентіміз латын әліпбиіне көшудің нақты жолдарын айтып, осы мәселе зиялы қауым арасында кеңінен талқылануы қажет екенін алға тартты. Сондықтан күн тәртібінде өткір тұрған, бүгінде қоғамда қызу талқыланып жатқан латын әліпбиіне көшу мәселесіне байланысты ой қозғау үшін ғалымдарды, көпті көрген көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың қатысуымен Халықаралық «Жанашыр» қоры кешенді шараларды жүзеге асырып келеді.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының гранттық бағдарламасының аясында «Халықтың ұлттық-мәдени бірлігін сақтаудағы зиялылардың рөлі» тақырыбындағы жоба аясында өтіп жатқан дөңгелек үстелдер мен конференцияларда, колледждер мен мектептердегі кездесулерде халықтың латын қарпіне көшу жөніндегі пікірлерін білудеміз.
Шаралардың қатысушыларына арналған сауалнамаларда да осы тақырыптардағы пікірлерін білдіру сұралған. Өткізілген шаралардың нәтижесі көрсеткендей, қатысушылардың 80-90 пайызы латын әрпіне көшуді қолдайтындықтарын білдіруде.
Бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал қалған мемлекеттердің көбі латын әліпбиін қолданады. Демек, бұл кең таралған жазу. Бүгінде әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жуық қазақ тұрады. Оның 80 пайызы латын әліпбиін қолданады. Яғни, біз болашақта латын әліпбиіне көшсек, сол қазақтармен жақындаса түсеміз. Бұл – сырттағы ағайынның көптен күткен арманы.
Біз, қазақстандықтар көпшілік болып латын әліпбиіне көшуге әзір екенімізді көрсетіп, осындай маңызды қадамға баруға ауызбіршілік танытқанымыз жөн деп білеміз.
Жаңыл ӘПЕТОВА,
Халықаралық «Жанашыр» қорының президенті