25 Қазан, 2011

Вьетнамға алғашқы сапар

265 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
28 қазанда Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) гуманитарлық өлшемі шеңберінде «Тұрақты демократиялық даму: дәстүрлер мен заманауи тәжірибе» тақы­рыбымен жоғары деңгейдегі семинар өтеді, деді дәстүрлі апталық брифингте СІМ-нің ресми өкілі А.Әбибуллаев. Осы іс-шараға Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше елдердің өкілдері, Қазақстан Парламенті депутаттары, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Сыртқы істер, Мәдениет, Әділет министрліктері, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық пен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуы жоспарланыпты. Семинар барысында сайлау, атқарушы, сот органдары, адам құқықтары жөніндегі уәкілдер мен қоғамдық ұйымдардың Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше мемлекеттердің демократиялық дамуындағы рөліне байла­нысты мәселелердің кең ауқымы талқы­ланды деп күтілуде екен. Ресми өкіл сон­дай-ақ 30 қазан мен 1 қараша аралығында Қазақстан Республикасының Президенті Н.На­зарбаевтың Вьетнам Социалистік Рес­пуб­ликасы Президентінің шақыруымен Вьетнамға ресми сапары өтетінін жария етті. Сапар шеңберінде Мемлекет басшы­сы­ның Вьетнам жоғарғы басшылық өкіл­дері­мен келіссөздері жоспарланып, түрлі сала­лардағы өзара ынтымақтастықты қам­ти­тын бірқатар құжаттарға қол қоюы кү­тілуде, деді А.Әбибуллаев. Сонымен қа­тар, екі елдің іскер топтары өкілдерінің қатысуымен Қазақ­стан-Вьетнам бизнес-форумы өтпек. Ресми өкілдің айтуынша, Қазақстан Президентінің Вьетнамға тұң­ғыш сапары екіжақты ынты­мақтастықты одан әрі дамытуға жаңа серпін береді деп күтіліп отыр.