Осыған орай, қаладағы «Фемили» демалыс паркінде жас еңбекшілерді марапаттау рәсімі өтті. Аталған шара Республикалық «Белсенді жастарды қолдау» ұйымы мен Алматы қаласы әкімдігінің Жастар Саясаты басқармасының қолдауымен жүзеге асып отыр. Марапаттау рәсімінде еңбекте табандылық танытып көзге түскен студенттер мен жұмыс барысында бірнеше номинация бойынша дара шыққан шәкірттер марапатталды.
– Жастарды жұмысқа тарта отырып, олардың бойындағы еңбекке деген ынтасын оятуға тырысамыз. Олардың жақсы азамат болып қалыптасуына бұл жобаның тигізер септігі мол. Жаз айларында уақыттарын босқа өткізбей қаражаттарын тауып ата-анаға қолғабыс болса, екінші жағынан қоршаған ортаның тазалығына өз үлестерін қосады. Қала аумағындағы демалыс орындары мен шатқалдардың тазалығын қамтуда «Жасыл ел» жасағының атқарған жұмысы ауқымды, – дейді жоба үйлестірушісі Жұлдыз Апешова.
Елбасы идеясынан бастау алған бағдарлама бірнеше жыл көлемінде өз жемісін беріп келеді. Оған дәлел өткен жылдың өзінде «Жасыл ел» жасағының жас еңбеккерлері ел аумағы бойынша 5 мыңнан астам ағаш отырғызып, 4га аумақты 130 тонна қоқыстан тазартқан. Еске салсақ, белсенді жастардан құралған «Жасыл ел» студенттер жасағы еліміздің 14 облысы және Алматы мен Астана қалаларында жыл сайын табанды еңбек етіп келеді. Жасылелдіктер тек қана еліміздің тазалық сақтау мен көгалдануына ғана емес, оған қоса мемлекетіміздің өркендеуіне жауапты жаңа буын тәрбиелеп, жастарды жұмыспен қамтуға, студенттердің патриоттық рухын көтеруге үлкен үлес қосуда.
«Арман ОКТЯБРЬ,
Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ