28 Қыркүйек, 2017

Шоудағы «сенсация» немесе у-шудан «қашатын» ұғымдар

3420 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өмірде әрине, барша жұртты таң­ғал­дыратындай оқиғалардың күнде бола бермейтіні бесенеден белгілі. Сондықтан да біз кез келген у-шуды, қызық пен думанды сенсация деп қабылдамаймыз.

Шоудағы «сенсация» немесе у-шудан «қашатын» ұғымдар

Ал ана тіліміздегі «ғаламат», «ғажап», «керемет» деген сөздердің осы бір сен­сация деген ұғыммен әу бастан-ақ «аталас, ағайын» екендігіне ешкім де күмән келтіре қоймас, сірә. Сол себепті мұн­дай сөздер­ді күнделікті тіршілігімізде де өте сирек қолданушы едік.

Ал қазір... басқаша. Айталық, КТК-да (көңілді тапқырлар клубында) әділқазы болып отырған әнші, саясаткер немесе теле­­жүр­гізуші, бір сөзбен айтқанда, белгі­лі тұл­­ғалардың қайсыбір командаға риза бол­­ған кезде: «Керемет! Ғажап ойнадың­дар!» деп баға беріп жатқанын жиі көретін болдық.

Жастар болса, ду қол шапалақтайды. Сонымен бірге олардың ұғымында «Керемет! Ғажап!» дегеніміз, расында да, осы екен-ау деген түсінік пайда болады.

Демек, қазақи ұғымымыздағы сенса­ция­ның төрдегі басын дырылдатып есікке қарай сүйрейді.

Келісесіз бе, келіспейсіз бе, әрине, өз еркіңіз. Бірақ осындайда ата-бабадан қалған асыл Сөздің қадір-қасиетін төмен­детпеу керек қой деген ойға тіреле­сің ерік­сіз. Өйткені кез келген нәрсе «керемет», кез келген қызық «ғаламат», «ғажап» бола бермейді ғой.

Мұны сіздерге неге айтып отырмыз десеңізші. Себебі қымбатты әділқазылар, жастар сіздерге қызығады. Сіздерге елік­тейді. Сіздерге ұқсап киініп, сіздерге ұқсап сөйлегісі келеді.

Сондықтан да мұндай ерекше құрмет сіз­дердің әрбір істеріңізге ғана емес, сөз­деріңізге де үлкен жауапкершілік жүк­тей­тінін ұмытпасаңыздар болғаны.

Мәселен, осы кеше ғана Алматы­ның жанындағы Талғардың аспанынан жұртшылық, расымен де, адам таңғалар­лықтай бір құбылысты көрді. Оны суретке, «видикке» түсіріп алып, таңға­лып, басын шайқап, таңдай қағып жат­ты. Себебі бұл – басқа ғаламшардан келіп, біздің табиғатымызды, тұрмыс-тір­ші­лігімізді бақылап жүрген бөгде ғалам­шарлықтар болар десті. Міне, ғажап! Міне, ғаламат! Міне, сенсация! ...дей­тіні­міз осы емес пе.

Ендеше бұл «кереметті» кешегі сах­на­дан өз бойындағы қабілет-қарымды шама-шарқынша көрсеткісі келген жас­тар­дың «кереметімен» салыстыруға бола ма?

Қазір шыны керек, барлық нәрсеге анықтауыш қажет болып қалды. Айталық «жазушы», «қаламгер» деген ұғымдар бұрын өте қадірлі, талантты, құрметті жан дегенді білдіруші еді. Сондықтан да қай­сы­бір жылы Адамзаттың Айт­матовы атан­ған суреткердің өзі қазақ теле­дидарына берген сұхбатында, «мен үшін жазушы деген өте қадірлі ұғым, себебі көз алдыма бірден Толстой, Әуезов секілді алып тұлғалар елестейді», деген болатын.

Ал қазір «көрнекті жазушы», «белгілі қаламгер» демесеңіз, көкейіңіздегі ойды толық жеткізе алмайтындай көрінесіз. Себебі жазарман көп және оның бәріне бір­дей, сыпайылап айтқанда, сіздің көңілі­ңіз тола бермейді. Ендеше бұл сөздің де әу бастағы қадір-қасиеті төмен­деп кетті.

Баяғыда біздің ата-әжелеріміз «Ауыл­ға мұғалім келе жатыр деген сөзді естісек болды, есік алдына шығып, бәрі­міз таң­ғалып қарап тұрушы ек», деп отыратын.

Расымен де, мұғалім – білім беретін, өз шәкірттеріне өркениеттің есігін ашатын қадірлі жан емес пе. Бірақ жұрттың көзі бірте-бірте оған да үйренді. Уақыт өте келе, «баламды неге дұрыс оқытпайсың», «неге екі қоясың», «бастықтың баласы сенің сабағыңнан үнемі бес алатын көрі­неді», деп ұрсатынды шығарды...

Енді міне, жиырма бірінші ғасырда балалардың оларды мазақ етіп, әдейі қытығына тиіп, қып-қызыл болып ашу­ланған сәтін жасырын түрде «соткаға» түсіріп алып, сөгіс бергізіп, мектептен шығартып жіберетін күнге де жеттік...

Мұның бәрі шын мәнінде, әу бастағы таза ұғымдар мен түсініктердің тұнығын лайлау емес пе.

Саясатта да солай. Жұмсақ креслода отырған биік лауазымды кісілердің бәрін «біртуар», «көрнекті қайраткер», «білікті басшы» атандыра бастадық. Тіпті олардың бір күні пара алып жатқан жерінен ұсталып, қолдарына кісен салын­ғанын көрсек те, бір түнде дүние-мүл­кін ұшаққа тиеп, шетелге қашып кеткенін естісек те, ескі әдетімізді қой­май, орнына келген шенеунікті ертеңіне-ақ «ел қамқоры» деуге көштік. Мұндай атаққа ие болу үшін олар ең алдымен елдің сенімін ақтап, ақ-адал қызмет етіп, өздеріне жүктелген міндеттің үдесінен шығуы керек емес пе.

Сондай-ақ, 70 жылдығы, 80 жыл­дығы, 90 жылдығы аталып өтіп жатқан ағалары­мыз­дың барлығын бірдей «тау тұлға», «қыран, бүркіт» деп атайтын болдық. Және солай дегенімізбен қоймай, кірпіштей-кірпіштей кітап етіп шығарып, тойға келген кісілерге таратамыз. Міне, осындай сәттерде «Япыр-ау, қазақ елін­де мұншама «тау», осыншама «қыран» болса, біз неге үш жүз жыл бойы бодан­дықтың қамытын кидік?» деген ой келеді. 
Біз осы, ойланбай сөйлеуді әдетке айнал­дырып алған жоқпыз ба, ағайын? 

Тіл тазалығы – ой тазалығы, тіл таза­лы­­ғы сана-сезіміміздің тазалығы екенін әман­да естен шығармауымыз керек емес пе еді.
Себебі орнымен айтылмаған сөз ой­ды, ұғымды арзандатып, ұлттық сана­ны тұман басқандай күйге түсіреді ғой. 

Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»