Алматы облысының «Найманбай батыр» ауылында (бұрынғы Әліби Жангелдин атындағы ұжымшарда) шаруа отбасында дүниеге келген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мәжит Ілиясқаров ағамыз сексеннің сеңгіріне сергек жетіп отыр. Ауыл тіршілігінің күллі тауқыметінен өте жүріп, кеудесін керген күмбір әуездің не екенін ажырата алмай жүрген жас жігіттің құдіретті театр әлеміне келуінің өзін «тосыннан болды» десек – асыра, «жатса-тұрса армандады» десек – әсіреқызылға салған болар едік.
«...1957 жыл. Көктемнің соңғы мамыр айы. Алатаудың «Суықтөбе» сілемінің асты, «Беріктас» елді мекенінің ортасы... Қой төлдету науқаны. Әлтай деген қойшының сақпаншысымын. Сол иығымда үлкен қоржын. Еріп, езіліп жатқан қарды сылп-сылп басып, жаңа туған қозыларды шаранасынан ажыратып, қоржынның екі басын толтырып, жиып-теріп жүремін. Бәтеңкемнен су өтіп, ұлтаны бақа тұмсықтанып, оны ілдәлап баумен шандып, белінен айқыш-ұйқыш таңып тастағанмын. Екі көзім қарға қарығып, қып-қызыл боп қанталап кеткен. Сөйтіп жүріп «Тілеуқабақты» шырқата салам. Серікбай дейтін мал доқтыры асығыс, астындағы атын ақ көбік қып, салып-ұрып жетіп келді де: «Андағы қозыларды киіз үйге таста да маған мінгес. Фестиваль өтіп жатыр. Ән айтатын адам таппай жүрміз. Сен байқауға қатысасың!» деп, әй-шәйға қаратпастан бөлімшенің орталығына алды да жөнелді. Содан не керек, «Бұғы мүйіз – Бесмойнақ» атты бөлімшенің №55 жылқы зауыты «Дегерес» дейтін совхоз орталығының Ұзынағашында өткен байқау мен Жамбыл ауданы орталығында өткен байқаулардан өтіп, облыс орталығы Алматының сахнасынан бір-ақ шықтым. Консерватория деген сөзді бірінші естуім. Ол кезде он жылдық мектепті бітіріп, екі жыл еңбек етпейінше жоғары оқу орнына қабылдамайтын. Дегерестің он жылдығын 1955 жылы бітірген болатынмын. Халық әртісі, профессор Асқар Тоқпановтың алдында «Қырықтықшы» деген этюдпен емтихан тапсырып, Құрманғазы атындағы консерваторияның театр бөліміне қабылдандым. Содан бері міне, 60 жыл өтіпті?!.» деп күлімсірей еске алған, түйткілі көп тіршіліктің үлкенді-кішілі соқпағымен жүріп келе жатқан Мәжит Ілиясқаров ағамыздың 80 жасқа толған мерейлі тойы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театр сахнасында аталып өтпек.
Ақ қағазға түскен жансыз әріптерді сахна төрінде құйқылжыта тірілтіп, көрерменнің жүрегінде естен кетпестей сақталып қалатын өнердің қызығынан – азабы, тұщысынан – ащысы мол сынақты жол екенін ұғыну үшін – Актер болу керек. Сахнада жүзден аса рөл сомдай жүріп, көрерменнің есіне сақталмай қалып жататын да актерлер жеткілікті. Мәжит аға, Мәскеу сапарында бір ғана Жевакинімен театр өнерін зерттеуші, ғылым докторы Л.И.Богатенкованың ғылыми зерттемесіне арқау болғанын қалайша мақтанышпен атамасқа?!
Мәжит ағамыз актерлік ойынымен қатар, замандастары мен театр жайлы қалам тартып жүрген қаламгер. Ол кісі көптеген портреттік мақалалар, өнер тұлғаларының шығармашылық бейнесі туралы жазды. Өзге жайлы жазуға ерінбейтін Мәжит ағаның музыкалық білімі мен этнографиялық танымы кімді де болсын таңқалдырарлықтай?!
«...Біздің Мәжит ағаның жаратылысы қызық жан. Бір көңілденсе әңгіменің тиегін ағызғанда, батыс, шығыс, өзіміздің төл әдебиетіміз бен мәдениетіміз жайлы мағлұмат беріп, рухани азық береді. Көсіле сөйлегенде, кішкене көзіне от түсіп, бойы жадырап, жаны шуақтанып, екі бетіне қан жүгіріп, құлпырып кетеді.» (Т.Өтебаев «Театр сыры» 48 бет).
Сапар Өтемісұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі: «Мәкеңді 1967 жылдан бері білемін...1967 жылы осы Шанин театрына актер болып келдім. Мәкеңмен гастрольге бірге шығатынбыз. Басты қасиеті – адалдығы. Театрда 50 жылдың ішінде Гарпагонды ойнады. Мәкең – өмірдегі Гарпагонды сомдады. Не деген ізденіс?! 200-ге жуық рольді сомдаудың қаншалық еңбек екенін елестетіп көріңізші?! Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш- Баян сұлуында» Жантықты ойнады. Петропавл қаласына театр фестиваліне барғанда «Ең үздік актер» номинациясын иеленді. Мен – Қарабай, Ол – Жантық болып ойнаймыз...»
Әнипа Қарабекова, мәдениет саласының үздігі: «1980 жылы театрға келген кезде ең алдымен, көркемдік кеңестің шешімімен қабылдаған болатын. Сол кезде Мәжит ағаның «айналайын» деп сөйлегені жүрегімді жылытқан. Ж.Омаров келгенде маған 3-ші құрамда Ақтоқтыны берді. Мәжит аға Қоңқайды ойнады. Дулат Исабековтің «Мұңлық-Зарлығында» Мыстанды сомдадым. Баланы суға тастайтын тұсқа Мәжит аға 8 қатар өлең жазып берді. Зарлатқанымда сол сахна өте сәтті шықты. Дударевтің «Жауынгерлер» қойылымындағы әнімді қазақшаға аударды».
«...Анамның бір мұңды естелігі ойыма оралған сайын, сексенім сергелдең күйге түсіп, мазам қашады. Сонау 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі Бекболат Әшекеұлы 7-8 шілдеде Алматының батысындағы (шамасы 40 шақырым) Үшқоңыр деген жерде Жайылмыс болысымен өзге де көршілес болыстар көтерілісшілерінің басын қосып, Ресей патшасының Маусым жарлығын талқылайды. Жиында Бекболат батырдың ұсынысымен «тыл жұмыстарына адам бермеу» жөнінде шешім қабылданады. Сөйтіп тамыз айының ортасында Бекболат батыр бастаған көтерілісшілер жақсы қаруланған жазалаушы отрядпен қақтығысады. Күші басым отрядқа төтеп бере алмаған көтерілісшілер қашып, Қытайға өтпек болады. Аттары болдырып, өздері әбден титықтап шаршаған босқын ел, соңғы асудан асарда күш жиып алу үшін бір сайда дамылдайды. Сол екі арада: «Ойбай, жазалаушы отряд кеп қалды?!» – деген айқай шығып, ел жапа-тармағай тау беткейіне өрмелеп, жан-дәрмені қалмай жанталасады. Асқандары асудан асып кетеді, аспағандары оққа ұшып, мерт болады. Апай-топай асығыста сай табанында тең-тең жүктермен бірге тарс-тұрс атылған атыстан шошып, шырқырап жылаған нәресте қыз бесігімен қалып кетеді. Отрядқа жол көрсетуші қазақтардың ішінде бір Байзақ деген кісінің баласы жоқ екен. Перзент қып бауырына басып, асырап алады. Сол қыз бойжетіп, тұрмысқа шыққан біздің анамыз – Сарқыт болып шығады.
Мен консерваторияны бітірген жылы анамның оңашада, іште жатқан шерін қозғап, көзінің шарасы жасқа толып, толғана айтқан толғақты сыры әлі есімде. Әкесі кім?! Шешесі кім? Қазақ па, басқа ұлт па?.. Өйткені, тәжікше «шекараны» – «сарқыт» дейді екен. Кімнің Сарқыты болды екен, Анам? Білмейміз. Беймәлім. Осының бәрі жұмбақ мұнарымен қымталып, құпия болып қалды. Сарқыт анам қалған өмірінде трактор айдап, егін екті. Шопан болып қой бақты. Таусылмайтын колхоздың маусымдық жұмыстарына жегіліп, күні өтті...» – деп, түп-тұқиянының тамырын таппай қиналған Мәжит аға кенет кешегі соқтықпалы-соқпағы мол заманның запыран зары құлағына келгендей, мұңая үнсіз қалды...
Өмір-теңізде арман шіркін, сарқылған ба, қылқұйрық қиял жеткізген бе, сірә?! Өткеннің өкшесіне басылмаған неткен тағдыр десеңші бұл!
Сая ҚАСЫМБЕК,
драматург
Оңтүстік Қазақстан облысы