25 Қазан, 2011

Қыздарға әсемдік жарасады

656 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында мұсылман қыз-келіншектерге арналған, ұлттық айшықтағы заманауи киім үлгілерінің республикалық «Әсем киім – әйел көркі – 2011» байқауы қорытындыланды. Алматыға жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары білікті имамдарды, исламтанушылар мен дінтану­шы­ларды, араб тілі мен әде­биеті­нің аудармашыларын даярлайтын Нұр-Мүбәрак Египет Ислам университетінде болып, діни тәлім алып жатқан түлектермен кездескенінде қазақ ұлтының мұсылман халық екендігін, бізге мұсыл­ман­дығымызды, қазақтығымызды сақ­тап қалу үшін ешқашан да ұлттық құндылықтарымыздан, әдет-ғұр­пы­мыздан көз жазбауымыз керектігін, жас мамандардың күні ер­тең үлкен дін қайраткері боп қа­лыптасып, мемлекеттің тәуел­сіз­дігін нығайтуға үлес қосатын­дық­тарын баса айтқан еді. Сол кездесуде Қазақстан мұсылман­дары діни басқармасының төр­аға­сы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі осыдан екі ай бұрын Діни басқарманың бастамасымен еліміздегі қыз-келіншектерге ар­нал­ған ұлттық нақыштағы мұ­сыл­ман киім үлгісіне байқау жа­рияланғанын, байқау нәтижесі жуырда қорытынды­ланатын­ды­ғын жеткізген. Міне, сол межеге жетіп, қала төріндегі кең сарайда дүбірлі жиын болып өтті. Айтулы шараны еліміздің Бас мүфтиі, хазірет Әбсаттар қажы Дербісәлі ашып, байқаудың мән-маңызы жайлы қысқаша айтып өтті. – Ұлттық айшықтағы заманауи киім үлгілерін тіктіру арқылы тек мұсылманшылыққа бет бұр­ған қыздардың мәселелері шешіліп қана қоймайды, сонымен бірге қазақылығымызды насихаттау­ға, нығайтуға үлкен мүмкіндік болады. Бұл арқылы ең әуелі біз қыздарымызды қазір жаһанды жай­лап жатқан жалаңаштану сая­сатынан сақтап қаламыз. Ұлтты­ғы­мызды сақтап қалудың бір жо­лы – ұлттық киімдерімізді кеңі­нен насихаттау. Тек насихаттау емес, оны күнделікті өмірде киіп жүру. Діни басқарманың қолға алып отырған ісі кешегі жоғалт­қан құндылықтарды қайта жан­дандырудың, мұсылмандық па­ры­зы­мызды орындаудың әрекеті. Осы шара арқылы иманын ой­лаған аяулы қаракөздердің киім жайлы мәселелерін шешуге үлес қосқан болсақ, мақсатымыздың орындалғаны, – деді Бас мүфти сөйлеген сөзінде. Әурет жерлерді қымтап ұстау, шариғатқа сай киіну белгілі бір ағымның белгісі емес. Адамға намаз оқу, ораза ұстау қандай бұй­рық болса, Құранның талабы­на сай киіну де дәл сондай бұй­рық етілген. Ендеше, Діни бас­қарма бастап, еліміздің бетке ұстар ірі компаниялары қолдап, айтулы азаматтарымыз қазылық еткен бұл байқаудың қазаққа берері көп. Олай болса, бұл бай­қау­ға екі жүзге тарта киім үлгісі қатысып, соның алпысы іріктеліп алынғанын да айта кетсек дейміз. Ең ғажабы, жаңа үлгіде жинақы етіп тігілген, ұлттық нақышқа бай киім үлгілерін киген қыздар легі сахна төріне көтерілгенде жиыл­ған көпшілік бір жағы қуа­ныштан, бір жағы ұлттық мақта­ныш­т­ан болар, толассыз қол соғумен болды. Қазылардың талабынан сүрін­бей өтіп, көрерменнің ілтипатына бөленген үздік киім үлгісі ретінде бас бәйгені «Ерке Нұр» сән театры ұсынған «Қаракөз» сәнді киім үлгілері топтамасы жеңіп алса, бірінші орын Гүлжан Рыс­бековаға, екінші орын Ғалия Қай­дауылқызы мен Зүлфия Ақа­таева­ға бұйырды. Ал үшінші орынға Тоғжан Рымбаева, Майра Ахметова, Назгүл Семғалиевалар ие болды. Бес ынталандыру жүл­десі мен демеушілердің арнаулы сыйлықтары жас дизайнерлер Айша Кеңесбай, Динара Парманова, Индира Біртубаева, Гүлқай­ша, Досжан, Фатима Бизақова­лар­дың еншісіне бұйырды. Киім киюдің де өнер екендігін, әр ұлттың бет-бейнесі мен мә­дениетінің келбеті екенін та­ныт­қан бұл байқаудан түйгеніміз, жаһанның түкпір-түкпірінде әр түрлі ұлттар мұсылман дінін ұста­нып, шариғи талаптарға сай киінгенімен, әр ұлт өзінің ұлттық реңін жоғалтпаған кезде ғана еліктеп-солықтаудан азат, шы­найы мұсылман екендігін паш ететіндігіне жұрттың көзі жетіп, көңілі сенді деуге болады. Иә, қара түсті матадан тігіліп, тек көзді ғана ашық қалдыратын киім үлгілері қасиетті Құранда па­рыз етілмегеніне бұл шара баршаның көңілін оятып, көзін ашты деуге болады. Байқаудың қорытынды кешінде қазақ эстрадасының жұлдыз­дары Қанат, Айткүл Құдай­бер­геновтер, «Серілер», «Жігіттер» тобы және басқа да өнерпаздар жырдан шашу шашты. Балуан Шолақ спорт сарайына жиылған көпшілік бұл шара келер жылы да өз жалғасын табады деген сеніммен тарқасты. Қанат ЕСКЕНДІР. Алматы. Суреттерді түсірген Азамат ҚҰСАЙЫНОВ.