Биыл заңғар жазушы, академик Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл. «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы өшпес даңққа бөленген жазушының әдебиет пен ғылым үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол еңбектердің көбі зерттелді, бәрінің басын қосса том-том кітаптар шығатыны да даусыз. Оған қоса жазушының маңдайы жарқырап, жан-жағына нұр шашқан бейнесін сомдаған естеліктер мен эсселерден, басқа да материалдардан халқымыздың ұлы жазушыға деген құрметі мен сүйіспеншілігін тануға болады. Әуезовтің сән-салтанаты келіскен сұлу әлемі барлық кезде өзіне магниттей тартып тұратынының дәлелі бұл. Дөңгелек үстел барысында айтылған ой-пікірлердің қай-қайсысы да жазушыны жақсы бір қырынан көрсетіп, тұлғасын биіктете түскендей әсерде болдық.
Шара барысында саяси ғылымдар докторы, профессор Камал Бұрханов кезінде Әуезовтің 90 жылдығы тойланған үлкен жиынға куәгер болғанын баяндады. Сол кезеңдерде Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған Колбиннің жиында шатып-бұтып, кісі аттарын да дұрыс айтпай жасаған баяндамасынан соң ақын Олжас Сүлейменовтің жарыссөзге шыққанын айтты. Олжас Әуезов туралы айтылған «известный писатель» деген сөзге шүйліккен. «Біз осыдан он жыл бұрын Әуезовті «ұлы» дегенбіз. Ол ұлы жазушы болған, ұлы жазушы болып қала береді» – деген мағынадағы сөзді айтқан екен ақын. Камал Бұрханов жер бетінде қазақ деген халық барда Әуезовтің де даңқы биіктей беретініне сенім білдірді.
Сондай-ақ ақын Серік Тұрғынбекұлының да Мұхтар Әуезов туралы айтқан ой-пікірлері тартымды әрі қызықты болды. Ол заңғар жазушының түбі түркі екі тұлғаға үлкен жақсылық жасағанын жеткізді. Оның бірі татардың үлкен ақыны – Мұса Жәлел болса, екіншісі – «адамзаттың Айтматовы» атанған қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов. Екеуінің де Лениндік сыйлық алуына ықпал еткен. Рас татардың ақыны ол кезде тірілер санатында жоқ еді. Ал Шыңғыс Айтматов сондай ірі сыйлықты алғанда небәрі 28 жаста екен.
Жалпы дөңгелек үстел барысында ірі жазушының кісіге жасаған қамқорлығы туралы аз айтылған жоқ. Сондай-ақ оның әдебиет пен ғылымдағы сүбелі еңбектері де аталды. Тіпті әлі күнге «Абай жолының» тасасында қалып келе жатқан еңбектері туралы да сөз болды. Мұны дөңгелек үстелді жүргізген филолог ғалым Иманғазы Нұрахмет баса айтып отырды. Ол болашақта осы еңбектерді зерттеу қажеттігіне де баса мән берді.
Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»