25 Қазан, 2011

Бірқатар нысандарда болды

303 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Сенбі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алма­ты қаласындағы бірқатар нысандарда болды, деп хабарлады Қа­зақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы дендросаябақта болды. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Президентке қалада саябақ аймағын дамыту жоспары туралы баяндады. Одан кейін Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр-Мүбәрак» ислам мәде­ние­ті университетінде бол­ды. Университет жоғары білікті имамдарды, исламтанушыларды, дінтанушы­лар­ды, араб тілі мен әдебиетінің аудармашыларын даяр­лауды жү­зе­ге асырады. Қа­зақстанның Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі мен университет ректоры Махмұд Фахми Хиджази Мемлекет бас­шы­сына жаңа оқу-әкімшілік корпусын таныс­тыр­ды. Президент мәжіліс залын, аудиторияны, компьютер және лингафон кабинеттерін қарап шығып, оқушылармен және оқы­ту­шылармен әңгімелесті. – Университетті құрудағы мақ­­сат – қазақстандық мешіттерде жұмыс істейтін өз маман­дары­мызды даярлау болып табылады. Сіздер исламды оқумен қатар, біздің халқымыздың ежелгі та­рихы мен бай дәстүрлерін де ұмытпауларыңыз керек. Тарихты, мәдениетті, әдебиетті, филосо­фия­ны білулеріңіз керек. Оқуды бітіргеннен кейін Қазақстанның барлық өңірлеріндегі мешіттерде жұмыс істейтін боласыздар. Сіздер біздің қоғамдағы бірлік, бейбітшілік пен келісімнің қанша­лық­ты маңызды екенін адамдарға түсіндірулеріңіз қажет, – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.