
Отырысты Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев ашып, қысқаша сөз сөйледі. «Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында қолға алынған бұл жоба өнерімен, білімімен, қоғамға сіңірген еңбегімен, ерекше қасиеттерімен дараланған талантты азаматтардың танылуына үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Жаңа есімдерді анықтауға жұртшылық та жоғары белсенділік көрсетуде», дей келіп, ол биылғы 7 маусымнан бастап 15 қыркүйекке дейін еліміздің түкпір-түкпірінен жобаға қатысушылардан өтініштер қабылданғанын жеткізді. Олар «Ел.кз» порталында тіркеліп, ұзын саны 2212 адамға жеткен. Министр қазір оларды іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, сонымен қатар олардың табыстылығының сырын ақпарат құралдарында жан-жақты көрсету жұмыстары қолға алынғанын айтты. «Халыққа олардың табыстылығының сырын танытар болсақ, бұл шараның тәрбиелік әрі идеологиялық тұрғыдан өз жемісін беретініне біз сенімдіміз. Қазір Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы осы мақсатты іске асыру бойынша жүйелі істерді қолға алуда. Атап айтқанда, 100 жаңа есімнің бірі атануға үміткер азаматтар туралы деректі фильмдер циклы түсірілуде», деді министр.
Осыдан кейін жиналғандарға мысал ретінде «Астана» телеарнасы түсірген фильмнен үзінді көрсетілді.
Осыдан әрі Д.Абаев фильм қамтыған азаматтардың бірнешеуін атап өтті. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы мүгедек жан Шахан Жолдасбаевтың туған шаһарындағы ғимараттарға пандус жасауды ұйымдастырғанын, Шығыс Қазақстан облысының бес мың адамдық шағын кентінде тұратын Валентин Алифановтың балалардың өнер мектебінде жаңа театр бөлімін ашқанын жеткізді. Соңғысының шәкірттері қазір балалар арасында өтетін халықаралық конкурстарға қатысып, бәйге алып жүрген көрінеді.
ҚХА Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай жұмыс тобының алға қойылған мақсат жолында үлкен іс-шаралар атқарғанына ризашылық білдіре келіп, тіркелген азаматтардың табыстылығының сыры, олардың жүрген жолдары туралы «Ұлы Даланың жаңа есімдері» деген атпен әлеуметтік желіде де топ құрылғанын айтты. Жалпы, онда тартылған адамдардың саны 6 мыңнан асып кетіпті. Қазір оларды қолдау мен талқылаулар жүріп жатыр. Сонымен қатар, 15 қыркүйекте өтінімдер қабылдау аяқталып, енді әрі қарай жұмыстар министрлікпен бірлесіп жасалады, деді ол. Д.Мыңбай Ассамблея құрылымдарының бұл іс-шараға айрықша белсенділікпен қатысқанын атап өтті. Олардың қатысуымен 520 адамның өмірбаяндары тіркеліпті, ал түскен ұсыныстардың саны 900-ге жуық екен. Ассамблеялықтар тізімге ұсынған кандидаттардың қатарында ол мысалға, «Родина» ауылдық округінің әкімі Бэла Газдиеваны атап, оның өз жұмысын белсенділікпен атқарып, үздік ұсыныстарымен көзге түсіп жүргенін, сонымен қатар, 26 жасында кандидаттық диссертация қорғағанын жеткізді. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысының 28 жасар тұрғыны Қуаныш Жұмабеков ағылшын тілін жеңіл жолмен үйрену оқулығын жасап, оның үздіктігін түркиялықтарға мойындатып, сол елде бастырған және өзі бірнеше тілді меңгерген полиглот, аудармашы, ғалым екен. Бұрын есімдері халыққа белгісіз болып келген азаматтарымыз көп және олар қазақ пен орыс арасынан ғана емес, Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдері арасынан шыққан, деді ол.
Ал «Астана қаласы теледидары» ЖШС бас директоры Ләззат Танысбай жұртқа жаңа көрсетілген фильм сияқты 10 деректі туынды түсіріліп, оның бәрі эфирден берілетінін жеткізді. «Біздің қызметкерлеріміз бұл жұмыстарға белсене кірісіп, шығармашылық шабытпен жұмыс істеуде. Жаңа есімдердің көбін біздің журналистеріміз бұрын білмеген, енді олармен етене таныса келгенде өздерінің таңырқауларын жасыра алмауда. Бұрын біз кез келген саланың жұртқа белгілі адамдарын ғана көрсетіп, мақтаныш ететін болсақ, енді өнерлері мен табысты істері халыққа білінбей келген талантты адамдардың бізде өте көп екеніне көз жеткізіп жатырмыз», – деді ол.
«Қазконтент» АҚ басшысы Евгений Кочетов «Ел.кз» порталындағы «100 жаңа есім» бойынша ауқымды жұмыс жасағанын, сайтқа келген барлық өтініш қабылданғанын айтты. «Біз жұмыстың бірінші кезеңінде жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтасып, олардың ұсыныстарын жинадық, енді 1 қазаннан айдың аяғына дейін жұмыстың екінші кезеңін бастап, осы сайттағы есімдерге халықтың онлайн режімде дауыс беруін ұйымдастырдық. Сонымен бірге үміткерлердің жеңімпаз болуының ең басты критерийі – Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылғанындай, Тәуелсіз Қазақстан үшін айрықша маңызды еңбек еткендігінің мойындалуы», – деді ол. Сонымен бірге ол жиналғандарға сайтта көрсетілген дауыс берудің тәртібі туралы баяндап берді.
Отырыста бұлардан басқа да жұмыс тобы мен сарапшылардың бірнеше белсенділері сөйлеп, өздерінің істеген жұмыстары мен ұсыныстарын ортаға салды. Жиынды Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев қорытындылап, порталға есімдері енген барлық адам белгілі бір табысқа қол жеткізгендер, яғни олардың әрқайсысы бір жетістіктің тарихы екенін айта келіп, БАҚ оларды халыққа танытуда аянбай еңбек етулері керектігін айтты.
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»