Осы орайда Шамайдай ердің есімін айрықша атауымыз ләзім. Бүгіндері есімі көпке белгісіз, өнегесі ұмыт қалған Шынасылдың Шамайы – ұлт жолында құрбан болған ардақты азаматтарымыздың бірі. Ол 1897 жылы қазіргі Алматы облысының Ақсу ауданына қарасты №4 (Қазіргі – Ойтоған) ауылында дүниеге келген. Биыл ағартушы, қоғам қайраткерінің туғанына 120 жыл толып отыр.
Шамай – бақ дарып, құт қонған оразды әулеттен тарайтын текті азамат. Түп атасы Темей (Тынды), бабасы Төлебай, Есіркеп те, өз атасы Досан, әкесі Шынасыл да өз заманының аты шыққан азаматтары болған. Бабасы Төлебай жоңғар, қалмақ соғысында «Абылайлап!» атқа қонған қазақ батырларының бірі. Аласапыран заманда жанқиярлық ерлігімен көзге түсіп, аты мұқым қазаққа мәшһүр болған батырдың ерлігі І.Жансүгіровтің еңбектерінде айтылған-ды. Құтты бесіктен өсіп-өнген бала Шамай Біләл Сүлеев, Ораз Жандосов, Ілияс Жансүгіров сынды ел ағаларымен қатарласып, ұлт қызметіне жегіледі.
Ақ пен қызыл өзара бақталасқан шақта, ел іргесі сөгіліп, халық жерін, мал-мүлкін тастап, Ақсудан Алтай өтіп, босып көше бастайды. Бұл уақытта қара халықты біресе ағы, біресе қызылы шауып, берекесін қашырады. Осындай қиын-қыстау зұлматты жылдары Шамай Біләл, Ораз ағаларымен бірігіп, елдің қорғаны болып, атаман Анненковтың езгісінен құтылу және ашаршылықтың алдын алу үшін «Матай-Садыр» ұйымын құрады. Бұл ұйым – әлсіздің қорғаны, жоқтың тіреуі, жәбір көргеннің панасы, жетімнің жебеушісі болды. Нәтижесінде Матай атасынан тараған бір қауым елді Бөрлі құмына тығып, аштықтан, Анненковтың қырғынынан аман-есен алып қалады.
Кеңес үкіметі орнаған кезеңде, «Жер жүзінің еңбеккерлері, бірігіңдер!» деген шақыруды қолдап, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмысына белсене араласады. Ақсу ауданы аумағынан «Қосшы» одағының бөлімшелерін құруға көмек көрсеткен екен. Ол кезде бұл одақтың аудандық басшысы Б.Сүлеев, облыстағы басшысы О.Жандосов болатын. 1921 жылғы қолдан жасалған алғашқы аштықтан соң, Алматы облысының бірқатар аудандарында панасыз балаларға арналған мектептер ашыла бастайды. 1927 жылы Шамайдың қамқорлығының, қайраткерлігінің арқасында Қарағаштағы бұрынғы «Мамания» мектебі жанынан 200 орынды «Балалар коммунасы» құрылады. Бұл Қарағаштағы мектеп – бай-бағландардың мүлкін тәркілеу кезінде өртеніп кеткен еді. Міне, Шамайдай ағартушының көрегенділігімен бұл мектептің ордасы қайта көтеріліп, халықтың панасына айналады. Алматы облысы бойынша оқу-ағарту ісімен айналысып, қоғамдық-саяси қызметтері арқылы сауат ашу ісін қолдаған қайраткердің үстінен заһарлы жылдары жөнсіз шағымдар түсе бастайды. Жала жапқыш белсенді тыңшылардың көрсетуімен қыран текті азаматтың аяғына тұсау түсіп, 1937 жылдың 12 шілдесінде қамауға алынады. Оған тағылған айыпта: «Кеңес үкіметіне қарсы қазақтардан құрылған ұлттық ұйымның жетекшілерінің бірі болып, Алматы облысы атқару комитетінің төрағасы О.Жандосовтың басшылық тапсырмасымен Ақсу ауданында кеңес үкіметіне қарсы контрреволюциялық топ құрып, оны басқарды», – деп жазылыпты. НКВД үштігінің отырыс хаттамасында оның 1937 жылдың 28 қыркүйегінде тергеуде болып, өзінің қателігін толық мойындап, О.Жандосовтың тапсырмасын орындағаны айтылды делініпті. Ақырында НКВД Үштігінің шешімімен 1937 жылдың 15 қазанында ату жазасына кесіліп, мерт болады. Шамай неліктен атылды? Оның бар кінәсі – ұлтшылдығы, ұлтқа деген махаббаты, ағартушылық-қайраткерлік қызметі екен!
Қайран, арысым-ай, қанатың қайрылғанша, еліңе, жеріңе адал болдың ау...Кейде ойлаймын, осы Шамайды мұз мұрт Сталин де, қу жақ Голощекин де, тіпті «лимитшіл» Мирзоян да көрмеген болар. Шамайды құртқан «өз ауылының иттері» еді. Расымен, солай ғой. Әйтпесе, Сталин қайта тіріліп келсе де, ұлан-ғайыр мына даланың түкпір-түкпірінен «халық жауы» болып атылып кеткен боздақтарды түгел танып болмас еді!
Шамайдай ердің ұрпақтары, ағайын-туысы өсіп, жетілген өркенді әулетке айналды. «Орнында бар дүние оңалып», оның құрметіне көше аты берілді. «Халық жауы» деген жаласы – «халық перзенті» деген шынайы құрмет-ықыласты сөзге айналды. Ендігі үміт-тілек: аумалы-төкпелі заманда қазақ жастарын оқуға шақырып, ағарту ісімен айналысқан Шамайдай қайраткердің есімін 120 жылдық айтулы мерейтойы қарсаңында Ақсу ауданындағы бір мектепке беріп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Жалпыхалықтық аза тұту күнінде жер басып жүрген адамның қолынан келері – шейіт кеткен құрбандардың рухына құран бағыштап, дұға ету ғана емес пе!Ендеше, біздің Шамайдай қайраткердің рухына бағыштар дұғамыз осы болсын.
Елдос ТОҚТАРБАЙ,
әдебиеттанушы