Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өтетін уақыт та күн санап таяп келеді. Біз үшін тәуелсіздік ешнәрсеге теңгермейтін ұлы күн. Осы арада ойыма Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдігіміздің 19 жылдығында сөйлеген сөзіндегі: «Азаттықтың арайлы таңынан бері тәу етер киемізге айналған Тәуелсіздік күні – біздің ең ұлық мерекеміз. Арманда кеткен арыстардың асыл мұратына біз мыңжылдықтар тоғысында қол жеткіздік. Айымыз оңынан туып, Тәңір тілекті берді. Төрт құбыламыз теңеліп, төбедегі келді. Алаштың айбыны асып, күн сөнгенше азат болды. Қырандай қомданып, тұғырына қайта қонды!», деген жолдар ойға оралып отыр.
Иә, осы тәуекелге бекінген 20 жыл талай биікке көтеріп, асулардан асырды. Әрине, бұл күн бізге оңайлықпен келген жоқ. Арыға бармай беріден тізгін тартсақ, ел болған күннен бастап жұртымызды сара жолға бастаған жолбасшымыз – Тұңғыш Президентіміз. Ол кісі жоғарыда айтқан, арманда кеткен арыстар аңсаған тәуелсіздігіміз күн сөнгенше сөнбеуі тиіс. Бақытымызға қарай сол тәуелсіздікті көру, шарапатына бөлену біздің тәлейімізге жазылыпты. Көру өз алдына, мұның жауапкершілігін айтсаңызшы! Сол жауапкершілікті біз Тұңғыш Президентіміздей сезіне алдық па? Кейде осы сұрақ мені мазалайтыны бар. Ғасырлар тоғысында қолға тиген егемендіктің алғашқы жылдарындағы аласапыран, жаңа жүйе құру барысындағы ізденістер, нарыққа бейімделу кімнің де болса көз алдында шығар. Балапан басына, тұрымтай тұсына тартатын. Бірі жетсе, екіншісі жетпейтін. Басқаны қайдам, өз салам бойынша өткенге ой жіберсем мың құбылып, көз алдыма келеді. Соның бәрін қазір артта қалдырып, даңғыл жолға салған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ақыл-парасаты, алғырлығы, таразыдай теңшеп отыратын сарабдал саясаты еді. Осы уақыт ішінде елімізде ғасырларға пара-пар жұмыс атқарылды. Төрткүл дүние елімізді, Елбасымызды таныды. Экономикамыз өрлеп, әлеуметтік жағдайымыз жақсарды. Өтпелі кезеңнің сан өткелі қысып тұрғанына қарамай Арқа төсінен Астана салдық. Бұл Мемлекет басшысының батыл қадамы, теңдессіз ерлігі болды. Басында орындалмайтын армандай көрініп еді. Енді тәуекелге бел бусаң бәрін жеңіп шығуға болады екен деген байламға кім де болса келетіні анық. Қазір Елбасының бұл ерлігін өзіміз ғана емес, төрткүл дүние мойындап отыр. Мойындағаны сол емес пе, небір алқалы жиындар Астанада өтіп, абыройымыз аспандап келеді. Келген жұрт мәуелі Бәйтерекке, сәулетті ғимараттарға қарап еліміздің әулетіне қарай дәулеті артқанын көріп, білуде. Дән ризалықтарын айтып, бұл береке-бірлікке ұйыған халықтың оң қадамы деп бағалауда. Мен мақаланың атын «Жолбасшы» деп бекер алып отырғаным жоқ. Елді бастай білу, дұрыс жолға салып, жолбасшылық көрсету кез келген адамның тәлейіне бұйырмаған бақ пен бақыт. Бұл тұрғыдан келгенде Нұрсұлтан Әбішұлы нағыз жолбасшы да, көшбасшы да дәрежесіне көтерілген әлемдік тұлға.
Қыркүйек айының соңғы күндері Астанада Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы денсаулық сақтау министрлерінің 3-ші Ислам конференциясы болды. Арада екі апта өткеннен кейін, ол қазан айының 12-13-і күндері елорданың Тәуелсіздік сарайында басталып, Семейде «Ядросыз әлем үшін» атты халықаралық форумға жалғасты. Аталған жоғары деңгейдегі екі мәжіліске де қатыстым. ИЫҰ форумына 57 елден 400 делегат, өз еліміздің медицина саласының мамандары, ғалымдар қатысты. Мен сол басқосуда шетелдік қоғам қайраткерлерімен, халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, сұхбаттастым. Ондағы ойым елдік істі өзгенің озық тәжірибесімен жетілдіре түсу еді. Семей ядролық сынақ полигоны төңірегін мекен еткен бауырлар бастан кешкен жантүршігерлік деректерді бейнелейтін «Қазақстан ядросыз әлемді қолдайды» атты фильмді зердемнен өткіздім. Адамның өлшеулі өміріне төнген қатер соңы өлімге соқтыратынын көрдім. Осыдан кейін адам денсаулығы, адамға және адамзатқа төнген апаттардың жауапкершілігі туралы көп ойландым. Болашақ ұрпақтың қам-қарекетін арыдан болжап, аждаһаны өз Жарлығымен тұншықтырып, содан бері атомсыз ғаламды қалыптастыруды көгілдір тумен қатар көтеріп келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігіне тәнті болдым.
Осы форумдардан кейін қырық жылдан астам денсаулық сақтау саласында дәрігерлік қызметте жүрген маман ретінде, ширек ғасырға жуық уақыт «Әлем дәрігерлері ядролық соғысқа қарсы» атты халықаралық қозғалыстың мүшесі ретінде, Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы ретінде еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» оқырмандарымен өзімді толғандырып жүрген ойлармен бөліскенді жөн көрдім.
Мен жоғарыда айтқан алқалы жиындарда замандастарыммен пікірлескенде көп нәрседен хабардар болдым. Сонда аңғарғаным, медицина саласын толық қаржыландырған, барлық алға қойған мақсаттары шешілген, ұзақ жылдарды қамтитын стратегиялық бағдарламалары бар мұсылман елі санаулы екен. Көп мемлекеттердің денсаулық сақтау мекемелері медициналық құрал-жабдықтармен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмеген. Бастарын тауға да, тасқа да ұрған пәкстандық әріптестерім сатылу құны өте қымбат тұратын вакциналарға қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелерін көтеріп келе жатқалы біраз уақыт болыпты. Ирактағы әйелдердің 70 пайыздан астамы өздерінің отбасында босанады екен. Өйткені, елде акушер-мамандар жетіспейтін көрінеді. Ал Ауғанстанда безгек пен туберкулез аурулары үлкен проблемаға айналған. Олар бұл туралы дабыл қаққалы қашан. Бұл мемлекетте құрт ауруы дерті 50 пайыздан 70 пайызға дейін шарықтап кеткен. Ал Алжирдегі денсаулық сақтау саласының қызметкерлері қауіпті жұқпалы сырқат СПИД-тің бой бермей, өршіп тұрғанына алаңдайды. «Елімізде бала мен ана денсаулығын қорғау аса қиын жағдайда: ана мен бала өлімі өте көп», деді Гвинея Республикасы денсаулық сақтау министрінің орынбасары Туре Фатомата. Делегаттардан Қазақстан туралы пікірлерін сұраған кезімде Біріккен Араб Әмірліктері денсаулық сақтау министрінің орынбасары Мансұр Әл-Хуаси былай деді: «Қазақстанда денсаулық сақтау саласына, ана мен баланы қорғауға мемлекет тарапынан ерекше қамқорлық жасалып жатқанына куә болып отырмыз. Оның барлығы өркендеген елдің экономикалық деңгейіне байланысты деп ойлаймын. Астаналарыңыз қандай керемет!». Басқа да әріптестер қазақ елінде медицина саласы жоғары дәрежеде дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Мен бұл пікірлерге неге тоқталып отырмын? Себебі, біз тәуелсіздігін енді ғана алған мемлекетпіз. Бар болғаны жиырма жыл, осы уақыт ішінде байтақ даламыз түледі, түрленді. Әрине, біздің де сан-салалы мәселелеріміз көп. Бірақ соның бәрін Елбасы алдын-ала болжап, орындау тетігін алға шығарып, адам денсаулығын сақтау мен білім беруге ерекше көңіл аударуда. Соның нәтижесі жұрттың әл-ауқатын арттырып, ерекше риза етіп отыр. Мұны өзіміз ғана емес, өзгелер де жоғары бағалауда. Бұл сөзіміз жалаң шықпас үшін Елбасы тарапынан денсаулық сақтау саласына жасалып жатқан қамқорлыққа тоқтала кетсем деймін.
Халық денсаулығының жағдайы мемлекеттің әлеуметтік бейімделуінің интегральдық көрсеткішін бейнелейді және азаматтарының алдындағы Үкіметтің жауапкершілігін анықтайды. Бұл тұрғыдан келгенде ел дамуының және азаматтар аман-саулығының ұзақ мерзімдік бағдары 1997 жылы Президент Н.Назарбаев ұсынған «Қазақстан-2030» Стратегиясында тайға таңба басқандай бекітілген. Онда халықтың денсаулығын нығайту мемлекет құрудың басым бағыттарының бірі ретінде дәйектелген.
Ел тәуелсіздік алғаннан бері Мемлекет басшысы азаматтардың денсаулығын нығайтуға үнемі қамқорлық көрсетіп келеді. Оның бәрі заңдық күші бар құжаттармен бекітіліп отыр. «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс, денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған бірнеше бағдарлама, халыққа медициналық қызмет көрсетуді жақсарту жолындағы прогресшіл, қазіргі күнгі Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін мақұлдауы соған дәлел деп білемін. Астана қаласынан Ұлттық ғылыми медициналық орталықты, Медициналық кластерді және Ұлттық медициналық холдингті құруы, елде «100 аурухана және 100 мектеп» салуға ұйытқы болуы, халықаралық «Назарбаев Университетінде» медицина мектебін (факультетін) және Тіршілік институтын, Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінде медицина факультетін, Алматыда Саламатты өмір салтын құрудың ұлттық орталығын ашуға бастамашылық етуі халыққа көрсетіліп отырған зор қамқорлық. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жыл сайынғы Жолдауда нақтыланып, ол өз шешімін тауып келді. Соңғы он жылда денсаулық сақтау саласына жұмсалған қаражат 10 есеге көбейген. Тәуелсіздік жылдары 500-ден астам жаңа денсаулық сақтау мекемелерінің ғимараттары салынып, 2010 жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) 3,2 пайызын құрады.
Өткен жылы Елбасы «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласының «Саламатты Қазақстан» атты 2011-2015 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын» бекітіп берді. Ол елдің тұрақты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін ел азаматтарының денсаулығын жақсартуға, қорғау мәселелеріне, ведомствоаралық қарым-қатынасты күшейтуге және санитарлық-эпидемиологиялық аман-саулықты қамтамасыз етуге, Бірыңғай ұлттық жүйені дамытуға, жетілдіруге, медициналық және фармацевтикалық білімді өркендетуге, медицина ғылымын және фармацевтикалық қызметті өрістетуге даңғыл жол ашуда.
Аталмыш мемлекеттік бағдарлама Қазақстан Президентінің 2010 жылдың 1 ақпанындағы «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары туралы» №922 Жарғысын іске асыру мақсатында дайындалғанын еске сала кетсем деймін. Айтылған деректерге қарап отырып ел денсаулық сақтау саласын дамытудың Бас стратегі Қазақстан Президенті деп батыл айта аламын.
Мемлекетіміздің іргесін көтеріп, әлемдегі алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарына қосуға бар күш-жігерін жұмсап жүрген Нұрсұлтан Әбішұлымен бірнеше рет жүздесіп едім. Адам ретінде, азамат ретінде ол кісінің бүкіл болмысы маған үлгі-өнеге болып келеді. Енді кейінгіге сабақ болсын деп сол туралы да айта кетсем деймін.
1989 жылдың наурыз айы болатын. Қырықтың қырқасына көтеріле берген жасымда маңдайыма елде бірінші салынған республикалық диагностикалық орталыққа жетекшілік ету бақыты бұйырды. Бірақ ол кез халқымыздың бай салт-дәстүрлері естен еріксіз өшіріліп, біржола ұмыт болып кете бастаған өліара уақыт еді. Дегенмен, ұлттық ғұрыпқа талпыныс көрініс бере бастаған. Әлі есімде, өзім басқарып отырған орталықтың ұжымы Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын атап өтейік деп жатқанбыз. Қанатымызды еркін қомдауға қаймығатын сол заманда, өшкенімізді тірілтіп, жоғалтқанымызды қайта табуға мұрындық болып жүрген Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы екенін сезетінбіз. Үкімет басшысы орталыққа келеді деді. Алғашында абдырап қалдық. Артынан ол кісінің қарапайым ғана Наурыз тойымызды келіп тамашалап, дастарқанымыздан дәм тататынын ойлағанда мерейіміз өскендей болды.
Бірінші жүздесуде сынап, әрі барлап қараған өткір жанар жадымда жатталып қалды. Жыл басын бізбен өткізіп, дәрігерлердің ортасында емен-жарқын әңгіме-сұхбат құрған маңдайы кере қарыс қандасымыздың қырағы көзқарасына алғаш рет мен, бәлкім, сол жолы іліктім шамасы. Адам жанын ажалдан қайтсем арашалап қаламын деп жүрген кез еді. Оған қоса психология ғылымына ден қойып, қатар игерген мен үшін жан-дүниесі теңіздей терең азаматтың болмысы бөлек, бітімі биік екенін ұғындырған алғашқы жүздесудің жөні бөлек, мәні мен маңызы да зор болды. Күні бүгінге дейін бармақтай ғана бағымның жануына қазақтың біртуар перзентінің қырандай қырағылығы себеп болғанын айтып жүруіме де сол алғашқы жүздесу әсер етті білем. Қазір 20 жылдан бұрын болған жайлар еске түскенде, «Әр қазақ – менің жалғызым» деп жазған ақын бауырымыздың тамаша тіркесі жүректің қылын шерте ме, қалай? Мемлекетіміздің бірінші тұлғасы бір мен ғана емес, миллиондаған азаматтарға қамқор болғанын жақсы білеміз. Ол кісінің тәлімін алып, тәрбиесін көрген адамдардың абырой-беделге бөленгеніне де куәміз.
Екінші жүздесу жайлы әңгімемізді әрі қарай жалғастырсақ, айшықты Астананың тағы бір жеңісі, Мемлекет басшысының төл баласындай туындысы Ұлттық ғылыми медициналық орталық жайында сәл толығырақ сыр шертіп көрейін.
Жұртым деп жұмылып, елім деп еңіреген талай жақсы мен жайсаң көре алмай кеткен, егемендіктің алтын арай шапағы нұр болып төгілген бақытты сәтті бастан өткеру, жоғарыда да айттым, біздің буынның маңдайына бұйырған еді. Одақтың құрсауынан босағанда халқы ата-баба жолымен ақ киізге көтеріп Тұңғыш Президент сайлап алған Қазақ елі де қайта түледі. Сағындырып, зарықтырып, тарықтырып жеткен тәуелсіз елдің ұл-қызының алдында сонда бір ғана міндет тұрды: өзгелермен терезесі тең, керегесі кең, еңселі ел болу. Ол кездегі мұрат та, мақсат та осы еді. Бір кісінің баласындай, бір қолдың саласындай бірігу парыз еді. Өйткені, атам қазақтың «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген сөзі әрқайсымыздың жадымызда жаңғырып тұратын. Қазақ елінің өміріне сәулелі сән кіргізген тәуелсіздіктен көңілдің марқайып, мерейдің асқақтап жүрген күндерінің бірінде мен дарабоз қазақпен тағы жүздестім. Сол баяғы қырағы көз қыран қазақ мені анадайдан жазбай таныды. Алмас қылыштай жарқылдап тұрып айтқан ағалық сөзі де жан дүниемнің ішкі бар иірімін тербемей қоймады.
– Сындарлы сәтте әр саланы көтеру үшін мен өздеріңе, өздерің секілді азаматтарға арқа сүйеймін, – деді Нұрағаң, – бәрі елдің игілігі үшін, атқа қамшы басатын кез келді. Абай, Қазақстанда медициналық кластерді дамытуымыз қажет. Ақмолада барлығымыз жұдырықтай жұмылып, талай жаңа жобаларды жүзеге асыруымыз керек.
Елбасы айтқан мақсат пен міндет айдай анық еді.
Осылайша менің бірқалыпты өтіп жатқан өмірім күрт өзгеріп сала берді. Мемлекет басшысы сенім артып отыр. Оны бұлжытпай орындау парыз. Астана қаласындағы Республикалық клиникалық аурухананы (кейіннен «Ұлттық ғылыми медициналық орталыққа» айналды), Президент бізге құндақтағы баладай тапсырып еді. Содан бері де оқтай зулаған 10 жыл өтіп кетіпті. Өткен күндерге көз жүгіртсем, талай жай санамда сайрап қоя береді. Солардың бірқатарын қысқаша шолып көрейін. Орталық аз уақыттың ішінде Қазақстанның денсаулық сақтау саласының жолбасшысы бола білді. Қазіргі таңда мекемеде жарысып «сен тұр, мен атайын» дейтіндей мамандар шоғырланып жұмыс істеуде. Бізде 60-тан астам медицина ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, 80-нен астам жоғары санатты дәрігерлер еңбек етуде.
Клиникамыздың озық үлгідегі заманауи технологиямен жабдықталуы да Елбасының қамқорлығымен жүзеге асып жатыр. Әлемдік өркениетке халқымды жеткізсем, медициналық көмек алу мүмкіндігін жақсартсам деген ниеті ай санап емес, күн санап өз жемісін беруде. Соның дәлелі Елбасы идеясын өз стратегиясына айналдырған клиника науқастарға көрсетілетін қызметтің жоғары сапалы болуын алға оздырды. Оған медицина қызметкерлерінің жоғары интеллектуалдық әлеуеті көп септігін тигізді. Бірігіп істеген іс көптің көңілінен шықты. Қазіргі күнгі озық технологияларды пайдалану мен мамандардың үнемі өзін өзі жетілдіруі де табысқа ұйытқы болды. Ұжымның мұндай зерделі еңбегін соңғы жылдары халықаралық ұйымдар мойындады. 2008 жылы клиника ISO-9001-2000 сапа менеджменті жүйесінің халықаралық сертификатына (ТЮФСЕРТ, Германия), ал 2010 жылдың маусым айында, EFQМ моделінің «Танылған кемелденудің 4 жұлдызы» (сапа менеджменті жүйесінің Еуропалық қоры, Бельгия) сертификатына ие болды. Еурокеңестің сауда-өнеркәсіп палатасы біздің орталыққа «Еуропаның медицина саласындағы ең үздік кәсіпорны» сертификатын тапсырды. Ашылғаннан кейінгі 10 жылда клиникада қазақстандықтармен бірге АҚШ-тан, Ресейден, БАӘ-ден, Түркиядан, Германиядан, Ұлыбританиядан 210 мыңнан астам жоғары технологиялық көмек алды. Мен мұның бәрін Тәуелсіздіктің арқасы, Елбасы саясатының дұрыстығы деп білемін. Бұған қоса Отанымызда мықты денсаулық сақтау жүйесі қалыптасып отыр. Бұрын бодан кезімізде бұл жүйе орталықтың бағыттауымен жұмыс істейтін. Тәубе, қазір бәрі өз қолымызда. Әлемде қандай озық жетістік, медицинаға қажет техника, технология бар болса, соның бәрін еркін алып отырмыз. Оған қаржы республикалық бюджеттен бөлінуде.
Еуропалық деңгейдегі көпсалалы клиника ретінде ҰҒМО Қазақстанның денсаулық сақтау саласының және медицина ғылымының бірнеше өзекті бағыттарын дамытуда: жасуша технологияларын, кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек беру, тыныс алу, жүйке және эндокринді жүйе ауруларын емдеу (сирингомиелия, шашыраңқы тіннің сырқаттық қатаюы, қант диабеті, т.б.), бүйрек, көз сырқаттарын, бауыр циррозын, гепатит ауруларының ауыр түрлерін анықтау және емдеуді жолға қойды. ҰҒМО-дің жасушаларын қолдануға ТМД елдері арасында сапаға қатысты өте талғампаз және ымыраға келмейтін ұйым – FDA Департаментінің (АҚШ) рұқсатын алған жалғыз клиника. 2010 жылдың тамызында біздің орталықта криобанкі бар дің жасушаларын транспланттау жөніндегі қазақстандық-америкалық зертхана ашылды. Ал одан бір жыл бұрын, 8 жылдық тәжірибелік-клиникалық сынақтардан соң, созылмалы ауыр аурулардың 6 тобын емдеу үшін фетальді жасушаларды транспланттауды тәжірибеде қолдануға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми рұқсатын алдық.
Дің жасушамен емдеуді қолдануымыздың қорытындылары өте үміттендіреді: созылмалы аурулары бар үш мыңнан астам пациент емделіп шықты. Олар жаңа ем алғаннан кейін өз өмірлерінің сапасын әлдеқайда жақсартты. Кейбіреулері құлан-таза жазылып шықты. Ишемиялық инсульттің салдарынан және омыртқа жұлынынан зардап шеккен америкалықтардың екі тобы бізде дің жасушаларымен ем қабылдап, науқас мүгедектер тұрып, қимылдап жүруге мүмкіндік алды.
Тағы бір ауыз толтырып айтуға болар ақпарат: 2003 жылы желтоқсан айында Елбасы біздің орталықтың жаңа кардиохирургиялық бөлімін ашқан кезде: «Қазақстанда жүрек ауруларынан өлім-жітім көп. Шетелге барып жүрегіне операция жасауға мәжбүр болған науқастар мыңдап саналады. Сіздер елімізде кардиохирургия саласын дамытуға күш салыңыздар» деп еді. Бүгінгі күні Президент тапсырмасын біздің ұжым абыроймен орындап келеді. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Қазақстанда кардиология және кардиохирургия қызметтерінің үйлестірушісі болып отырмыз. Соңғы жеті жылда ауқымды шаруаларды іске асырдық: кардиохирургия, кардиология саласында (кардиохирург, кардиоанестезиолог, перфузиолог, интервенттік кардиолог, аритмолог, т.б.) мамандығы бойынша орталықта жүздеген мамандар даярладық, осы саладағы әлемдік озық технологияларды әуелі клиникада қолданып, онан кейін жақсы тәжірибемізді облыстарға таратудамыз. Біздің жылжымалы кардиохирургиялық бригадаларымыз көптеген өңірлерде апталап-айлап жатып, өздерінің озық жетістіктерін жергілікті мамандарға үйретумен келеді. Оның нәтижесі ойдағыдай деуге толық негіз бар. 2006 жылы республикада кардиохирургиядан небәрі 110 науқасты емдеп, кардиохирургиялық операциялар 3 мекемеде ғана қолданылатын еді. Қазіргі таңда Отанымызда он мыңнан аса сырқатқа көмек көрсететін болдық. Барлық облыстарда және Астана, Алматыда 23 мекеме кардиохирургиялық көмек көрсете алатын дәрежеге қол жеткізді.
Біздің интервенциялық кардиологтар және аритмологтар – клиниканың электрофизиологтары жүрек-тамыр ауруларын емдеуде озық инновациялық технологияларды тиімді қолдануда. Олардың қатарында: баллонды ангиопластика және тәж артерияларын стендтеу, амплатцер бітегішімен жүрек арасы перделерінің кемістіктерін жабу, жүрек ырғағының бұзылуларын жою үшін аритмогендік аймақтардың радиожиілік аблациясын жасау, кенеттен жүрек тоқтауының алдын алу үшін электрокардиостимуляторларды, кардиовертер – дефибрилляторларды орналастырып бекіту.
Орталықта жасанды қан айналымы аппаратын қолдану арқылы және жұмыс істеп тұрған жүрекке де ересектер мен балалар үшін кардиохирургиялық операциялардың барлық түрлерін жасауға мүмкіндік бар. 2010 жылы біздің мамандар бес мыңнан астам науқасқа кардиохирургиялық көмек көрсетті. Оның ішінде екі мыңнан астамы – ашық жүрек сырқаты. 2011 жылдың мамырында клиникада Қазақстанда алғашқы рет науқасқа жасанды жүрек қарыншасын орналастыру операциясы жасалды. Кейінірек донор табылған жағдайда науқастың жүрегі алмастырылады.
Осыдан 20 жыл бұрын қатерлі дертке шалдыққан адамның «Ауру – Алланың тұтқыны» дейтін пікірге сеніп, ерте семіп-солатын жағдайы қазір өткен күндердің еншісінде қалды. Ілім-білімнің, ғылымның дамуы нәтижесінде қазір қай дерттің де шипасы бар, айықпас ауруға саналып келген науқасқа бұл күнде медицина тиімді көмек бере алады. Былтырғы жылдан бері клиникада жиырма бірінші ғасыр медицинасындағы жаңа технологиялардың бірі енгізілді. Ол Хайфутерапия деп аталады, бүгін операциясыз, былайша айтқанда пышақсыз, тек фокусталған, жоғары қарқынды ультрадыбыс көмегімен қатерлі ісіктерді жоюдың мүмкіндігіне қол жеткізіп отырмыз.
«Нұр Отан» ХДП-ның ХIII съезінде сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әр адамның қарапайым құндылықтарының мән-мағынасын айқын атап өтіп: «Ол – тұрғын үй, денсаулық, білім, жанұя, жұмыс. Даму мен өркендеудің басты мақсаты дегеніміз осы. Тек осылар ғана біздің жұмысымыздың негізгі бағыт-бағдары болуы керек» деген еді.
Мұнымен қатар Мемлекет басшысы: «Біздің бағдарламалардың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын нығайту. Биыл мен үш аса маңызды – білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту мемлекеттік бағдарламаларын бекіттім» деді.
Осы бойынша Елбасы жүргізіп отырған саясаттың оң нәтижелеріне бір сәт назар аударсақ көп нәрсеге көз жеткіземіз.
Ішкі жалпы өнім мөлшерінің көрсеткіші бір адамға шаққанда 1994 жылы 700 доллардан аз ғана асса, 2010 жылы 9 мың долларға дейін өсті. Бұл еліміздегі экономикалық өрлеудің, тұрақты дамудың айқын дәлелі.
Шетелдің жетекші клиникаларымен байланыс жақсы жолға қойылып, 150 телемедициналық орталық іске қосылды. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде халықтың туу көрсеткіші 25 пайызға өсіп, өлім-жітім 11 пайызға төмендеді. Халықтың табиғи өсуі 1,7 есе болды. Әрине, бұл өлшем болып қалмақ емес, өрлеу, өсу әлі алда қарқын алады.
Дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру арқылы өткен үш жылға таяу уақыт ішінде елде жыл сайын 6,4 миллион шаршы метр деңгейінде жаңа тұрғын үй беру мөлшерін сақтап қалудың өзінде халықтың жағдайын ойлау жатқаны анық. Тұрғын үй салу бағдарламасы арқасында миллионға жуық қазақстандық жаңа пәтерлерге қоныс аударды. Жалпы, Қазақстанда адами әлеуеттің нәтижелі даму моделін құруға, қазақстандық ұлттық өмір сапасы стандартының негізін салуға мүмкіндік туып отыр. Осы деректердің, нәтижелердің бәрі – Ұлт Көшбасшысы жүргізіп келе жатқан саясатының жеңісі мен жемісі деп білеміз.
Елбасы бір сөзінде: «Алтын анам Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен іркер күшім жоқ... Нені де болса елмен бірге көремін, елмен бірге төземін, елмен бірге жеңемін» деген еді. Шынында Президент елмен бірге жүріп, небір қиындықтарды жігер күшімен жеңді. Жемісі мол бүгінгі күнге жеткізді. Сол жеңіс пен жемістің бір көрінісі – ажары көз тұндырған, ерке Есілдің екі жағын қатар алып жатқан Астанамыз еді. Елорданың бүгінгі келісті келбетіне бір күнде жеткеміз жоқ. Ақмола қаласы Астана болады дегенде санаулы бір-екі көше ғана бар еді. Бүгінгідей еңселі ғимараттар жоққа тән болатын. Суы кермек, балшығы белуардан еді. Тоқ ауған жаққа бақ ауады деп, қазіргі Астана ол кезде қиял-ғажайып ертегі болатын.
Есіме осындайда Астананы ауыстырған тарихи сәттер түсе берді. Айтылып жүрген алуан түрлі пікірлерді, алып-қашпа әңгімелерді саралай келіп Елбасы: «Астананы құру – ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазу. Мұндай мәртебе әр ұрпақтың маңдайына бұйыра бермеген» деп шешіле сөйлеген еді. Президент айтса айтқандай, Астананың ауыстырылуы – бұл шынымен де ауыз толтырып айтар тарихи оқиға. Жыл сайын Астана күнін атап өту тегіннен тегін болмаса керек. Бүкіл мемлекетіміздің айбыны мен айбары болып отырған бас қаланы солай ұлықтау ұрпақ санасына ұлттық рухты, халықтық салтты сіңіруге жол ашады.
Бір кездері Астананы шенеуніктер қаласы деді. Қазір рухани орталыққа айналып, шоғыр-шоғыр зиялылар қалыптасып келеді. Біз мұны ерекше айтып отыруға тиістіміз. Мұндай үрдіс арқылы ұрпақ сабақтастығы да қалыптасады. Бұл Ұлт Көшбасшысының көрегендігін, көсемге тән көңіл көкжиегінің кеңдігін дәйектейді. Басшы жүрер бағытыңды анық айқындаса, қосшының бағы жанады, бақыты баянды болады. Біздің бүгінгі тірлік-тынысымыз осының жарқын мысалы деп айтуға болады.
Тамаша сәулет өнерімен көркемделген заманауи ғимараттардың бой көтеруі, төрт құбыласын жасыл желек көмкеруі, тар көшелердің кең даңғылға айналып, адамдардың қала иесі екенін түсініп, түйсінуі өзімізді ғана емес, халықаралық қоғамдастықтардың да назарын аударып келеді.
Мен Астана қаласының әлеуметтік-мәдени дамуы жөніндегі комиссиясының төрағасы ретінде көптеген шаралардың бел ортасында жүремін. Көре жүріп көңілге түйгенімді жоғарыда айттым. Соның ең бастысы, тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішіндегі қазақтың киелі топырағын мекендеп жатқан ұлттардың береке-бірлікте, тату тірлікте өмір сүруі дер едім. Қазір әлемге қарап отырсаң, небір үрейлі көріністерді байқайсың. Ондай жағдайларды айналамыздағы елдер де бастан өткерген еді. Қазақ жұрты қашанда тәубесінен жаңылмай, Абай данышпан айтпақшы: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген озық ойға бой алдырған халық. Содан да болар, Елбасымыздың сара саясатының, дана басшылығының, көреген жолбасшылығының арқасында мемлекетіміздің төрткүл дүниеге түгел танылып, ерекше құрметке бөленіп отырғаны.
Абай БАЙГЕНЖИН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.