03 Қазан, 2017

Қазақ киносының цифрлы топтамасы

397 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір әлем киносының Люмьер­лердің алғашқы екі-үш минуттық сюжеттерінен бастап, күні бүгінге дейін түсірілген кез келген фильмін интернеттен немесе арнайы лицензиясы бар дискілерден таба аласыз. Әсіресе Еуропа, Америка фильмдерін іздеп-табу ешқандай қиын­дық туғызбайды. Көрші Ресей елі де біраз жылдар бұрын «Мосфильм», «Ленфильм», «Свердловфильм», т.б. киностудияларында түсірілген фильмдерді заманауи цифрлы форматқа көшіріп, халыққа ұсынғаны мәлім. Әрине бұл – әлем жұрты өзінің кинотарихын көрерменге бір табан жақындатты деген сөз.

 

Қазақ киносының цифрлы топтамасы

Осы тұста фильмдердің сақтал­уын­да­ғы мұндай тәсілдің қаншалықты қажеті бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Әрине кинематограф таспадан басталды, сонда әлем, оның ішінде қазақ киносының қаншама інжу-маржаны дүниеге келіп, мәңгі өлмейтін рухани азыққа айналды. Бірақ таспаға түсірілген фильмнің көркемдік сапасы жоғары әрі сақталуы қанша жерден ұзаққа созылады десек те, мәңгілік ештеңе жоқ екені бел­гілі ғой. Күндердің күнінде ол кинотаспалардың да сыры кетіп, боя­уы оңа бастауы бек­ мүмкін. Мұның бір ұшы біздің де кино­тарихымыздың болашақ ұрпаққа жету-жетпеу мәсе­лесіне әкеліп тірейді. Се­бебі соңғы жылдары цифрлы технологиямен түсі­ріліп жүрген фильмдерді есепке алмағанда, қазақ киносының тарихы негізінен пленкада сақтаулы тұр. Бұл – кинематографистеріміздің келешекке аманат етіп қалдырған орасан зор мұрасы ғана емес, еліміздің мәдениеті мен руханиятының тарихы ғой. Сондықтан осынау орасан байлықты сақтап қалу, оны келер ұрпақтың қолына аман-есен жеткізу  бүгінгі буынның абыройлы міндеті екені белгілі.

Цифрлы тасымалдағыштағы фильм­нің тағы бір ұтымды тұсы – көрермен үшін бүгінгі ғана емес, кешегі кинотарихымен де кез келген уақытта емін-еркін таныс болуына мүмкіндіктер береді. Қазақ кино­сының тарихында, тіпті мамандардың өз­дері арнайы әдебиеттерден оқып-біл­гені болмаса, көре қоймаған қаншама фильм­дер бар. Себебі түсінікті: архивтерде пленкада сақтаулы тұрғандықтан, оларға үнемі қол жете бермейді. Оның үстіне, Кеңес өкіметі жылдары түсірілген қазақ фильмдерінің басым көпшілігінің түпнұсқасы Мәскеудегі «Белые Стол­бы» мемлекеттік фильмдер қо­рын­­да жатыр. Ал олардың елімізде қолданылып жүрген көшірмелері әлдеқашан сапасы кетіп, өңі тозғаны соншалық, көрерменге көрсетпек түгі­лі, өзге бейнетасымалдағыштарға көшіруге жарамсыз болып қалғаны белгілі. Нәтижесінде бұл жағдай қазақ киносының көрермен үшін қолжетімді болуын қиындата түсті. Есесіне, әсі­ресе Тәуелсіздіктің алғашқы он-он­ бес жылында өзінің киносынан гө­рі, еліміздің экрандары мен дүкен сө­реле­рінде қаптап кеткен шетелдік фильмдермен (басым көпшілігінің тәр­биелік мәні жоқ) әлдеқайда жақсы таныс болды. Ал енді интернет пайда болғалы жағдай тіптен өзгерді. Ендігі жерде көрермен қалаған дүниесін сол жерден тауып, көре беретін уақыт келді. Онсыз да көрерменіне жете алмай жүрген қазақ киносы үшін тағы да сын сағаты туды. Өйткені бірен-сараны болмаса (онда да соңғы жылдары түсірілгендері), қазақ фильмдерінің басым көпшілігі не дүкеннен, не интернеттен табыла бермейтіні белгілі ғой. Сон­дықтан ендігі бірер жылда «қазақ киносы «Жаужүрек мың баладан» басталады» дейтін ұрпақ келсе, аса таңдана қоймаспыз.

Осыдан біраз жылдар бұрын (2005-2006) «ТұранӘлем» банкінің қол­дауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «Хабар» агенттігінің «Белые Стол­бы» архивінде жатқан 30 қазақ фильмі­нің қайта өңделіп, заманауи­ бейнетасымалдағыштарға (DVD дис­кі­лері мен VHS кассеталарына) кө­шірі­ліп, елімізге қайтарылуына мүмкіндік жаса­ғаны есімізде. Одан бері он жылдан астам уақыт өтсе де, жаңағы 30 фильмнен өзгесі әзірге елге орала қой­­ған жоқ.

Алайда жақында осы мәселеге қа­тыс­­ты бір жақсылықтың нышанын бай­қағандай болдық. Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы Қазақ ғы­лыми-зерттеу институтының бастама­сымен Қазақ ұлттық академиялық кітап­ханасында өткен «Ұлттық цифрлы кино­топтамасын жарыққа шығару» ат­ты дөңгелек үстелдің жұмысына қатыс­у­шылардың назарына цифрлы форматқа көшіріледі деп жоспарланып отырған «Қазақфильм» киностудиясы мен Ресей­дің Мемлекеттік кино қорында жатқан фильмдердің тізімі ұсынылды. Сол тізім­дерге сүйенсек, мысалы, Ресей мұра­ғатының өзінде 300-ден астам фильм­нің түп­нұсқасы сақтаулы екен. Ал олар­дың ара­сында қазақ көрерменіне мүлдем таныс емес дүниелер жиі кездеседі. Сон­дық­тан еліміздегі, шет жердегі болсын архив­тердегі фильмдердің цифрлы топтамасын жарыққа шығару – халықтың өзі­нің төл киносының тарихына етене жақын болуына ықпал етері сөзсіз. Әри­не кешегі кеңес кезеңінен бастап, күні бүгінге дейінгі қазақ фильмдерін цифр­лы форматқа көшіру оңай шаруа емес. Әйт­се де кинопленкалардағы осынау бай­лықты халыққа жеткізудің уақыты келген­ сияқты...

Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ,

кинотанушы, өнертану кандидаты