– Жетпісбай Өмірәліұлы, тәуелсіздіктің елең-алаңында біраз қиыншылықты бастан өткердік. Талай дүниені сырттан тасуға мәжбүр болдық. Алайда, қазір көп адам бір кездері елімізде арнайы құрылыс материалдары министрлігі болғанын біле бермейді-ау, тегі?
– Кезінде елімізде құрылыс саласына қатысты мекемелер жеткілікті болды. Қазақстан құрылыс материалдарының басым көпшілігін өзі шығарды. Кейбір материалдарды көрші елдерден, Ресейден алдық. Бұл саланың бір ерекшелігі сол, мейлі зауыт салынса да, тұрғын үй немесе басқа ғимарат болса да, ең әуелі оған қандай құрылыс материалдары қажет екені анықталады. Жобасы жасалады. Ол кезде материалдардың құны әрі арзан, әрі сапалы болсын деген талап қойылатын. Құрылыс материалдары да жеткілікті болды. Жасыратын несі бар, қазір сол кезде салынған зауыттардың көпшілігі жабылып қалды. Цемент, кірпіш, құм, гипс, әк – бәрі өзімізде өндірілді. Барлық облыс-
тарда жергілікті құрылыс материалдары жеткілікті еді. Цемент-бетон зауыттары барлық өңірлерде дерлік жұмыс істеді. Ағаштан жасалатын материалдардан бөлек, Қарағандыда линолеум шығаратын зауыт болды. Кеңес Одағы ыдыраған кезде сұраныс бірден тыйылды да, зауыттар да жабылды. Мемлекеттің де бұл кезде артық қаражаты болмады. Бірақ құрылыс тоқтаған жоқ. «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» дегендей, жүдеулігімізді білдірмей, құрылыс материалдарының көбін шетелден таси бастадық. Шегеге дейін сырттан сатып әкелуге мәжбүр болдық. Осыдан келіп кейінгі салынған өндірістік мекемелердің де, тұрғын үйлердің де бағасы шарықтап шыға келді. Ал құрылыссыз ештеңе болмайтыны екібастан белгілі.
– Өзіңіз біз айтып отырған Құрылыс материалдары министрлігінде министрдің бірінші орынбасары болған адамсыз. Осындай министрлік құру қандай қажеттілік, қандай мұқтаждықтан туып еді?
– 1990-1993 жылдары мұндай министрліктің болғаны рас. Кейін құрылыс көлемі азайып, зауыттардың жұмысы тоқырай бастағанда, бұл мекеме жабылды. Сөйтіп барлық мекемелермен тікелей байланыстар үзілді. Оларға ешқандай жоспарлы міндеттемелер берілмеді. Құрылыс материалдары қажет бола бастағанда, 1993 жылы қайта ашылғанымен, ол министрлік те көп жұмыс істемеді. 1998 жылы тағы жабылды. Бұл мекеме жұмыс істеуі үшін көп инвестиция қажет еді. Тәуелсіздікке қызмет ететін жобалардың барлығы алдағы күннің шаруасына айналды. Бұл экономиканың барлық саласына ауыртпалық түскен кезеңдер еді.
– Тәуелсіздіктің бедерінде өте көп бағдарламалар жасалды. Осы істердің бел ортасындағы өміріңіздің тағдыршешті сәттерінің барлығы осы жылдармен сабақтас сияқты...
– Мен де, менің замандастарым да өткеніне есеп бере алатын, келешекке үмітпен қарайтын жасқа жеттік. Әрине, өте жақсы бағдарламалар бар. Барлығы дұрыс, ниет тамаша. Осы 25 жылда көзіміз ашылды. Қандай бағыттарға басымдық беру керектігі айқындалды. Менің бір мақтанатыным, өз елімізбен бірге осы қиыншылықтардың бәрін еңсердік. Еліміздің жаңа тарихының қиын-қыстау жылдарын бірге жүріп өттік. Менің өмірбаяным да әсте жылы кабинетте әдемі өріле салған жоқ. Алматыдағы политехникалық институтты бітіргеннен кейін өзім сұранып, жолдамамен Жаңатас кеніштерінде еңбек жолымды бастадым. Институтты жақсы бітіргеннен кейін Ғылым академиясының экономика институтына жібермек болған. Бірақ есі-дертім өндірістік тәжірибе болды. Сөйтіп Балқаштағы үлкен құрылыс нысандарында, Жезқазғандағы «Жезқазғанауырқұрылыс» облыстық бірлестігінде жастық жылдарым қалды.
Балқаштың терістігінде Ақтоғай-Ақтұмсық атырабында «Қара Дүйсембек, Қара дәу, Қара батыр» атанған бірбеткей, ел қорғаны болған Дүйсембек шалдың жетпіске келгенде көрген тұңғыш немересі болғандықтан «Жетпісбай» атандым. Қасиетіңнен айналайын, атам мені өзі жетектеп жүріп өсірді. Егер өмірде бір биікке өрмелесем осы қара шалдың тілегі мен аманаты екенін есейген сайын түйсінетін едім.
Тәуелсіздігіміз тұрлаулы болуы үшін ұрпағымызға табандылық қажет. Ауқымды міндеттердің барлығын отандық шағын және орта бизнестің жаңа буыны алға апарады деп сенемін.
– Ал отандық құрылыс материалдарына келсек ше?
– Отандық құрылыс материалдары біздің табанымыздың астында жатыр. Жаратқан иеміз жерімізді ен байлықтан кенде етпеген. Бізде кірпіш те шығады, Алматы мен Жамбыл облыстарында құм да, қиыршық тас та, басқасы да бар. Кәсіпорындар Шығыс Қазақстан өңіріндегі минералды шикізат көздерін барлап, айналымға кіргізе бастады. Құрылыс материалдарын сырттан таси берудің қажеті шамалы. Құрылыс саласының өзі бір кластер. Өндірісте, кәсіпкерлікте сабақтас салаларды қосарлап бірге жетектеп жүруге болады. Жоғары технологиялық экономика құруға біздің барлық мүмкіндігіміз бар. Оған қоса мұнай-химия саласы да барлық кезде үлкен сұранысқа ие.
–Мұнай-химия кластері отандық экономиканың басты бағытының бірі болуы керектігі жайлы аз айтылған жоқ. Енді жоғары технологиялық шикізат өңдеуге ауыстық деп айта аламыз ба? Мұның келешегі қандай?
– Еліміздегі мұнай-газ кешендері, таукен-металлургия салалары сияқты, ұлттық экономикамыздың негізін құрап отыр. Бұл салалар тұрақты дамуымыздың іргетасы болып табылады. Қазақстанның ірі мұнай-газ қорлары әлемдік энергетикалық нарыққа айтарлықтай ықпалы барын жоққа шығара алмасақ керек. Мұнай мен газды қарқынды өндіру озық технологияларға қол жеткізуге жол ашты. Сол сияқты, ілеспелі техникалық мәселелерді шешуге септесті. Нәтижесінде тек осы саламен сабақтас көптеген орта және шағын бизнесте қарымды, жоғары технологиялық және рентабельді кәсіпорындар пайда болды. Қазір біздің полипропилен, полиэтилен, полистирол шығаруға өндірістік әлеуетіміз жетеді. Және бұл тауарлар ішкі нарықта ғана емес, әлемдік рынокта да сұранысқа ие.
Жаһандану жағдайында мұнай- химия кластеріндегі орташа кәсіпкер нарық талаптарына бейімделе отырып, көмірсутегі шикізатының қалдықтарын жедел өңдеп, кәдеге асыра білуі тиіс. Бүгінгі таңда бүкіл әлем одан жоғары сапалы бұйымдар жасауға қол жеткізіп отыр. Мұндай қадамдар металл пластикасынан халық көптеп тұтынатын тауарлар, қаптамалар, шыны ыдыстарын шығаруға мүмкіндік береді. Оған қоса бұл жерде қаншама адам екі қолына бір жұмыс тауып, отбасын өрге сүйрейтінін баяндап жатудың өзі артық.
– Жаңа бір сөзіңізде елдегі мұнай химиясы саласына деген сұраныс өте жоғары деп қалдыңыз. Текке айтылған жоқ шығар?
– 2000 жылдың ақпаны да менің өміріме үлкен өзгеріс әкеліпті. Қазақтың ырысты қазынасының бірі – мұнай саласына келдім. Бұл сала да құрылыссыз алға жүрмейді. Бұл жерге де алдымен құрылыс материалдары мен түрлі нысандар салынуы тиіс. Бұрғылау жұмыстарында бұрғылау ұңғымаларын алдымен құрылысшылар салады. Осылайша қазақтың нарқасқа азаматтарының бірі құрған «ҚуатАмлонМұнай» компаниясына атқарушы директор болып келген едім. Содан кейін директор болдық. Торғай ойпатындағы Қоныс, Бектас кеніштерінен алынған мұнайды тасымалдауда, технологиялық үдерістерді жетілдіруде біршама табысты қадамдар жасадық.
– Кезінде біздің ұлт экономиканың майлы жілігінен алшақтау ұсталғаны белгілі. Тәуелсіздіктен кейінгі тірлік өзіміздің табандылығымызға барып тірелсе де, осы бір түйткіл өкшеден қалмай келеді...
– Әрине, дүние жүзінен ағылған инвестиция өз технологиясын ала келеді. Ешкім де ақшасын босқа құя салмайды. Қандай жобаға, қандай өндіріске қаражат сұрасаңыз да, инвестор одан қандай пайда табамын, ақшамды қалай еселеймін деп келеді. Яғни, келген техниканың да, технологияның да бәрі өз тілімен, өз ділімен, өз мүддесімен келеді.
Бүкіл технологияларды өзі тілімізде, өз ділімізбен дамытқанда барып, экономика қазақша сөйлейді. Сонда ғана біз өз несібемізден қағылмаймыз.
Осы соңғы жиырма бес жылда экономиканы дамытуда асыққан жоқпыз. Бұл да дұрыс болды. Қай жерге не керек екенін екенін байыптап, безбендеп білдік. Біз асықпауымыз да керек, бірақ замана көшіне де ілесуіміз қажет. Енді қателесуге де, кешігуге де болмайды. Мұның бәрі мемлекетіміздің әбден ойластырылған орнықты саясаты.
Қазір Елбасының рухани жаңғыру орайындағы бағдарламасын бетке ұстап жүрміз. Осының бәрі орындалған кезде қазақ тілі экономиканың тіліне айналады. Оған қазіргі инженерлік білім-білігіміз де, мамандарымыз да дайын. Жастардың арасында жақсы кадрлар легі өсіп келеді. Президентіміз діттеген мақсаттарды жүзеге асырсақ, бір жағынан ауызбірлігіміз де нығая түседі.
Соңғы уақытта қоғам болып талқылап отырған латын әліпбиі де техниканың тіліне бейім. Кейінгі жастар ағылшын тілін де, орыс тілін де жақсы меңгерген. Әлі-ақ куә боламыз, бұл елімізді жаңа деңгейге көтеруге көп септігін тигізері ақ қойдан анық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ