Әдебиет • 03 Қазан, 2017

Жайдары Әбіш, жабырқау Әбіш...

676 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

«Бес күн тірлікте...» – осынау терең мағыналы тіркесті тілімізге енгізген Әбіштің өзі еді, сол бес күн тірлікте бір ізбен жүріп, бір ізбен тұратын робот болмаған соң, жан иесі орайына қарай әзіл-шыны аралас басы артық-кем сөз айтпай тұрмайды. Әбіш көңілге қарағыш елгезек, айтылған ой-пікірге сергек, ауызға берік ұстамды, біртоға сабырлы мінездің адамы болғанымен, ет жақын етенелері арасында ақжарқын, әзіл-қалжыңға ұста, қазақы қағытпаға барынша мергендігімен ерекшеленетін. Ол әсіресе жеңгелері Қабиболла үйіндегі Гүлшат, Меңдекеш үйіндегі Рузия, Есенжол үйіндегі Сәуле, Жұмекен үйіндегі Нәсіп, біздің үйдегі Алтыншашпен әзілдескенде бір сөзден бір сөзді балалатып, зілсіз әжуаны біраз бел асырып тастайтын. Әсіресе  Фаризаны көргенде беті көлденеңінен жайылып, тышқан көрген мысықтай тісі қышып сала беретіні де жасырын емес. Әншейінде басынан сөз асырмайтын Фариза Әбіштің шымшымаларына мен көргенде ешқашан кейіс қабақ танытқан емес.

 

Жайдары Әбіш, жабырқау Әбіш...

Фариза түр-болмысы, сөйлеген сөзі мен турасын тіліп түсетін мінезімен Әбіш­тің шешесі Айсәулеге өте ұқсас еді. Бірге туған қаналас қарындастай Әбішке шыр-пыр боп, ойланбастан от­қа түсуге әзір еді қашанда. Олар бір-­бірін алыстан танып, жақын сыйлас­ты. Ешкімге ештеңені кешпегенде, Әбішке бәрін кешіретін. Болмыс бітімі, мінез пішімі аңғал салқамдау оны талай қатерден қорғап қалған да шығар-ау. Ол екеуі тәуелсіздіктің улы-шулы, күнде аударыспақ мазасыз кезінде лапыл­да­ған қызыл оттың арасында жүрді. Әбіш ағынан жарылған бір сөзінде: «Тіршіліктің талай қиянаты мен қияметі тұсында опырылып кеткелі тұрған жардың басындағы жалғыздай жабығып қатты қамыққан, қамырыққан сәттерде басқалар болмаса да, Фариза қасымнан табылып, қолтықтан сүйеп қалып жүрді», деуі тегін емес, сол бір кездегі ақиқаттың алғаусыз шындығы. Мұндай ағынан жарылған сөз күнде айтыла бермейді. Фариза отырған жерде Әбіштің көңілі тоқ, айдыны асқақ еді. Бір кезеңде бірге қатар өмір сүріп, шығармаларын бір мезгілде жарыса жазған бұл екі тума таланттың мінездері басқа-басқа болғанмен, талант табиғаттарының тасқайнар бастауы айырмасы жоқ екі торыдай бір-біріне ұқсас еді. Олар қатар жасасқан зор мағы­налы өмірлерімен, терең қопарып, кемел толғаған шығармаларымен ұрпаққа тағы­лым болғандай өнеге тастап кетті. Мен Әбішпен де, Фаризамен де көңіл жақын жақсы таныс болғаныммен, ішек-қарны аралас, бітеқайнасқан сырлас-мұңдас болғаным жоқ. Көп уақыт өріс-жайлауым бөлектеу болып, шет жайлап, қиыр қонып жүрдім.

Әбіш пен оның замандастары оқуды тәмамдап, қатарға ілігіп, өздерінше тол­қын болып, топ құрап, атақтары дабыра болып жатқанда, жарты шар айналып сенделген мен университет партасына енді ғана отырып жаттым. Ол аз десеңіз, Ресейден келгенім, орысша оқығаным бар, ауызекі сөйлеу қорым нашарлау, жазу-сызуым да келісе қоймаған кез. Атақ қуып, дәреже іздеумен ісім болмай, өз-өзіммен арпалысудан бастаудан бас­қа лаж жоқ-ты менде. Өзгелер күн астының күншуағы үшін бір-бірімен тіре­сіп жатқанда, мен өз-өзіммен күресіп жаттым. Менің тірлігім жел диірменмен салғыласқан кәрі сері Дон Кихоттың тірлігіне өте ұқсас еді.

Шынын айтсам, 60-шы жылдары әде­биетке келген бірінен бірі өткен, ауыз­дықпен арпалысқан шабағаншыл жүйріктердің алыстан шаңын көріп, көк шолақты қамшылап соңдарынан салдым, сол қиқумен бас көтермей әлі қуып келемін, жеттім бе, жетпедім бе – анығын білмеймін. Астанада өткен жетпіс бес жылдық мерей тойымда Әбіш менің шығармашылығыма бағыштап ойдай сөз сөйледі. Арамыздан кетерден алты ай бұрын Қойшығара, Төлен, Қажығали сияқты қаламдас серіктеріне көшіп-қонған жаңа пәтеріне шақырып, үй көрсетті. Менің сиясы кеппеген «Туған ауыл түтіні» атты топтама әңгімелерімнің «Жұлдыз» журналында басылып жатқан кезі еді. Әбіш, Төлен, Қажығали үшеуі де оқыған екен. Әбіш толғана отырып, қалам­герлердің егделік межесіне аяқ аттағанда, жастық шақтарына қайта оралып, балалық, бозбалалық кездерінде бас-тан кешкендерін әуестене жазатынына классикалық орыс әдебиетінен мысалдар кел­тіре отырып сөйледі. Әбіштің өзі де соңғы өлеңдер жинағы «Ғапыл дүниеде» жастық шағына қайта оралмап па еді.

Әбіштің өзімен, үй іші шаңырағымен ерте араласқан Дүйсенбек Қанатбаев екінші курстан бастап сол үйдің бір баласы боп кетті. Түрікменнің Красноводск деген жеріндегі Сүлмен, Сүлей деген құмды бұйраттарында туып-өскен, кейін першіл мамандығын меңгерген, Төлен Әбдіктің айтып таратуынша гинеколог болған Дүйсенбек Қанатбаев «өгіз бұзаулап жатыр» десең сенетін, туа бітті аңқау, туа бітті адал, туа бітті Жаңғаның ой-шұңқырлы, ақ тікенді, өркеш-өркеш құмынан жаралған қоспасыз табиғи ақын еді. Әнеки, сол адам жанының таби­ғилығы үшін шырылдаған Дүйсенбек уни­верситеттің екінші курсында жүріп «Ше­кара», «Адыраспан», «Адай күйі» де­ген өлеңдер жазды. Түрікменстанда туып, қазақ топырағына зарығып жеткен көкірегі сағынышқа толы ол қазақтың қала, даласын орыс жайлап, билеп-төстеп алғанын көзімен көріп, әп дегенде лапылдаған асқақ сезімдерден тез арылып, уайымшыл ойшылдыққа бой алдырып, мұң мен шерлі әуендерге ауысты. Расул Ғамзатовтың: «Ұлтым ертең өлер болса, мен бүгін өлуге ба­қыл­мын!» дегені сарындас идеяны өлең­деріне түпқазық етіп өзінше жырлады. Әбіштің Дүйсенбек өлеңдерін сүйсіне бас шұлғып, ұйи тыңдағанына талай куә болдым. Жас ақынның сиясы кеппеген өлеңдерінің орталық баспасөздерде кедергісіз басылуына да септестігі аз болмады, сірә. Қысқасы, Дүйсенбек университет қабырғасында жүріп, танымал ақындардың қатарына қосылды.

«Лениншіл жас» газетінің әдебиет бөлі­міне жетекшілік еткен Әбіштің сын­­шылық қабілеті оянған бір кез еді. Әбіш­­тің жас кезде жазған өлеңдеріне, ға­рыштан ағып түскен жұлдыз тасындай кедір-бұдыры жоқ, жып-жылтыр, жұп-жұмыр хикая-повестеріне көбірек мән беріп, оның күнделікті әдеби процес­терді бақайшағына дейін шаққан, ұйқы­лы енжар ойды түртіп оятып, делебе қоз­дырған сыншылдық өнерін бұл­дыр­латып жүрген сияқтымыз. Ол­ сонау өзінің шығармашылық жолын бастаған 60-70-жылдары әдебиет майданының аспанында аузымен от шашып, найзағай ойнатып, дауыл тұрғызған Әбіш емес пе? Әдебиеттің жетекші жанрлары поэзия, проза, роман үрдістері туралы не сөйлегенде, не мақала ғып жазғанда төрткүл дүниенің шаңын қағып-сілкіп, орысты орыс еткен ХIX ғасыр әдебиетін сараптай отырып, қазақ әдебиеті жетіс­тіктерімен шендестіре түйіндеу Әбіш сын­шылығының өзекті өрісі еді. Осы әрі ғылыми, әрі дәлелді, лапылдаған өрттей жалынды, шыншыл да көркем сыни толғаныстары Әбіштің ұшан-теңіз білімі мен әлемдік әдеби процестерді жатқызып-өргізген мол эрудициясын паш етті. Жас қаламгер тыңнан түрен салғандай, бұған дейін шаң басқан әдеби мұралардың беттерімен шектеліп келген шешендік сөздерді сыни еңбектерінің тілдік өресіне айналдырып, қазақтың ділмәрлік өнерін әдебиетке қайтара әкеліп қосты. Алайда қазіргі жоқтан бар болған ойы тұсаулы, қиялы шектеулі, білімнен мақрұм, өресіз сыншысымақтар Әбіш салған интеллектуалды даңғылды, әдеби сындағы Әбіш өнегесін аққұла ұмытқандай, жұмған ауыздарын ашпайды. Әбіш биігіне жете алмай, Әбіш деңгейінде сөйлей алмаған соң, оның сыншылдық өнегесін біржола жауып қойған сыңайлы.

Ол аз десеңіз, өз тұсындағы жас буын­­ның ұйытқысы, өткір де азулы «Ленин­шіл жас» газетінде «Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер» атты ай­дар ашып, әдеби ойды сілкіндіруге мұрындық болған да Әбіш. Ол ертелі-кеш әйтеуір бір лап етпей қоймайтын кесапатты даудың алдын орау мақсатымен, аға буынның шығармашылық жетістіктерін алға тарта отырып, оларды өкшелеп ке­ле жатқан жас буын өкілдерін бірінен кейін бірін жарқырата көрсетіп, қазақ әде­биетінде тыңнан түрен салған соны, жаңа, жойқын әдеби қозғалыстың басталғанын жар салып айтудан танбады. Ол осы кездегі әдеби процестердің бейресми идео­логы еді. Әдебиетіміздің жетекші жанры поэзияның әл-ахуалына кесіп-пішті қатал үкім шығаруға да батылдығы жетті. «Отызыншы жылдардан бермен қарай мынау алпысыншы жылдардың ортан беліне дейінгі аралықтағы поэзиямыздың сарынына құлақ түрсек, «ұрттап алған» адамның сөйлегеніндей. Тым желкілдек, тым желпілдек. Лапырған, лепірген, са­пыр­ған бірдеңе. Қазақтан өткен жағасы жай­­лау халық жоқтай. Күйрете күйзелтпек түгілі, шымбайына батырып шымшып алған­дай бірде-бір құқай көрмегендей. Кү­ңіренбек түгілі күңкілдеген сыбыс­ шықпайды. Бұрын-соңды адамзат кешпеген мамыражай заманға тап болғандай. Отан, партия, көсем, жорық, жеңіс... Қит етсе, алақанын ұрып, санын шапақтап жатқан шат-шадыман. Өзімізді айтсақ – іш киіміміздің ауы жыртылып кетер­дей дәліріп, өзгелерді айтсақ – әкеміздің құны кеткендей, ежірейіп сала беретін бір әңгүдік дәурен... Басқаны қойып, бағ­зыдан бері тәңірі тұтып, табынып келген зеңгір көктің өзіне қарап жұдырық түйіп, кие тұтып келе жатқан Жер-анамыздың өзі­не аяғымызды жалатқымыз кеп, то­қал қатынымыздай ақырып-шақырып теп­сініп бақтық». Міне, Әбіштің айтуында поэ­зия аужайы осындай еді. Кемпірдің азу тісіндей әредік ағараңдаған Қасым Аман­жолов, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбековтерді қос­пағанда, поэзияның нобай сарыны жөнсіз елірген даңғаза дабыра, алақол жалтақтық дертіне белшеден батқан-ды. «Мен не деймін, қобызым не дейді» дегендей өз мұңын үнсіз мұңдаған халық бір жақта, халық мұңын мұңдайтын поэзия бір жақта, дәрежеден дәмелі ақын бір жақта лағып жүрді. Газеттер тапсырыс берсе, ақын жек көріп тұрғанын мақтап, жақсы көріп жүргенін даттаудан арланбады. Әбіш оларды «әлеуметтік делқұлы, рухани нақұрыстар» деп атады. Шынында да әлгілер әдебиеттің жолбикелеріне ай­налып, жарты жолда көштен қалып қойды. Қазіргі ұрпақ олардың аттарын да білмейді.

Жалған жәреукештікпен күнде ұшы­расып, шынайылық іздеуден жандары запы болып, тар қамауды бұзып шығар жол ­таппай тыныстары тарылып жүрген, жүрек­теріне қоңыр саз, көмейлеріне толғақты сөз ұя салған қазақтың өрімтал жас буын ақындары – ұлтының қара қо­бызы боп күңіренген Әбіштің ойлы да мұң­ды үніне елең етісті. Олар Әбіштің көңіл әуенінің құлақ күйінен-ақ іздеген шынайылық пен әділеттіліктің ауылы қайда жатқанын айтпай танып, сарыла іздегендерін енді тапқандай халық мұра­ты, ұлт тағдыры, қазақтың көксеу көкжиегі деген қастерлі ұғымдармен жылап табысып, құшақтаса қауышып, біте қайнаса бастады. Айдын бұлақ боп, кең сарқырап атқылап аққан рухани қуат – Қадыр, Мұқағали, Жұмекендерді қазақ поэзиясының құс қонар биігіне самғатты. Ұлттық рухани арнаға жеке-жеке жүлге боп қосылған Төлеген, Фариза, Ақұштап, Жұматай, Несіпбек, Темірхан, Есенғали, Ұлықбектер ұлттың күре тамыр аш өзегіндей болған ұлы дарияны гүл бағындай жайқалтып жіберді. Ашулы ұрпақтың ащы да ұстараның жүзіндей өткір поэзиясы жаңа ұрпақтың көңіл көксеуіне айналды. Әдебиеттің бары да, нары да бізбіз деп атақ-даңққа семірген аға буын өкілдері Әбіш жалаулатқан жаңа аужайға бірі ашық, бірі астыртын қарсылық танытты. Пыш-пыш әңгіме қаулап өрбіп бой бермей бара жатқан соң, оны бүлікшіл ойдың ордасы «Лениншіл жастан» аластап, Мәдениет минстрлігінің репертуар коллегиясына ауыстырып жі­бер­ді.

Жоғарғы жақтың сақтығы орынсыз емес-ті, кешікпей қазақ әдебиетіндегі абс-тракционизм у-шуы басталып кетті. Аға буынның солақай өкілдері «Кейінгі буын – інілер» деп Әбіш қолдап, көтермелеген жас буын өкілдерін сұлата соғу науқанына білек сыбана кірісті. Абстракционизм жат пиғыл деп танылып, кезеңдік идео­логиялық ұстанымға айналды. Бірақ ара­ға жылдар салып, өмір шындығы бұл ша­лағай ұстанымның қоздаған орнында күлін ғана қалдырды. Ол үлкен талассыз табиғи түрде өз-өзінен жүзеге асты. Араға он жыл салғанда кеше ғана құйрықтарына шала байланған «абстракционистер» шетінен қазақ әдебиетінің классиктеріне айналып шыға келді.

Қазақ әдебиетіндегі осынау дүр сілкі­ніс­тің идеологы Әбіш Кекілбаев екенін үлкен үйдегі саясаткерлер айтпай таныды. Әбішті уақытша болса да әдеби ортадан аластау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Жа­была жүріп іздеп тапқандары оны әскер қызметіне жіберу еді. Қаламгерді әскер­ден арашалап қаламыз деп, жоғары жаққа сөзі өтеді деген интеллигенция өкіл­дері табанынан таусылды. Алайда бірде-бірінің қолынан келмеді. Әбіш мәдени түрде жер ауу жазасына кесілді.

Қаламгерге ара түскен дуалы ауыздар­дың сөздері ілтипатқа алынбағанына қарағанда, Әбіш тағдыры қасарысқан құзырлы қолдың күштеуімен жүзеге асты. Оңашада бұл орайды талай түртпек­тегенімде, Әбіш сұрағымды естімегендей, құлақ қағып селт етпеді. Қиянат кімнің қолымен істелгенін білді, бірақ айтпай кетті.

Далалық лагерьде болған Әбішке төрт-бес айдан кейін демалыс күндері отбасымен қауышып, бірге болуға рұқсат етілді. Оның жарым көңілін аулап, үйлеріне шақырып дастарқан көрсетушілер кезекке тұрып қапылды. Осы кездері Әбіштің бойында ашушаңдық мінез ұшқындары нышан берді. Болмашыға шырт етіп, жолдастарының шаңын аспаннан қағып, таусыла сөйлегеніне көзім куә болған кездер аз емес. Ол әлдекімдерге өкпелі, әлдебіреулерге ренішті, өз тағдырына түңілісті жағдайда еді. Кезекке тұрып шақырған үйлерге барды ма, бармады ма, анығын білмеймін. Осы кез ол бізбен жиірек қатысты.

...Бірде сол кездегі оқырман, көрер­мен көңілін баураған әдебиет пен өнер­дің соны туындылары тілге тиек болды. Ебіл-себіл жөпелдем поэзияға қара­ғанда, баяулай қозғалатын прозаның ажа­ры айшықтала бастаған кез еді. Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен теріне» соңғы нүкте қойылып, алғаш рет жеке-жеке үш кітап боп шыққан, Т.Ахтановтың «Дала сыры», Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді», А.Нұрмановтың «Құланның ажалы», Қ.Ысқақовтың «Қо­ңыр күз еді», Ә.Кекілбаевтың «Күй­ші», «Шыңырау», «Ханша дария хикая­сы» елеулі әдеби құбылыс саналып, оқырманның да, әдебиет сыншыларының аузынан түспей тұрған. Театрда «Беу, қыздар-ай!», «Бөлтірік бөрік астында», «Ана – Жер ана» жарыса жүріп жат­ты. 60-шы жылдардың басында театрға жылап кіріп, жылап шығатынсың. Көрерменнің саны елуден аспайтын. Енді қазір театрдың алды топырлаған халық, билет таппайсың, күнде аншлаг. Мәселе шығарманың жеті қат жер астын қопарғандай терең ойлылығында ғана емес, халық өміріне жақындығында екеніне де, міне, көз жетіп отыр. Кинода «Қыз Жібек» экранға шығып, радио, телеарналарда Шәмшінің «Ақмаңдайлымы», Нұрғисаның «Саржайлауы» саңқылдап жанды жадыратып тұрған бір мамыражай кез еді.

Жоқ жерден батысеуропалық роман­ның өрбіп дамуы туралы әңгімені бас­тап кетті. Бақсақ, роман дәуірі қазіргі деңгейге жеткенге шейін үш жүз жылдық шырғалаңды басынан кешіріпті. Роман жанрына алғаш ден қойған испандар болғанмен, жаңалық атаулыға құлақтары түрік елгезек француздар оза шауып алға түсіп кеткен. Грек, Рим әлеміне кең жайылған антикалық эпика тұра келе рыцарлық, авантюристік, куртизандық романдарға айналып, ақыр соңы реалистік арнаға ауысқанда, ағылшын, неміс, италияндар әдебиеттің жаңа жанрына енді әуестене бастаған еді. Француз романдары орыстың түрен түспеген тың болмысына тікелей әсер етіп, оның Толстой, Тургенев, Чехов, Бунин сияқты өкілдерін өркениеттің шыңына самғата әуелеткен. Француздар өздерін артқа тас­тап, оза шапқан орыстың рухани бұлқынысына қайран қалғаннан бас­қа амал таппаған. Орыстың роман дәс­түрі, әсіресе оның «Соғыс және бей­бітшіліктен» басталған эпикалық арнасы бізде М.Әуезов арқылы көгеріп, өркен жайған. Әбіш М.Әуезовті жоғары қойып, әлемдік алыптармен иықтастыра сөйлеп отырды. Оның «Горный гигант», Кіші Алматы сайындағы пілтастардың үстінде шынтақтап жатып шерткен әңгімесі кейін тұтас мақалаға айналғанын жинақтарынан көрдім.

Тағы бірде, қазан айының ортаңғы тұстарындағы мамыражай шуақты күн­дердің бірінде саясында біз отырған алма терек оқыс есінеген желден жапырақ­тары бұрқырай жауып, бұтақтары сыбырлай шайқалып кеткенде, қос жұдырықтай дәу, қып-қызыл апорт алма Әбіштің жас­тығына дүңк етіп, алақанына аунап түсті. Жиын-терім әлдеқашан біткен. Одан бері қазан амалының түнгі салқыны да ұрып өтті. Бұл қайдан жүрген, нет­кен алма? Кезектесе қаншама мойын созғанмен, алманың көзден таса тығылып тұрған жерін таба алмадық. Қызыл апорт тұп-тура көк аспанның өзінен үзіліп түскендей еді. Әбіш аударып-төңкеріп, қос алақанды түгел көмкерген алмаға ұзақ телмірді. Теп-тегіс жұқа қабығы айнадай сәулеленген, айналасы жұп-жұмыр, өрттей қып-қызыл мінсіз алма. Тек қана сабағының түбінде тырнақ орнындай күп-күрең дағы бар.

 – Апорт әбден пісіп, бал шырынға айналғанда, сабағының түбінен құрт түсетін әдеті. Шамасы, мұндай тәтті ал­ма бұл бақта жоқ шығар, – деген Әбіш Клараны шақырып алып: – Ешкім тимесін. Өзім сұрағанда берерсің, – деп әйелінің боқшасына салып жіберді.

Көп ұзамай осы қызыл алма қалам­гердің «Аңыздың ақыры» романына философиялық түйін болғаны оқырманға аян.

1970 жылы Әбіш «Қазақфильм» студиясына бас редактор болып, сценарийлік қоры жұтаң тартып, күйзелісті күйге тап болған қазақ киносын тұралаған қалпы­нан тұрғызу үшін екі жылдық сценарийс­тер курсын ашып, арнайы стипендия төлеп, таңдаулы деген прозашылар­ды киносценарийст мамандығына оқыт­ты. Олардың қатарында Дулат, Төлен, Қажы­ғали, Тынымбай болғаны есімде. Әбіш екі айда немесе үш айда бір біздердің жазөғандарымызды өзі қадағалап оқып, талқылау өткізіп отырды.

– Сендер прозаның үрдісіне салып, астар­лап, тұспалдап жазуды қойыңдар. Аяқ астында тас жатса, «мына жерде қырынан түсіп төрт бұрышты кірпіш жатыр» деп тайға таңба басқандай бадырайтып жазыңдар. Сендердің тұспалдарыңды түсінетін бізде режиссер жоқ, – деп шаршай сөйлегені есімде.

Әнес САРАЙ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты