Фариза түр-болмысы, сөйлеген сөзі мен турасын тіліп түсетін мінезімен Әбіштің шешесі Айсәулеге өте ұқсас еді. Бірге туған қаналас қарындастай Әбішке шыр-пыр боп, ойланбастан отқа түсуге әзір еді қашанда. Олар бір-бірін алыстан танып, жақын сыйласты. Ешкімге ештеңені кешпегенде, Әбішке бәрін кешіретін. Болмыс бітімі, мінез пішімі аңғал салқамдау оны талай қатерден қорғап қалған да шығар-ау. Ол екеуі тәуелсіздіктің улы-шулы, күнде аударыспақ мазасыз кезінде лапылдаған қызыл оттың арасында жүрді. Әбіш ағынан жарылған бір сөзінде: «Тіршіліктің талай қиянаты мен қияметі тұсында опырылып кеткелі тұрған жардың басындағы жалғыздай жабығып қатты қамыққан, қамырыққан сәттерде басқалар болмаса да, Фариза қасымнан табылып, қолтықтан сүйеп қалып жүрді», деуі тегін емес, сол бір кездегі ақиқаттың алғаусыз шындығы. Мұндай ағынан жарылған сөз күнде айтыла бермейді. Фариза отырған жерде Әбіштің көңілі тоқ, айдыны асқақ еді. Бір кезеңде бірге қатар өмір сүріп, шығармаларын бір мезгілде жарыса жазған бұл екі тума таланттың мінездері басқа-басқа болғанмен, талант табиғаттарының тасқайнар бастауы айырмасы жоқ екі торыдай бір-біріне ұқсас еді. Олар қатар жасасқан зор мағыналы өмірлерімен, терең қопарып, кемел толғаған шығармаларымен ұрпаққа тағылым болғандай өнеге тастап кетті. Мен Әбішпен де, Фаризамен де көңіл жақын жақсы таныс болғаныммен, ішек-қарны аралас, бітеқайнасқан сырлас-мұңдас болғаным жоқ. Көп уақыт өріс-жайлауым бөлектеу болып, шет жайлап, қиыр қонып жүрдім.
Әбіш пен оның замандастары оқуды тәмамдап, қатарға ілігіп, өздерінше толқын болып, топ құрап, атақтары дабыра болып жатқанда, жарты шар айналып сенделген мен университет партасына енді ғана отырып жаттым. Ол аз десеңіз, Ресейден келгенім, орысша оқығаным бар, ауызекі сөйлеу қорым нашарлау, жазу-сызуым да келісе қоймаған кез. Атақ қуып, дәреже іздеумен ісім болмай, өз-өзіммен арпалысудан бастаудан басқа лаж жоқ-ты менде. Өзгелер күн астының күншуағы үшін бір-бірімен тіресіп жатқанда, мен өз-өзіммен күресіп жаттым. Менің тірлігім жел диірменмен салғыласқан кәрі сері Дон Кихоттың тірлігіне өте ұқсас еді.
Шынын айтсам, 60-шы жылдары әдебиетке келген бірінен бірі өткен, ауыздықпен арпалысқан шабағаншыл жүйріктердің алыстан шаңын көріп, көк шолақты қамшылап соңдарынан салдым, сол қиқумен бас көтермей әлі қуып келемін, жеттім бе, жетпедім бе – анығын білмеймін. Астанада өткен жетпіс бес жылдық мерей тойымда Әбіш менің шығармашылығыма бағыштап ойдай сөз сөйледі. Арамыздан кетерден алты ай бұрын Қойшығара, Төлен, Қажығали сияқты қаламдас серіктеріне көшіп-қонған жаңа пәтеріне шақырып, үй көрсетті. Менің сиясы кеппеген «Туған ауыл түтіні» атты топтама әңгімелерімнің «Жұлдыз» журналында басылып жатқан кезі еді. Әбіш, Төлен, Қажығали үшеуі де оқыған екен. Әбіш толғана отырып, қаламгерлердің егделік межесіне аяқ аттағанда, жастық шақтарына қайта оралып, балалық, бозбалалық кездерінде бас-тан кешкендерін әуестене жазатынына классикалық орыс әдебиетінен мысалдар келтіре отырып сөйледі. Әбіштің өзі де соңғы өлеңдер жинағы «Ғапыл дүниеде» жастық шағына қайта оралмап па еді.
Әбіштің өзімен, үй іші шаңырағымен ерте араласқан Дүйсенбек Қанатбаев екінші курстан бастап сол үйдің бір баласы боп кетті. Түрікменнің Красноводск деген жеріндегі Сүлмен, Сүлей деген құмды бұйраттарында туып-өскен, кейін першіл мамандығын меңгерген, Төлен Әбдіктің айтып таратуынша гинеколог болған Дүйсенбек Қанатбаев «өгіз бұзаулап жатыр» десең сенетін, туа бітті аңқау, туа бітті адал, туа бітті Жаңғаның ой-шұңқырлы, ақ тікенді, өркеш-өркеш құмынан жаралған қоспасыз табиғи ақын еді. Әнеки, сол адам жанының табиғилығы үшін шырылдаған Дүйсенбек университеттің екінші курсында жүріп «Шекара», «Адыраспан», «Адай күйі» деген өлеңдер жазды. Түрікменстанда туып, қазақ топырағына зарығып жеткен көкірегі сағынышқа толы ол қазақтың қала, даласын орыс жайлап, билеп-төстеп алғанын көзімен көріп, әп дегенде лапылдаған асқақ сезімдерден тез арылып, уайымшыл ойшылдыққа бой алдырып, мұң мен шерлі әуендерге ауысты. Расул Ғамзатовтың: «Ұлтым ертең өлер болса, мен бүгін өлуге бақылмын!» дегені сарындас идеяны өлеңдеріне түпқазық етіп өзінше жырлады. Әбіштің Дүйсенбек өлеңдерін сүйсіне бас шұлғып, ұйи тыңдағанына талай куә болдым. Жас ақынның сиясы кеппеген өлеңдерінің орталық баспасөздерде кедергісіз басылуына да септестігі аз болмады, сірә. Қысқасы, Дүйсенбек университет қабырғасында жүріп, танымал ақындардың қатарына қосылды.
«Лениншіл жас» газетінің әдебиет бөліміне жетекшілік еткен Әбіштің сыншылық қабілеті оянған бір кез еді. Әбіштің жас кезде жазған өлеңдеріне, ғарыштан ағып түскен жұлдыз тасындай кедір-бұдыры жоқ, жып-жылтыр, жұп-жұмыр хикая-повестеріне көбірек мән беріп, оның күнделікті әдеби процестерді бақайшағына дейін шаққан, ұйқылы енжар ойды түртіп оятып, делебе қоздырған сыншылдық өнерін бұлдырлатып жүрген сияқтымыз. Ол сонау өзінің шығармашылық жолын бастаған 60-70-жылдары әдебиет майданының аспанында аузымен от шашып, найзағай ойнатып, дауыл тұрғызған Әбіш емес пе? Әдебиеттің жетекші жанрлары поэзия, проза, роман үрдістері туралы не сөйлегенде, не мақала ғып жазғанда төрткүл дүниенің шаңын қағып-сілкіп, орысты орыс еткен ХIX ғасыр әдебиетін сараптай отырып, қазақ әдебиеті жетістіктерімен шендестіре түйіндеу Әбіш сыншылығының өзекті өрісі еді. Осы әрі ғылыми, әрі дәлелді, лапылдаған өрттей жалынды, шыншыл да көркем сыни толғаныстары Әбіштің ұшан-теңіз білімі мен әлемдік әдеби процестерді жатқызып-өргізген мол эрудициясын паш етті. Жас қаламгер тыңнан түрен салғандай, бұған дейін шаң басқан әдеби мұралардың беттерімен шектеліп келген шешендік сөздерді сыни еңбектерінің тілдік өресіне айналдырып, қазақтың ділмәрлік өнерін әдебиетке қайтара әкеліп қосты. Алайда қазіргі жоқтан бар болған ойы тұсаулы, қиялы шектеулі, білімнен мақрұм, өресіз сыншысымақтар Әбіш салған интеллектуалды даңғылды, әдеби сындағы Әбіш өнегесін аққұла ұмытқандай, жұмған ауыздарын ашпайды. Әбіш биігіне жете алмай, Әбіш деңгейінде сөйлей алмаған соң, оның сыншылдық өнегесін біржола жауып қойған сыңайлы.
Ол аз десеңіз, өз тұсындағы жас буынның ұйытқысы, өткір де азулы «Лениншіл жас» газетінде «Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер» атты айдар ашып, әдеби ойды сілкіндіруге мұрындық болған да Әбіш. Ол ертелі-кеш әйтеуір бір лап етпей қоймайтын кесапатты даудың алдын орау мақсатымен, аға буынның шығармашылық жетістіктерін алға тарта отырып, оларды өкшелеп келе жатқан жас буын өкілдерін бірінен кейін бірін жарқырата көрсетіп, қазақ әдебиетінде тыңнан түрен салған соны, жаңа, жойқын әдеби қозғалыстың басталғанын жар салып айтудан танбады. Ол осы кездегі әдеби процестердің бейресми идеологы еді. Әдебиетіміздің жетекші жанры поэзияның әл-ахуалына кесіп-пішті қатал үкім шығаруға да батылдығы жетті. «Отызыншы жылдардан бермен қарай мынау алпысыншы жылдардың ортан беліне дейінгі аралықтағы поэзиямыздың сарынына құлақ түрсек, «ұрттап алған» адамның сөйлегеніндей. Тым желкілдек, тым желпілдек. Лапырған, лепірген, сапырған бірдеңе. Қазақтан өткен жағасы жайлау халық жоқтай. Күйрете күйзелтпек түгілі, шымбайына батырып шымшып алғандай бірде-бір құқай көрмегендей. Күңіренбек түгілі күңкілдеген сыбыс шықпайды. Бұрын-соңды адамзат кешпеген мамыражай заманға тап болғандай. Отан, партия, көсем, жорық, жеңіс... Қит етсе, алақанын ұрып, санын шапақтап жатқан шат-шадыман. Өзімізді айтсақ – іш киіміміздің ауы жыртылып кетердей дәліріп, өзгелерді айтсақ – әкеміздің құны кеткендей, ежірейіп сала беретін бір әңгүдік дәурен... Басқаны қойып, бағзыдан бері тәңірі тұтып, табынып келген зеңгір көктің өзіне қарап жұдырық түйіп, кие тұтып келе жатқан Жер-анамыздың өзіне аяғымызды жалатқымыз кеп, тоқал қатынымыздай ақырып-шақырып тепсініп бақтық». Міне, Әбіштің айтуында поэзия аужайы осындай еді. Кемпірдің азу тісіндей әредік ағараңдаған Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбековтерді қоспағанда, поэзияның нобай сарыны жөнсіз елірген даңғаза дабыра, алақол жалтақтық дертіне белшеден батқан-ды. «Мен не деймін, қобызым не дейді» дегендей өз мұңын үнсіз мұңдаған халық бір жақта, халық мұңын мұңдайтын поэзия бір жақта, дәрежеден дәмелі ақын бір жақта лағып жүрді. Газеттер тапсырыс берсе, ақын жек көріп тұрғанын мақтап, жақсы көріп жүргенін даттаудан арланбады. Әбіш оларды «әлеуметтік делқұлы, рухани нақұрыстар» деп атады. Шынында да әлгілер әдебиеттің жолбикелеріне айналып, жарты жолда көштен қалып қойды. Қазіргі ұрпақ олардың аттарын да білмейді.
Жалған жәреукештікпен күнде ұшырасып, шынайылық іздеуден жандары запы болып, тар қамауды бұзып шығар жол таппай тыныстары тарылып жүрген, жүректеріне қоңыр саз, көмейлеріне толғақты сөз ұя салған қазақтың өрімтал жас буын ақындары – ұлтының қара қобызы боп күңіренген Әбіштің ойлы да мұңды үніне елең етісті. Олар Әбіштің көңіл әуенінің құлақ күйінен-ақ іздеген шынайылық пен әділеттіліктің ауылы қайда жатқанын айтпай танып, сарыла іздегендерін енді тапқандай халық мұраты, ұлт тағдыры, қазақтың көксеу көкжиегі деген қастерлі ұғымдармен жылап табысып, құшақтаса қауышып, біте қайнаса бастады. Айдын бұлақ боп, кең сарқырап атқылап аққан рухани қуат – Қадыр, Мұқағали, Жұмекендерді қазақ поэзиясының құс қонар биігіне самғатты. Ұлттық рухани арнаға жеке-жеке жүлге боп қосылған Төлеген, Фариза, Ақұштап, Жұматай, Несіпбек, Темірхан, Есенғали, Ұлықбектер ұлттың күре тамыр аш өзегіндей болған ұлы дарияны гүл бағындай жайқалтып жіберді. Ашулы ұрпақтың ащы да ұстараның жүзіндей өткір поэзиясы жаңа ұрпақтың көңіл көксеуіне айналды. Әдебиеттің бары да, нары да бізбіз деп атақ-даңққа семірген аға буын өкілдері Әбіш жалаулатқан жаңа аужайға бірі ашық, бірі астыртын қарсылық танытты. Пыш-пыш әңгіме қаулап өрбіп бой бермей бара жатқан соң, оны бүлікшіл ойдың ордасы «Лениншіл жастан» аластап, Мәдениет минстрлігінің репертуар коллегиясына ауыстырып жіберді.
Жоғарғы жақтың сақтығы орынсыз емес-ті, кешікпей қазақ әдебиетіндегі абс-тракционизм у-шуы басталып кетті. Аға буынның солақай өкілдері «Кейінгі буын – інілер» деп Әбіш қолдап, көтермелеген жас буын өкілдерін сұлата соғу науқанына білек сыбана кірісті. Абстракционизм жат пиғыл деп танылып, кезеңдік идеологиялық ұстанымға айналды. Бірақ араға жылдар салып, өмір шындығы бұл шалағай ұстанымның қоздаған орнында күлін ғана қалдырды. Ол үлкен талассыз табиғи түрде өз-өзінен жүзеге асты. Араға он жыл салғанда кеше ғана құйрықтарына шала байланған «абстракционистер» шетінен қазақ әдебиетінің классиктеріне айналып шыға келді.
Қазақ әдебиетіндегі осынау дүр сілкіністің идеологы Әбіш Кекілбаев екенін үлкен үйдегі саясаткерлер айтпай таныды. Әбішті уақытша болса да әдеби ортадан аластау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Жабыла жүріп іздеп тапқандары оны әскер қызметіне жіберу еді. Қаламгерді әскерден арашалап қаламыз деп, жоғары жаққа сөзі өтеді деген интеллигенция өкілдері табанынан таусылды. Алайда бірде-бірінің қолынан келмеді. Әбіш мәдени түрде жер ауу жазасына кесілді.
Қаламгерге ара түскен дуалы ауыздардың сөздері ілтипатқа алынбағанына қарағанда, Әбіш тағдыры қасарысқан құзырлы қолдың күштеуімен жүзеге асты. Оңашада бұл орайды талай түртпектегенімде, Әбіш сұрағымды естімегендей, құлақ қағып селт етпеді. Қиянат кімнің қолымен істелгенін білді, бірақ айтпай кетті.
Далалық лагерьде болған Әбішке төрт-бес айдан кейін демалыс күндері отбасымен қауышып, бірге болуға рұқсат етілді. Оның жарым көңілін аулап, үйлеріне шақырып дастарқан көрсетушілер кезекке тұрып қапылды. Осы кездері Әбіштің бойында ашушаңдық мінез ұшқындары нышан берді. Болмашыға шырт етіп, жолдастарының шаңын аспаннан қағып, таусыла сөйлегеніне көзім куә болған кездер аз емес. Ол әлдекімдерге өкпелі, әлдебіреулерге ренішті, өз тағдырына түңілісті жағдайда еді. Кезекке тұрып шақырған үйлерге барды ма, бармады ма, анығын білмеймін. Осы кез ол бізбен жиірек қатысты.
...Бірде сол кездегі оқырман, көрермен көңілін баураған әдебиет пен өнердің соны туындылары тілге тиек болды. Ебіл-себіл жөпелдем поэзияға қарағанда, баяулай қозғалатын прозаның ажары айшықтала бастаған кез еді. Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен теріне» соңғы нүкте қойылып, алғаш рет жеке-жеке үш кітап боп шыққан, Т.Ахтановтың «Дала сыры», Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді», А.Нұрмановтың «Құланның ажалы», Қ.Ысқақовтың «Қоңыр күз еді», Ә.Кекілбаевтың «Күйші», «Шыңырау», «Ханша дария хикаясы» елеулі әдеби құбылыс саналып, оқырманның да, әдебиет сыншыларының аузынан түспей тұрған. Театрда «Беу, қыздар-ай!», «Бөлтірік бөрік астында», «Ана – Жер ана» жарыса жүріп жатты. 60-шы жылдардың басында театрға жылап кіріп, жылап шығатынсың. Көрерменнің саны елуден аспайтын. Енді қазір театрдың алды топырлаған халық, билет таппайсың, күнде аншлаг. Мәселе шығарманың жеті қат жер астын қопарғандай терең ойлылығында ғана емес, халық өміріне жақындығында екеніне де, міне, көз жетіп отыр. Кинода «Қыз Жібек» экранға шығып, радио, телеарналарда Шәмшінің «Ақмаңдайлымы», Нұрғисаның «Саржайлауы» саңқылдап жанды жадыратып тұрған бір мамыражай кез еді.
Жоқ жерден батысеуропалық романның өрбіп дамуы туралы әңгімені бастап кетті. Бақсақ, роман дәуірі қазіргі деңгейге жеткенге шейін үш жүз жылдық шырғалаңды басынан кешіріпті. Роман жанрына алғаш ден қойған испандар болғанмен, жаңалық атаулыға құлақтары түрік елгезек француздар оза шауып алға түсіп кеткен. Грек, Рим әлеміне кең жайылған антикалық эпика тұра келе рыцарлық, авантюристік, куртизандық романдарға айналып, ақыр соңы реалистік арнаға ауысқанда, ағылшын, неміс, италияндар әдебиеттің жаңа жанрына енді әуестене бастаған еді. Француз романдары орыстың түрен түспеген тың болмысына тікелей әсер етіп, оның Толстой, Тургенев, Чехов, Бунин сияқты өкілдерін өркениеттің шыңына самғата әуелеткен. Француздар өздерін артқа тастап, оза шапқан орыстың рухани бұлқынысына қайран қалғаннан басқа амал таппаған. Орыстың роман дәстүрі, әсіресе оның «Соғыс және бейбітшіліктен» басталған эпикалық арнасы бізде М.Әуезов арқылы көгеріп, өркен жайған. Әбіш М.Әуезовті жоғары қойып, әлемдік алыптармен иықтастыра сөйлеп отырды. Оның «Горный гигант», Кіші Алматы сайындағы пілтастардың үстінде шынтақтап жатып шерткен әңгімесі кейін тұтас мақалаға айналғанын жинақтарынан көрдім.
Тағы бірде, қазан айының ортаңғы тұстарындағы мамыражай шуақты күндердің бірінде саясында біз отырған алма терек оқыс есінеген желден жапырақтары бұрқырай жауып, бұтақтары сыбырлай шайқалып кеткенде, қос жұдырықтай дәу, қып-қызыл апорт алма Әбіштің жастығына дүңк етіп, алақанына аунап түсті. Жиын-терім әлдеқашан біткен. Одан бері қазан амалының түнгі салқыны да ұрып өтті. Бұл қайдан жүрген, неткен алма? Кезектесе қаншама мойын созғанмен, алманың көзден таса тығылып тұрған жерін таба алмадық. Қызыл апорт тұп-тура көк аспанның өзінен үзіліп түскендей еді. Әбіш аударып-төңкеріп, қос алақанды түгел көмкерген алмаға ұзақ телмірді. Теп-тегіс жұқа қабығы айнадай сәулеленген, айналасы жұп-жұмыр, өрттей қып-қызыл мінсіз алма. Тек қана сабағының түбінде тырнақ орнындай күп-күрең дағы бар.
– Апорт әбден пісіп, бал шырынға айналғанда, сабағының түбінен құрт түсетін әдеті. Шамасы, мұндай тәтті алма бұл бақта жоқ шығар, – деген Әбіш Клараны шақырып алып: – Ешкім тимесін. Өзім сұрағанда берерсің, – деп әйелінің боқшасына салып жіберді.
Көп ұзамай осы қызыл алма қаламгердің «Аңыздың ақыры» романына философиялық түйін болғаны оқырманға аян.
1970 жылы Әбіш «Қазақфильм» студиясына бас редактор болып, сценарийлік қоры жұтаң тартып, күйзелісті күйге тап болған қазақ киносын тұралаған қалпынан тұрғызу үшін екі жылдық сценарийстер курсын ашып, арнайы стипендия төлеп, таңдаулы деген прозашыларды киносценарийст мамандығына оқытты. Олардың қатарында Дулат, Төлен, Қажығали, Тынымбай болғаны есімде. Әбіш екі айда немесе үш айда бір біздердің жазөғандарымызды өзі қадағалап оқып, талқылау өткізіп отырды.
– Сендер прозаның үрдісіне салып, астарлап, тұспалдап жазуды қойыңдар. Аяқ астында тас жатса, «мына жерде қырынан түсіп төрт бұрышты кірпіш жатыр» деп тайға таңба басқандай бадырайтып жазыңдар. Сендердің тұспалдарыңды түсінетін бізде режиссер жоқ, – деп шаршай сөйлегені есімде.
Әнес САРАЙ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты