Атына заты сай аталмыш «Спутник» шипажайы Іле Алатауының теріскей беткейінде теңіз деңгейінен 1700 метр биік шыңда орналасқан. Бұл шатқалдың тарихи атауы «Монах» шатқалы екен. Бұл шатқал Талғар қаласынан 11 шақырым, ал Алматы қаласынан 55 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл мекен негізінен 1931 жылы құрылған Алматы мемлекеттік қорығының жері. Ал 1961 жылы осы қорықтан Қапшағай қорығы бөлініп шыққан және мемлекет қарауына алынған. Қорықта түрлі емдік дәрі шөптерді былай қойғанда, қоңыр аю, барыс, сілеусін, қасқыр, түлкі, қоян, бұғы, ақтиін, елік, арқар, қабан сияқты аңдармен бірге тау қыраны бүркіт, лашын, тұйғын, сұңқар, құрлар, кекілік, шілдер, т.б. хайуанаттар тіршілік етеді.
Бұл жерде ертеде пионерлер лагері болыпты да, 1980 жылы 120 адамдық шипажайлардың кешені тұрғызылып, мұнымен қатар 500-дей пионерлерге арналған шипажай ғимараттары салынған.
Маусым уақыттарында шипажай айына 120-дан астам демалушылар мен емделушілерді қабылдай алады. Шипажайға зағиптер, бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектер тегін жолдамамен қабылданады екен. Демалу мен емделу ұзақтығы 12-14 күн.
Бізді – Қарағанды облысынан барған 30 демалушыны І Алматы вокзалынан шипажайдың өкілі қарсы алып, үш қабатты шипажайдың тамаша да жайлы екі кісілік бөлмелеріне орналастырды. Риза болғанымыз сол, біз орналаспай жатып-ақ дәрігердің қабылдауы басталып, бұдан кейін 10 түрлі ем ала бастадық. «Ас – адамның арқауы» дегендей, төрт мезгіл дәмді тамақтанудың өзі неге тұрады. Оның үстіне өте таза ауасымен демалу да денсаулыққа шипалы әсер етеді.
Шипажайда мәдени-көпшілік жұмыстары да жақсы жолға қойылған. Күнде кешкілік ән-би, аталы сөздер, әжелер, аталар сайысы деген бағдарламалар өткізіп, жеңімпаздарды анықтап, сыйлықтармен марапатталады. Мен өзім де бірнеше халық әндерін орындап, сыйлықтарға ие болдым.
Бір айтарым, өкінішке орай, аталмыш шипажай бір кездері жекешелендірілген екен. Бұл дұрыс шара емес қой деп ойлаймыз. Егер қорық сияқты мемлекет қарауына алынып, игілікті жұмыс істетсе, нұр үстіне нұр жауар еді демекпіз.
Айткен ЫБЫРАЙ.
Қарағанды облысы, Шахтинск қаласы.