Жуырда ғана осы «Тұран-Болашақ» бизнес-инкубатор алаңында студенттердің қатысуымен кезекті шара өтті. Экономика және бизнес-инновация кафедрасының ұстаздары мен студентері қатысқан тренингте белгілі бір жетістікке жету жолындағы бағыт-бағдарды айқындау мен биік мақсатты бағындырудың қыр-сыры кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, жас буын өкілдерінің жеке тұлғалық қасиетін қалыптастыру жолында тиімді тетіктер де тақырыпқа тұздық болды. Сол себептен де биылғы оқу жылында алғаш рет ұйымдастырылған бүгінгі семинар тақырыбы – «Тұлғалық қасиетті қалыптастыру жолында» деп таңдалған.
Оқу орнының жанынан құрылған бизнес-инкубатор алаңындағы басқосуды осы салада шеберлігі шыңдалған тәжірибелі әрі білімді маман Ерлаз Жайықбаев жүргізіп, ол өз тәжірибесін ортаға салып, студенттер саралауынан өткізді. Әрине, кәсіпкерлік салада еңбек етіп, жоспарыңды жүзеге асыру мен табысыңды еселеу кісінің қолынан келетін шығар. Бірақ, экономикалық жоғары көрсеткіштерге жетіп, тұлғалық келбетін табандылықпен қалыптастыру сипаты екінің бірі оңай іске асыратын адами қасиет емес.
«Қазіргі кезде тынымсыз ізденіс үстінде жүрген жастарымыз болашақта өзінің тұлғалық келбеті айшықталған, табысты әрі намысты азамат болып қалыптасуы үшін осы күндері дұрыс бағыт-бағдар көрсетуіміз өте орынды деп санаймын. Себебі, ертең жетістікке жеткен кез-келген кәсіпкердің болдым-толдым деп асып-тасымай, саламатты өмір салтын ұстанатын азаматқа айналуы үшін бүгінгі дәрісіміздің берері мол болатындығына сенемін», дейді Е.Жайықбаев.
Мемлекеттік қызметтегі ұзақ жылдық тәжірибесі мен кәсіпкерлік саладағы ұтымды әдістерін, адамның өзін-өзі жетілдіруіндегі күнделікті машық, қағидаларға қатысты психологиялық кеңестерімен бөліскен Е.Жайықбаев бүгінде белсенді қоғам мүшелерінің бірі және спортты серік еткен табысты кәсіпкер.
«Университет жастарының ертеңге деген сенімін нығайтып, саламатты өмір салтын берік ұстанатын жандардың қатарынан табылуы үшін оларға тренер-ұстаз ретінде бүгінгі қоғамның табысты өкілдерін шақырып, осылайша дәріс оқуын тұрақты түрде ұйымдастырудамыз. Көкірегі ояу, көзі ашық, кәсіпкерлікке ынтасы зор және денсаулығы мығым жастар легін қалыптастыру біздің түпкі мақсатымыз болып табылады», дейді аталмыш алаңдағы «Business innovation» секциясының кеңесшісі Сәуле Шынтаева.
Ал дәрістен алған әсерімен бөліскен студент Томирис Бәйтенова болса, лекция-тренингтің психологиялық тұрғыда өте қызықты өткендігін айтады.
«Өзім психолог мамандығының қыр-сырын меңгеріп жүргендіктен, болашақта кәсіби маман ретінде қалыптасуыма және қызметтік өтілімдегі нақты мақсаттарды айқындауыма зор ықпалын тигізді. Еңбек сүйгіштік қасиет пен білімге құштарлығымды оятумен қатар, спортты сүюіме себепкер болды», дейді ол.
Айта кетейік, «Startup Univer» бизнес-инкубаторы алаңында «Startup Academy» IT-лабораториясы, «Innovative Business» консалтинг орталығы, «Аrt Amanat» шығармашылық студиясы, «Әділет» студенттік заң клиникасы, «Ψ-factor» психологиялық қызметі, «EXPO Travel» туристік бюросы және «Turan Speaking» тіл орталығы сынды инновациялық кәсіпкерлік қызметтер жұмыс істейді. Бұл Астанадағы жоғары оқу орындары арасында алғаш рет іске қосылған бизнес-инкубатор алаңы болып табылады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»