Екі жыл бұрынғы пошташыны тонаған күдіктінің ісі әшкере болды
Ақтөбе облысының ІІД-нің Алға аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері екі жыл бұрын болған тонау қылмысының бетін ашты. Бір қызығы, аталмыш күдікті темір тордың арғы жағында отырғандығы анықталды.
2009 жылдың наурыз айында белгісіз біреу Алға ауданында «Қазпошта» АҚ-тың зейнетақы таратып жүрген пошташысын тонап, 260 мың теңге ақшаны алып кеткен болатын. Бірақ полиция қызметкерлері күдіктіні қанша іздесе де таба алмаған. Аталмыш дерекке байланысты қылмыстық іс қозғалып, жедел іздестіру шаралары екі жыл бойы тоқтамаған. Міне соның нәтижесінде жуырда күдіктінің түр-тұлғасы анықталды. Дегенмен, пошташыны тонаған күдікті жігіт қарақшылық жасағаны үшін түрмеде өз жазасын өтеп жатқандығы дәлелденді. Пошташыны тонап ізін суытқан жігіт көп ұзамай қарақшылық қылмысы үшін полиция құрығына ілігіп, түрмеге отырыпты. Енді қарақшылық жазасының үстіне тонау қылмысының жауапкершілігі жүктеліп, тағы бірнеше жылға сотталатыны белгілі болды. Тергеушілердің айтуынша, күдікті жігіт қулыққа басып, жасаған қарақшылық қылмысын тез мойындаған. Себебі, оның алдындағы тонау дерегінің беті ашылып қалмас үшін күдікті істің жедел тергелуін талап етіпті. Бірақ екі қылмысы үшін бір жаза алуды ойлағанымен сезіктінің қитұрқы әрекеті осылай әшкере болды.
Мәди ҚУАНЫШҰЛЫ.
Ақтөбе облысы.