Қазақстан • 04 Қазан, 2017

Әліпбиді ауыстыру қажеттігі – басы ашық мәселе

444 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қозғау салынып, қоғамда жаппай талқыланып жатқан қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру мәсе­лесі – әрісі еліміздің тағдыры мен болашағына қа­тысты, берісі жалпы­ұлт­тық өркениетке қатысты өзекті стра­те­гиялық шара.

Әліпбиді  ауыстыру қажеттігі – басы ашық мәселе

Сон­дай-ақ әліпбиді латын қарпіне көшіру бел­гілі мағынадан ал­ғанда, бүгінгі уақыт өзі талап етіп отырған қоғамдық прогресс екені де қа­перде болу керек. Сондықтан қазақ әліп­биін латын қарпіне көшірудің қа­жет­тігі туралы әңгіменің басы ашық. Оны жалпы халық толықтай қол­дай­ды һәм қолдап да отыр. Ендігі әңгі­ме, латын қарпіне қалай көшеміз, ұлттық төл дыбыстарымызға нұқ­сан кел­тірмейтіндей латынша әліп­биді қа­лай жасаймыз деген мәсе­лелер төңірегінде өрістеп отыр. Бұл ретте не­­гізгі жоба ретінде Ш.Шаяхметов атын­­­дағы Тілдерді дамытудың рес­пуб­ли­­калық үйлестіру-әдістемелік орта­лығы ұсынған нұс­қаның Парламентте та­ныс­ты­рылғанын білеміз. Дәл қазір қо­ғам­да да жаппай талқыланып жатқан осы нұс­қа. Әрине, аталған нұсқада ұлт­тық төл дыбыстарымызды негізінен қос­әріппен (диграф) беруге тырысқаны бел­гілі. Ондағы мақсат – компьютер тақ­та­сындағы латын таңбасынан шықпау. Алай­да «ң» (ng), «ч» (ch) секілді әлемде жаппай қалыптасқан бірді-ек­ілі диграф қолданылса, оның еш қи­ындығы болмас еді. Ал тілдегі сегіз бірдей дыбысты диграфпен беру уақыт өте келе тілді бұзуы мүмкін һәм жазуды тым шұбалаңқы жағдайға түсіреді.

Жа­қында бір ІТ маманы қазақ тіліндегі (кирилл жазуындағы) көлемді мәтінді ла­тынша бір дыбыс бір таңбамен таң­ба­ланатын нұсқаға қотарғанда 1100 беттен 1000 бет шыққан. Осы латынша 1000 беті қайтадан «орталық» ұсын­ған жобаға қотарғанда 1200 бет бол­ған. Сонда Қазақ елінде бір жылда қанша бет кітап шығарылады? Мер­зім­ді баспасөзге қанша бет жазба к­е­те­ді? Оның үстіне біз латын қарпін бір-екі қолданып тастай салмаймыз ғой... Сонда өмір бойы Қазақ елінің бюд­жеті және ел азаматтары жаңағы қос әріптен (диграф) туған «200 беттің» қа­ғазы үшін, оның бояулары үшін, те­ру ақысы үшін, корректор, редактор ақысы, басу ақысы үшін басы артық шығын тартатын болады. Сондықтан ұлттық төл дыбыстарымызды латын қаріптерінің асты-үстіне дәйекшелер қойып әліпби жасаудан қашпауымыз керек. Дүние жүзінде, тіпті мы­нау өркениетті Еуропа елдерінің өзін­де ұлттық төл дыбыстарын латынша қаріптердің асты-үстіне дәйекшелер қой­ып жазып жүрген елдер аз емес. Бұл–  бір. Екіншіден, ең бастысы, диграфтарды ұзақ уақыт қолдану – ұлттық төл дыбыс­тарымызды белгілі деңгейде өз­ге­ріске ұшыратады. Тіпті кей дыбыс­тарымыз жойылып кетуі де мүмкін. Сон­дықтан әліпбиімізді латын қарпіне кө­шірейік, бірақ мың өлшеп бір кесейік.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,

ақын