Қазақстан • 04 Қазан, 2017

Дархан Қыдырәлі: Баспасөз ағарту құралына айналады

1203 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Qamshy.kz ақпарат агенттігіне газет өміріндегі өзгерістерге және баспасөздің бүгіні мен ертеңіне қатысты мазмұнды сұхбат берді. Газетіміздің оқырмандарына қызық болар деген оймен сұхбаттың толық мәтінін жариялауды жөн көрдік.

Дархан Қыдырәлі: Баспасөз ағарту құралына айналады

– Дархан мырза, ел газеті «Егемен Қазақстанның» тізгінін ұстағаныңызға бір жылдан асты. Атқарылған жұмыстың есебін беріп, нәтижелерге шолу жасау үшін бұл аз уақыт емес. Алайда сіз осыған дейін басылым басшысы ретінде ауқымды сұхбат бермеген екенсіз. Орайы енді ғана келген секілді...

– Күнделікті шығатын газет болғандықтан, басылым өміріндегі жаңалықтардың бәрі оқырманға мәлім деген оймен арнайы сұқбат беруді қажет деп таппаған едік. Бірақ бүгін сұрақтарыңызға жауап беріп көрелік.

– Сіз басшылыққа келгелі газетте айтарлықтай өзгерістер жасалып, бастамаларыңыздың басым бөлігі көптің көңілінен шықты. Дегенмен,  әр саланың қызығы мен қиындығы қатар жүреді емес пе?! Ендеше бір жылда не өзгерді? Қазіргі газеттің қарқыны қалай? Еліміздің бас басылымына басшы болу қаншалықты қиын? Тарқатып айтып өтсеңіз.

–  «Егемен Қазақстан» жүз жылға жуық тарихы бар, отандық ақпарат кеңістігіндегі орны ерекше басылым. Қазақ журналистикасының көрнекті өкілдерін шығарған бұл газеттің өзіндік дәстүрі мен мол тәжірибесі қалыптасқан. Осы себепті, жаңарту жұмыстарын газеттің классикалық келбетін сақтай отырып жүргізуге тырыстық. Басылым жаңарған сайын оның ғұмыры да ұзаратыны белгілі. Жаңарудағы басты қағидамыз – оқырманның талғамы мен талабын ескере отырып, газеттің сыртқы көркемділігін арттырып, ішкі мазмұнын байыту. 

Оқуға ыңғайлы, қолда ұстауға қолайлы ету үшін бұрынғы A2 форматына қарағанда ықшамдырақ D2 еуро форматына көштік. Соған сәйкес, материалдардың көлемі де қысқарып, сапа мен мазмұнға көбірек көңіл бөлінетін болды. Бүгінгі ақпаратқа толы заманда оқырманның шағын көлемді мақалаға әуестігі байқалады. Ұзын-сонар мәтіндер оқымай жатып жалықтыратындықтан, соңына дейін оқыла бермейді. Осы себепті, бұрынғыдай тұтас бетті алатын мақалаларды азайтып, жарияланатын дүниелерді мейлінше ықшамдап беруге ден қойдық. Бұл қадамдардың дұрыс болғандығын оқырмандарымыз да байқап, жақсы лебіздерін көптеп жолдады, газеттің қазіргі пішімі ұшақ немесе автобуста отырып оқуға да ыңғайлы болғанын айтып жатыр. 

Сонымен қатар, газеттің танымалдығын арттыру үшін атауын жаңаша жазып, логотипін жасау арқылы ребрендинг жүргіздік. Заманауи брендтеу талаптары бойынша өнімнің белгісі мен атауы қабылдауға жеңіл, есте сақтауға оңай, сөйте тұра белгілі бір мағынаға ие болуы шарт. Газетті жаңғырту жұмыстары кезінде біз осы талаптарды әрдайым ойда ұстадық. Нәтижесін бүкіл оқырман көріп, өз бағасын беріп үлгерді. Қазіргі газет атауын қабылдау жеңілірек, қай қырынан қарасаңыз да, бірнеше метрлік қашықтан көрсеңіз де газеттің «Егемен Қазақстан» екенін оп-оңай білесіз. Логотипіміздің ерекшелігіне келер болсақ, қарапайым көрінгенімен, көзі қырағы оқырман бұл белгіден газетіміздің бүгінгі және кешегі атауларын көре алады. Жаңа логотиптен «Егемен Қазақстаннан» бөлек «Ұшқын», «Еңбекшіл қазақ», «Социалистік Қазақстан» секілді бұрынғы атаулармен байланыс барын байқауға болады.

Аудиториямызды кеңейту үшін жылдың басында сайтымыздың орыс тіліндегі  нұсқасын, күні кеше ағылшын тіліндегі нұсқасын қостық. Осылайша, қазіргі таңда «Егемен Қазақстан» үш тілде ақпарат таратып отыр.

Қазақ тіліндегі жаңалықтарымыз шетелдегі қандас бауырларымызға арналып, латын қарпінде және төте жазумен жарық көруде. Соңғы бір жыл ішінде сайтымызға Франциядан, Қытайдан, АҚШ-тан, Түркиядан, Моңғолиядан мыңдаған адам кірген және олардың қатары тұрақты түрде артып келеді. Байқасаңыздар осы елдердің бәрінде қазақ диаспоралары бар. Олардың бәрі бірдей кирилл қарпін танымайды, сол себепті біз оларға да тарихи отанының жаңалықтарын өздері оқи алатын әліпбиде жеткізуіміз қажет. Мемлекеттік саясатты тарататын бас басылым болғандықтан, бұл біздің міндетіміз.

Қазіргі таңда Қытай қазақтары біздің төте жазудағы нұсқамызды белсенді оқиды. Одан өзге елдердегі бауырларымыз латын қарпіндегі нұсқамызға сүйенеді. Сондықтан шетелдегі қандастарымызды алтын қазық атамекенімен ақпараттық тұрғыдан байланыстыру «Егемен Қазақстанның» халықаралық деңгейдегі маңызды бағыттарының бірі болып қала бермек.

Тағы бір ерекше атап өткім келетін жәйт, егер біз жасаған жаңалықтар мен өзгерістер оқырмандарымыздың көңілінен шығып жатса, онда мұның артында бірлігі жарасқан үлкен ұжымның қажырлы еңбегі жатыр деп түсіну керек.

– Газет сайтының үш тілде қызмет етуі негізгі жұмысқа деген зейіннің жоғалуына әкелмей ме? Орыс және ағылшын тілді нұсқаларының қосымша аудитория болудан басқа артықшылықтары қандай?

– Тілдік нұсқалар газет жұмысына ешқандай салмақ түсіріп отырған жоқ. Ал артықшылықтарына келер болсақ, бірнеше дәйек келтіруге болады.

Өзіміз 18 миллион болсақ, қазақтар оның тек 70 пайызын құрайды. Сол қазақтардың өзінің барлығы қазақша оқып, сөйлемейтінін білесіз. Оған қоса, нағыз қазақы орта саналатын ауыл-аймақтарда интернетке қолжетімдік өте төмен екені белгілі. Zero.kz секілді неше түрлі рейтингтерде орыстілді ресурстардың ылғи жоғарғы орындарда жүретіні де содан. Осы себепті, біз газетімізді орысша сөйлеткіміз келді. Бұл аудиториямыздың ұлғаюына, сол арқылы газет сатылымының және жарнамалық тапсырыстың артуына әкеледі. 

Өкінішке қарай, бізде қазақтілді орта мен мен орыстілді ортаны алаңдататын мәселелер, құндылықтар әрдайым бірдей бола бермейді. Осы ретте cайтымыздың орыстілдік нұсқасын дамыту арқылы осы екі ортаның байланысын нығайтқымыз келеді. Егеменнің орыстілді нұсқасында онсыз да орысша жазатын сайттарда молынан кездесетін жаңалықтардан гөрі, қазақша ойлап, қазақша толғанатын авторларымыздың, жазушылардың мақалалары, бағандары көптеп жарық көреді. Бұл қазақ философиясының, құндылықтарының кең етек жаюына ықпал етеді деп сенеміз.

Ағылшын тіліндегі нұсқаны қазақ жаңалықтарын әлем тілінде сөйлету үшін қолға алдық десек болады. Ол бізге не береді? Біріншіден, бұл – ақпараттық қауіпсіздік мәселесі. Біз қазір Қазақстанды әлемге таныту тұрғысынан көп жұмыстар атқарып жүрміз. Танымалдықпен бірге оң имидждің болуы да маңызды екенін атап өткіміз келеді. Ел жаңалықтарын ағылшын тілінде өзіміз жазбасақ, біз үшін оны ешкім жазбайды. Әлемдік қауымдастыққа өз дауысымызды естіртпесек, ешкім біздің ойымызды, біздің мәселемізді білмейтін болады.  Екіншіден, Қазақстан жаңалықтарына қызығушылығы бар, бірақ қазақ және орыс тілдерін білмейтін азаматтарға қызмет ету. Мәселен, шетелдік сарапшылар кейде Қазақстан жаңалықтарын Қырғызстанның медиа құралдарынан алады екен, себебі көршімізде ағылшын тілінде ақпар тарату жолға қойылған. Жалғыз Қырғызстан емес, Әзербайжан, Грузия, Моңғолия секілді бізге көрші өзге елдерде де ағылшын тілінде жаңалық беру жақсы дамыған. Өз әлеуетімізді дұрыс пайдалансақ, біз бұл елдерден озып та кете аламыз.

Тағы бір дәйек келтірейін. Қазақстанда өзге мемлекеттердің елшіліктері, консулдықтары және өкілдіктері бар. Сонымен қатар, елімізге инвестиция салып, кәсібін жүргізіп жатқан өзге де шетел азаматтары бар. Осылардың бәрі өзі тұрып жатқан елдің жаңалығын білгісі келеді. Оның үстіне елімізде ағылшын тілін еркін меңгергендер қатары ұлғайып келеді. Бұл дегеніңіз ағылшын тіліндегі сайтымыздың оқырмандары арасында өзіміздің қарадомалақтар да бар екендігін білдіреді. 

Ең бастысы, біз осы арқылы тәжірибе қалыптастырғымыз келеді. Қандай тәжірибе дейсіз ғой? Қазақтың ойын, қазақтың сөзін ағылшын тіліне аудару оңай емес және тәжірибенің жоқтығынан әркім әркелкі аударады. Ағылшын тілінен қазақ тіліне аудару ісі қалыптасқан да, қазақ тілінен кері аудару қалыптаспаған. Мәселен, әкім сөзін біреу «akim», біреу «mayor» деп жазады. Сондай-ақ ағылшын тілінде жаңалық тарату мектебін қалыптастырғымыз келеді.

Осылайша, «Егемен Қазақстан» ұжымы Елбасының «Үш тұғырлы тіл» саясатын іс-жүзінде жүзеге асырып келеді. Осы арқылы республикалық қана емес, халықаралық газет атануды мақсат етіп отырмыз.

– Мақалалар легі басылым бетінде жарық көргенше бірнеше сүзгіден өтетіні белгілі. Жалпы контент сапасына қаншалықты мән бересіз?

– Бүгінде электронды басылымның артықшылығын айту трендке айналып кетті ғой. Мен баспасөздің артықшылығын айтайын. Дәстүрлі газет-журналдың қай-қайсысы болмасын контент сапасына көп көңіл бөлетіні белгілі. Қазақ басылымының қарашаңырағы болғандықтан, әр нөміріміз 200 мыңға жуық тиражбен шығатындықтан, біз үшін мақала сапасы бірінші орында.

Бұл ретте, сүзгі дегенді цензура деп қабылдамау керектігін еске салғым келеді. Мұндағы басты мақсат – материалдың айтар ойының ұғынықты болуын және деректерінің дәлдігін қадағалау. Оқырманға ұзын-сонар сылдыр сөз емес, маңызды ақпарат пен сараптама қажет.

– «Маss Меdia-ның» қарқынды дамуы дәстүрлі мерзімді баспасөздің оқырмандарын азайтып, олардың таралымын кеміткендігі жасырын емес. Қалай ойлайсыз, қағаз газеттердің орнын электронды газеттер баса ма?

 – Жұртшылық теледидар пайда болғанда газет өледі деп ойлады. Бірақ уақыт көрсеткендей, теледидар газет өміріне қатты әсер ете алмады. Жаңа технологиялардың енуімен газеттер де бір орнында тұрмай дамып отырды. Бүгін де онлайн медианың қарқын алуына байланысты қағазға басылатын газет мүлдем жойылады деп айтылуда. Қазақстандағы ең үлкен басылымда жүрген соң бұл мәселе бізді де қатты алаңдатты. Сол себепті басылымның кешегісі мен бүгініне және болашағына қатысты ғылыми мақалалардан бастап, түрлі эксперттік кітаптарға дейін зерделеп шықтық. Өзіміз шағын зерттеу жасадық десек те болады. Сол зерттеудің нәтижесінен туған пайымымызбен бөлісейік. 

Онлайн медианың мерзімді баспасөзге деген сұранысқа тигізер әсерін жоққа шығара алмаймыз. Өйткені, жаңалықтың газет бетіне шығуы үшін бір күн кетсе, сайтқа жарты сағат немесе 10-15 минут та жеткілікті. Оған сайттың мультимедиалық мүмкіндіктерін қосыңыз. Онда сіз жаңалықтың мәтінімен бірге видеосын да көресіз, сілтемелер арқылы тақырыпқа қатысты алдыңғы материалдармен танысып, астына өз пікіріңізді қалдыра аласыз. Мақаланың көлемі мен саны бойынша ешқандай шектеу жоқ. Ал газеттің мұндай мүмкіндіктері жоқ екені белгілі. Дегенмен, баспасөздің де өз артықшылықтары бар. Ақпарат расталған, тексерілген, грамматикалық қате жоқ. Интернеттегідей сізді қосымша нәрсе алаңдатпайды. Бір мақаланы бастап, одан әлеуметтік желіге, одан басқа сайтқа өтіп, ақырында әлгі мақала аяғына дейін оқылмай қалуы мүмкін. Ал газет-журналда жалғыз мақала емес, сол күні шыққан барлық материал оқылады.

Бірақ газет-журналдар дәл бүгінгі концепциямен өмір сүре берсе, күндердің күнінде онлайн медиаға тұтастай жол берері анық. Тартымды болудың жалғыз жолы – трансформация. Бәлкім газеттің ақпарат таратушыдан сараптамалық сипаты басым ағарту құралына айналғаны дұрыс шығар? Газет тұрмақ, теледидардың өзі де ақпарат беруші статусынан айырылып жатыр. Адамдар қазір жаңалықты теледидардан көре бермейді. Оқиғаны видеоға түсіріп, оны өңдеп, оған сөз жазып берем дегенше онлайн пайдаланушылар ол оқиғаны тікелей эфирде таратып жатады.

Баспасөздің ағартушылық қызметіне оралуына тағы бір себеп бар. Бүгінде ақпарат ағымының тым көп болуына және уақыт тапшылығына байланысты кітап оқу деңгейі төмендеп келеді. Бұрынғыдай 300-400 беттік кітаптарды екінің бірі оқи бермейді. 

Біз осыны ескеріп, бет санын көбейте отырып, барлық тақырыпты қамтуға бел будық. Мақалаларымыз жаңалықтық сипатынан гөрі танымдық, сараптамалық сипатқа ие болмақ. Байқасаңыздар, соңғы екеуі уақытқа аса байлаулы емес.

Оның үстіне, онлайн медиадағы трендке қарасаңыз, бір-екі сөйлемдік жаңалыққа әуестікті байқауға болады. Мәселен, бір іс-шараның өзінен онлайн сайттар 20 жаңалық шығаруы мүмкін. Бір сағаттық оқиғадан осынша хабарлама шықса, жылдарға созылатын оқиғадан қанша жаңалық шығатынын елестете беріңіз. Бір қызығы хабарламаның жеңіл әрі тым көп болғаны сонша, адамдар жаңалықты түсінуден қалды. Мәселен, қаржылық дағдарыс кезінде онлайн порталдар мұнай бағасы мен валюта бағамы күніне неше рет өзгерсе, сонша рет жаңалық береді. Ол өзгерістердің оқырман үшін ешқандай маңызы да болмауы мүмкін. Халықаралық тақырыптарда да солай. Сириядағы соғыс туралы күнде жаңалық шығады, бірақ ол жаңалықтар оқырманның түсінігі мен білімін арттырудан гөрі, шатастыруға немесе немқұрайлыққа әкеліп жатады. Міне, баспасөз осы кемшілікті жойып, күнде болып жатқан оқиғаны сол мезетте бере алмаса да, асықпай мәселенің мән-жайын ашып, оқыған адам оқиғаның мәнін бірден түсінетіндей жағдай жасай алады. Сонымен қатар газеттер тұңғиық терең кітаптардағы білімді де ықшамдап беріп отыратын болады. Осылайша, газет-журналдар мазмұндық тұрғыда өзгеріп, жаңа сипатқа ие болу арқылы өмір сүруін жалғастыра бермек.

Баспасөздің болашағына қатысты оптимистік болжамымызды бүкіл әлемге танымал Нью-Йорк Таймс басылымының 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы да қуаттайды. Басылымның «2020 баяндамасы» деп аталатын құжатында онлайн медианың әлеуетін тиімді пайдаланумен қатар, дәстүрлі баспасөзді сақтап қалу үшін қандай реформалар қажет екендігі айтылады. Ол үшін америкалық басылым дәстүрлі баспасөздің басқару және контенттік саясатына толықтай өзгеріс енгізіп, бәсекеге қабілетті, бірегей ақпарат таратуға басымдық бермек.

Қағаз бен цифрлы технологиялардың таласына келетін болсақ. Ғалымдар адамның ақпаратты қабылдауына қатысты зерттеулер жүргізген екен. Нәтижесінде қолмен ұстап көрудің ақпарат қабылдауға әсері мол екені анықталған. Яғни бірдей ақпаратты компьютерден көру мен қағаздан оқу екі түрлі әсер беретін болып шыққан. Осыдан оншақты жыл бұрын электронды сия (E ink) технологиясына негізделген Kindle құрылғысы пайда болғанда, көптеген техногиктер қағазға басылатын кітап пен мерзімді баспа басылымдарының жаназасын шығарып тастаған еді. Беріректе шыққан iPad секілді құрылғылар техногиктердің болжамдарын қуаттағандай әсер қалдырды.  Алайда уақыт өте келе біраз болжамның асығыс жасалғаны анық болды. Оған мысал – электрондық коммерция саласындағы алпауыт саналатын Amazon компаниясының өзі биыл нақты дүкен ашқаны. Зерттеу көрсеткендей, тіпті цифрлы ұрпақ деп аталып жүрген бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің өздері электронды құрылғылардан гөрі қағазға басылған дүниелерге бүйрегі көбірек бұрады екен. Өткенде The Guardian газетінен қағаз кітаптардың сатылымы артқанын оқыған едім. Осы және өзге де зерттеулерге сүйене келе, өркениетімізді дамытуға қызмет етіп келе жатқан қағаз әлі біраз уақыт біздің пайдамызға жарайтын болады деп түйдім.

Осының арқасында болса керек, дәстүрлі баспасөздің жарнамасына салынған инвестицияның қайтарымы цифрлы медиаға қарағанда жоғары. Бұл бір жағынан түсінікті де. Сайтқа кірсеңіз, жарнамадан аяқ алып жүре алмайсыз. Жабысқақ жарнамадан құтылу үшін жұрт оны  мүлдем елемеуді игеріп алған. Қалғандары AdBlock секілді бағдарламаны пайдаланып, кез келген жарнамаға тосқауыл қойып отырады. Ал газеттегі жарнама соншалықты мазаны алмайды және сіз оны жиі көресіз. 

Әрине, адамзат баласы қазір бейне бір өлара кезеңде тұр десе болады. Арамызда жаңа технологияларға есейген кезде қолы жеткен аға ұрпақ пен көз ашқалы заманауи құрылғылармен жақсы таныс жаңа ұрпақ бар. Тіпті Интернет пен жаңа технологиялар әлі жетіп үлгермеген адамдар да бар. Сол себепті, бұл таласта кімнің жеңетінін, кімнің жеңілетінін айту ертерек деп ойлаймын. Бұл сұраққа жауап іздеудің өзі, біздің ойымызша, бос әурешілік. Контент жасау мен тұтынудағы талғам трендтерін бақылау және соған сай бейімделіп отыру маңыздырақ деп білеміз. Сол бағытта шамамыз келгенше ізденеміз. Ол қаншалық қолымыздан келген-келмегенін оқырманымыз айта жатар.

– Қазіргі таңда жалаң және жалған ақпарат беру (расталмаған) БАҚ арасында жиі кездеседі. Ал сіздер бұл мәселеге қарсы қалай күресесіздер?

 – Өте өзекті сұрақ. Интернет пен әлеуметтік желілер әрбір адамды ақпарат таратушыға айналдырды. Біреулер бұл мүмкіндікті орынды пайдаланып, адамдарға дұрыс ақпарат беруге талпынып жүрсе, өзгелер жаңалықты ойдан құрастырып, айтпағанды айтты деп неше түрлі сенсациялық жалған ақпарат таратып жүр.  Мұндағы мақсат – трафик жинап, жарнамадан ақша табу немесе біреудің беделіне нұқсан келтіру. Мұны қасақана жалған ақпарат тарату дейміз. Жалған ақпар таратудың бұл түрі АҚШ секілді Батыстың дамыған елдерінде қатты өршіп тұр. Жалған жаңалықтар тіпті былтырғы АҚШ президентінің сайлауына әсер еткен негізгі факторлардың бірі ретінде қарастырылды.

Қасақана өтірік ақпарат тарату бізде де жиі кездеседі. Осыдан бірнеше жыл бұрын Whatsapp мобильді қосымшасы арқылы еліміздегі екінші деңгейлі банктердің бірі банкрот болады екен, депозиттегі ақшаларыңызды қазір алмасаңыздар, айырыласыздар дегендей ақпарат тарап, елдің бәрі дүрлігіп кетті. Банк бөлімшелерінде үлкен кезек болып, адамдар жаппай депозиттегі ақшаларын кері қайтарып жатты. Шын мәнісінде, ол банктің банкрот болуына ешқандай алғышарт жоқ-тұғын. Бірақ қауіптісі, әлгі ақпарат шынымен де сол банкті банкрот етуі мүмкін еді. Бағына орай банк жабылудан аман қалды.

Әдейілеп өтірік мәлімет шығарудан кейбір БАҚ-тар да кенде емес. Лауазымды кісілерді, белгілі кәсіпкерлерді бопсалау, солар туралы негізсіз айыптаулар жариялау, болмағанды болды деп көрсету бір кездері қалыпты жағдай болып кетті.

Қазақстандағы жалған мәлімет таратудың кеңірек сипат алған түрі – абайсызда, аңқаулықпен немесе білімсіздіктен естіген немесе көрген нәрсені өзгелерге жеткізу. Қатардағы азаматтарымыз көбіне осы аңғалдықтың салдарынан біреудің тұзағына түсіп, жауапқа тартылып жатады. Тіпті, кейде белді басылымның тілшілері де жаңалықты рас-өтірігін тексермей таратып жататын көреміз.

Осы және өзге мәселелердің бәрі бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заң жобасында шешімін табады деген үмітіміз мол.

Ал енді «Егемен Қазақстан» ақпаратты қалай тексереді дегенге келейік.

Біздің барлық облыс орталықтарында меншікті тілшілеріміз бар. Қазақстанның қай өңірінде болмасын кез келген ақпаратты тексеруге қауқарымыз жетеді. Шетелдегі жаңалықтар бойынша келісім-шарт негізінде жұмыс істейтін әріптестерімізге не болмаса әлемнің белді медиа ресурстарына жүгінеміз. 

Қандай да бір мәселені қозғап, сараптамалық мақала жазар болсақ, құзырлы мекемелерге хабарласып, деректерді растап аламыз. Егер де оқиға орнына өзіміздің тілшіміз бара алмай қалса, мемлекеттік ақпарат агенттіктеріне сілтеме жасаймыз.

– Байқағанымыз, Бас газеттің электронды нұсқасы қысқа уақыттың ішінде еліміздің интернет кеңістігінде көш бастаушы сайттардың біріне айналды.  Әлеуметтік желі қолданушылары да электронды «Егемен Қазақстан» туралы жақсы пікірлер айта бастады. Аз уақыт ішінде жаңа медиа кеңістікте мықты бәсекелеске айналудың сыры неде?

– «Егемен Қазақстан» газетінің электронды нұсқасы Zero.kz рейтингісінде алғашқы отыздыққа кіріп, қазір ең жиі қаралатын елу сайттың ішінде тұрақтады. Бұл жерде ешқандай құпия амал жоқ, адамның ойына келмейтін дүниелер жасадық деп айта алмаймыз. Дегенмен, бір сөзбен баға берер болсақ, біз бар болғаны «Егемен Қазақстанның» әлеуетін анықтап, соны дұрыс пайдаландық.

Ең әуелі, газетімізде IT мамандардың басын қосып, сайтқа толықтай SWOT-талдау жасадық. Ол талдауда сайтымыздың күшті және әлсіз жақтарын, сондай-ақ мүмкіндіктері мен қауіптерін қарастырдық. Содан соң, әлсіз жағын күштіге айналдырып, қауіптің алдын алуды ойластырдық.

Газет аптасына бес рет шығады және оның әрбір нөмірінде отызға жуық мақала бар. Оған тек сайтымызға ғана шығатын жаңалықтарды қосыңыз. Енді осының бәрін, сайтымыз 2006 жылдан бері істеп келе жатқандықтан, 11 жылға көбейтіңіз. Өте көлемді контент шығады. Ол контенттің көлемінен бөлек мазмұны мен сипаты да ерекше. Этнография, мәдениет, тіл, білім секілді өлмейтін тақырыптардағы авторлық мақалаларымыз жаңалықтар секілді бір-екі күн қаралумен шектелмей, жыл он екі ай оқырманның назарында болады.

Оның үстіне, еліміздің басты қазақтілді ресми басылымы болғандықтан, Елбасының жолдаулары мен мақалалары, нормативтік-құқықтық актілердің өзгерістері мен толықтырулары, мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі секілді ресми құжаттарды халық бізден іздейді.

Осы тұста, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру»атта бағдарламалық мақаласы ең бірінші «Егемен Қазақстанда» жарияланғанын атап өткіміз келеді. Бүкіл әлем осы мақалаға байланысты «Егеменге» сілтеме жасап, «Егеменнен» аударып отырды. Осылайша Елбасы өзінің мақаласы арқылы қазақ елімен қатар «Егемен Қазақстанға» да сілкініс әкелді. Рухани жаңғыру сайтымыздағы жиі ізделетін тақырыптардың көшін бастады.

Іздеу демекші, қанша жерден бірегей мақала жазсаңыз да сайттың іздеу жүйесі жолға қойылмаса, оқырман санын көбейту қиын. Біз сол себепті SЕО-оңтайландыру жұмыстарына да көп көңіл бөлдік. Мақаланың атын дұрыс қою, мәтінді іздеу жүйелеріне бейімдеу секілді талаптарды орындап келеміз.

Сонымен қатар, біз әлеуметтік желідегі белсенділігімізді де арттырдық. Мәселен, Фэйсбуктегі парақшамыздың тұрақты 13 мыңнан астам оқырманы бар.

Жоғарыда айтылғанның бәрі техникалық жұмыстар. Газетіміздегі сапалық өзгерістер де сайтқа оң әсерін беріп жатыр деп айтуға толық негіз бар.

– Міржақып Дулатұлының: «Қай ұлттың баспасөзі мықты болса, сол ұлттың өзі де мықты», - деген сөзі бар. Сіз үшін XXI ғасыр журналисі қандай қасиеттерге ие болу керек?

 – ХХІ ғасырда қойылатын талабы өзгермеген мамандық жоқ. Дегенмен, жаңа ғасырдың, жаңа технологиялардың медиа саласына әсері бірнеше есе жоғары екенін атап өткіміз келеді. Цифрлы технологиялардың кең қолданысқа енуіне дейін журналистер ақпарат таратып, қоғамның пікірін қалыптастыруда монополия болғаны белгілі. Бүгінде жағдай мүлдем бөлек. Жоғары сапалы камера орнатылған смартфон, 4G интернет байланысы және әлеуметтік желілер әрбір адамды ақпарат таратушыға және ой қалыптастырушыға айналдырды. Осыдан санаулы ғана жылдар бұрын адамдар оқиғаны видеоға түсіріп, сосын оны жүктеп жатушы еді, қазір интернет жылдамдығының артуымен тікелей эфирге шығушылар саны көбейіп кетті. Мұның бәрі дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына деген қысымды күшейтеді. Енді газет-журналдар, радио, телеарналар оқырман мен көрермен үшін өзара ғана емес, әлеуметтік желілердегі белсенді пайдаланушылармен бәсекеге түсуі тиіс.

Кейбір медиа жобалар осы мәселені шешудің оңай жолын тауып алғандай. Әлеуметтік желіде белсенділігі жоғары адамарды жұмысқа тартып, сол арқылы қаралым санын арттыруға тырысып жатқан жағдайларды аракідік байқап жатамыз. Бұл әрине құптарлық амал, дегенмен осылай жасаймын деп кейде сапалық жағы ақсап жатады.

Менің ойымша, ХХІ ғасыр журналисі кәсібіне адал, жаңа медиадан хабары бар, бірнеше тілді білетін, конвергентті журналистиканы меңгерген,болуы тиіс. Кейде журналистердің өздері ізденудің орнына біреудің дайын еңбегін қолдана салатынын байқаймыз. Жұртқа жақсы болып көріну үшін қосымша табыс үшін кей азаматтар авторлық құқықты бұзып, плагиатқа жол беріп жатады. Журналист бұл мінезден ада болғаны абзал. Біз «Егеменнің» тілшілерінен осының бәрін талап етеміз. Тек талап етіп қоймай, осы қасиеттерді бойларына сіңіруіне жағдай жасауға тырысамыз.

Жаңа қызметкерлерді жұмысқа алғанда да осы критерийлерді ұстанамыз. Осының арқасында болса керек, соңғы жұмысқа алған журналистердің үшеуі «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алған, кемі үш тілді еркін қолданады.  

– Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет.

Әңгімелескен Біләл Қуаныш