Ал «Үздік маман» сайысының аталмыш компанияға қарасты барлық еншілес кәсіпорындардың басын біріктіріп, кең көлемде өткізіле бастағанына биыл екі жыл. Былтыр мамандықтарына сай Ақтау және Атырау қалаларындағы өндіріс орындарында сайыс көрігін қыздырған мұнайшылар биыл Ақтау және Шымкент өңірлерінде, яғни «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының жұмысшылары Шымкент қаласындағы «ПетроКазахстанОйлПродактс» ЖШС және Маңғыстау облысындағы «Қаражанбасмұнай» АҚ пен Ақтау қаласындағы «ҚазТрансОйл» АҚ оқу-курстық комбинаты аумағында сынға түсті. Жұмысшылардың ынтасын арттыру және біліктілігін көтеру, сондай-ақ мұнай саласы қызметкерлерінің өзара тәжірибе алмасуы мақсатындағы сайыстың бірінші кезеңінде мұнай-газ кешенінің 30 мамандығы бойынша еншілес кәсіпорындардың 3000-ға жуық жұмысшысы бақ сынасып, қорытынды бөлімде мұнай және газ өндіру жөніндегі оператор, ұңғымаларды зерттеу жөніндегі оператор, қабат қысымын қолдау жөніндегі оператор, мұнай кәсібі жабдығын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі слесарь, токарь, химиялық талдау зертханашысы, электр-газбен дәнекерлеуші, электр жабдықтарды жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электромонтер, ұңғымаларды жерасты жөндеу бригадасы, ұңғымаларды күрделі жөндеу бригадасы, 320 – цементтеу агрегатының машинист-моторисі, автомобиль жөндеу слесарі, автомобиль жүргізушісі, технологиялық қондырғылар операторы, компрессор қондырғыларының машинисі, технологиялық сорғылар машинисі, мұнай өңдеу мекемелерінің химиялық талдау зертханашысы мамандықтары бойынша 126 қатысушы шеберлік сынасты.
Жарыс барысында теориялық және практикалық тапсырмаларды орындау үшін өндірістік нысандарда арнайы жабдықталған жұмыс алаңдары, қажетті бөлмелер мен құрал-саймандар дайындалып, жарысқа қатысушыларға өз мүмкіндіктерін толық көрсетуге жағдай жасалды. Биылғы сайыстың басты ерекшелігі – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арнайы веб-сайтынан сайыстың өту барысы туралы жаңалықтар жүйелі түрде беріліп отырды және байқау алаңдарында фотографтар мен тілшілер сайыс барысына тікелей куәгер бола алды, сондай-ақ аймақтағы корпоративтік порталдың қолданушылары байқауды онлайн режімде көру мүмкіндігіне ие болды.
Қыркүйек айының 25-29-ы аралығында өткен сайыста жұмысшылардың шеберлігін компанияға қарасты кәсіпорындардың сарапшыларынан құралған қазылар анықтап, жеңімпаздарды тануда кәсіби машығы, тапсырмаларды орындау жылдамдығы мен қауіпсіздік техникасын сақтау шеберлігін басты назарға алды.
Ақтау қаласында салтанатты жағдайда қорытындыланған жиында байқауға қатысушыларға «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы С.Мыңбаевтың құттықтау хаты оқылды.
Әлемдік дағдарысқа байланысты мұнай бағасының тұрақсыздығына қарамастан, жұмыскерлерге әлеуметтік қолдаудың қазіргі деңгейі сақталғандығын айтқан хатта «Бұл «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы компаниялар тобының бизнес-бағыттардың көпшілігі бойынша оң нәтижелерге қол жеткізуінің арқасында мүмкін болып отыр. Аталған заңды нәтиже – әкімшіліктің, жұмыскерлер мен кәсіподақтардың жұмыла жұмыс істегенінің айқын көрсеткіші», делінген.
90 мыңға жуық маман қызмет ететін алып мекемеден суырылып 146 азаматтың шығуы оңай емес. Конкурс жеңімпаздары «Үздік маман» медалімен және арнайы сертификаттармен марапатталды.
– Мен Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін мұнай саласы мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Серіктестікте жұмыс жасағаныма үш жыл болды. Осы үш жылдың ішінде тәжірибе жағынан жетіліп, алдыңғы буын аға-апалардан үйреніп келеміз. Басшылық тарапынан жұмысшылардың, әсіресе жас мамандардың аяқтан тұрып кетуіне, өз ісін жетік меңгеруіне жасалып жатқан мүмкіндіктер өте мол. Бүгінгі сайысты да жұмысшыларды алға ұмтылдыратын, қанаттандыратын шаралардың бірі деп санаймын. Биыл сайысқа алғаш рет қатыстым, қиын сайыста жүлдегер атанғаныма қуаныштымын. Сайыс мені тек жеңімпаз болуыммен қуандырмайды, алдағы уақытта жұмысты жан-жақты жүргізуге тәжірибе алуыма септігі тигендігімен де қуантады. Мысалы, жұмысымыз бір болғанмен, әр компанияда жабдықтар әртүрлі, демек, жұмыс жасау тәсілі, тәжірибесі де бөлек. Мен сайыс барысында өзге компаниядағы әріптестерімнен осы басқа жабдықтарда жұмыс жасауды үйрендім. Көп білгеннің артықтығы жоқ, – дейді сайыс жеңімпазы, «Қазгермұнай» ЖШС мұнай және газ өндіру операторы Ғазиз Мерекеев.
Жас мұнайшының айтуынша, сайыс тек жеңу үшін емес, тәжірибе алмасу үшін де маңызды. Олай болса, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ұйымдастырған «Үздік маман» сайысы өз мақсатына жетіп, негізгі нәтижесін беруде деген сөз.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы