Қазақстан үшін бұл оқиғаның маңызы өте зор. Себебі, қазақ жерінен – «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыштық дәуірдің басталуына даңғыл жол ашылды. Осы мерейлі датаға орай ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов байқоңырлықтарды айтулы мерекемен құттықтап, «Байқоңыр» кешенін салуға және оның ары қарай жұмыс істеуіне атсалысқан барлық мамандар жұмысының елеулі екенін жеткізді.
Салтанатты шара барысында ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі атынан «Байқоңыр» кешенін дамытуға үлес қосқаны үшін және Жердің алғашқы жасанды жер серігінің ұшырылуына 60 жыл толуына орай Роскосмос және Қазғарыш өкілдеріне, Байқоңыр қаласы әкімшілігі мен Қызылорда облысы әкімдігінің қызметкерлеріне, сондай-ақ еңбек сіңірген ардагерлер мен БАҚ өкілдеріне құрмет грамоталары табысталды.
Күннің бірінші жартысында Қазғарыш басшылары мерекелік митингке қатысып, Жердің алғашқы жасанды жер серігінің ұшырылу құрметіне орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Сонымен бірге ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құрамы, оның ішінде Вице-министр Марат Нұрғожин мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰҚ» АҚ-ның Вице-президенті, Халық қаһарманы, ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетов Мәскеуге шақыртылып, 60 жылдыққа орай өткізілген мерекелік шараға қатысты.