Әдебиет • 05 Қазан, 2017

Жайдары Әбіш, жабырқау Әбіш...

755 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Соңы. Басы 189-нөмірде

Жайдары Әбіш, жабырқау Әбіш...

Қазақ киносына қан жүгіртіп, дем­­ беру­ге келген жас прозашылар­ «Қа­­зақ­фильмді» шырқатып жіберме­генмен, біздерді жетекке алып қамқор болған Әбішке сөз келтіре қоймадық. Өзгемізден бұрын Дулат икемділік та­нытты: алғашқы қарқынмен екі-үш сценарий жазып тастап, «Гауһартасы» өндіріске қабылданып түсіріле бастады. Менің Маңғыстау мұнайшылары өмірінен жазылған «Жұлдызды жон» повесімнің желісімен «Жас дәу­рен» телефильмі түсіріліп, одақтық көр­сетілімдер қатарына енді. Ал есесіне «Ата­ман Анненковтің ақыры» атты үш сериялы сценарийімнің маңдайы тасқа соғылып, жолы болмады.

Біздің бой салып қатарға енген тұсы­мызда «достасып жүрген қатар құрбыңа лауазымды қызмет бер, оның кім екенін сонда танисың» деген сөз жиі айтылып жүрді. Әбіш жас кезінен-ақ жауапты мемлекеттік қызметтердің тұтқасын ұстады. Мәдениет министрінің орынбасары болуы, табандаған он жыл КП­ Орталық Комитетінің сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісі болуы – республиканың идеология саласына елеулі ықпал еткенінің айғағы. Адам қызметке үйренеді, қызметпен келетін абыройға үйренеді, қайда барса аяғын жерге тигізбеген ілтипат, жұмсақ кресло, жайлы машина, үй іші тұрмысы да түзеліп сала береді. Қызметтен кеткен күні осының бәрі бір сәтте тыйылады. Кешегі демімен үй жыққандай болған азамат желі кеткен доптай бір уыс болып, жүнжіп қалады.

Әбіш дегені болып дәуірлеп тұрған кез­де қызметтен екі рет кетті, дәлірегі екі­ рет төмендеді. Бірі – Жазушылар ода­ғы­ның екінші хатшылығынан тарихи жә­не мәдени ескерткіштерді қорғау қоға­мына кетуі, екіншісі – Республика Жоға­рғы Кеңесі төрағалығынан босап қа­луы.

Жазушылар одағынан Әбішті кеті­ріп артық қылам дегендер тыртық қыл­ды. Әбіштің орнына келген басшылар әдебиеттің есігін кім көрінгенге ашып, қо­қсық-қобырды қаптатып, жазушылар санын екі есеге көбейтті. Біз жа­зушылыққа қатысы жоқ біреулердің одақ­қа мүшелікке қабылданғанына наразы болып, талағымыз тарс айырылып жү­ріп, дер кезінде бұл шаралардың әр­гі астарын терең аңдамаппыз. Бақ­сақ, әдебиетте авторитет жоқ, Жа­зу­шылар одағының мүшесі бәрі бірдей деген теңгермешілік жүргізіле бас­тапты. Жазушылар одағының жаңа басшыларының мінберде тұрып қазақ әдебиеті ақсақалдарын сақалдан алуы, ақсақалдарға кезек тигенде, одақ мүше­лігіне жаңадан қабылданған қоқсық-қобырдың еден тепкілеп сөйлетпеуі – бір-біріне жалғасты істердің тізбегі екен.

Әбіш жоғары лауазымды Қазақстан пар­ламентінің төрағалығынан кеткенде, мен «Жазушы» баспасында кішігірім бас­шы болып жүргем. Директорымыз Марал Сқақбаев. Әбішпен бірге оқыған, ұзақ жылдар ЦК-да бірге істеген, араларынан қыл өтпеген адал дос Марал Әбіш­тің басында орын алған жағдайға қат­ты күйзелді. Орнында отырып ба­йыз таппай, бума-бума қолжазбаға кө­мі­ліп отырған менің бөлмеме қайта-қай­та бас сұғады. Бір келісінде ол Әбіш­­тің публицистика мен әдеби сын ма­қа­лаларын дайындап жүргенін, соны­сының басы жинақталса, кітап қып шы­ғарып жіберейік деген ұсыныс жасады. Ба­сына іс түскен тұста жалғыздық се­зінбесін, біздің қарлығаш қанатымен су сепкендей достық қолдауымыз болсын деген ниеті көмейінен көрініп тұрды.

Ақыры Әбішпен жолығуға менің ба­руыма тура келді. Қолжазбаны алып келіп, тездете­ оқып, кітапқа «Замана» деп ат қо­йып,­ жинақты тездетіп өндіріс­ке жібер­дім. Үкіметтің кітап басу ісін жы­­лы­ жа­­уып қойған кезі. Баспаның қы­сыл­шаң жағдайынан хабардар Әбіш Маң­ғыс­таудағы таныстарына құ­лақ­­­қағыс қылса керек, аяқ астынан демеу­шілер де­ табыла кетті.

Әбіштің әртүрлі басылымдарда­ жа­­рия­­­­­ланған әдеби сын, көсемсөз  жанрын­­­­­да­ғы мақалаларын оқып жүрген­мен,­ оның шығармашылығының бұл са­ласына пікірім толық қалыптаспаған кез еді. Осы жолы оның аяқ алысын анық таныдым: Әбіш көсем де, шешен де,­ кемеңгер екен. Ол маған ағысы мол, арнасы кең, түбі терең, жайылған же­рін суландырып, нуландырып, ырыс-несі­беге кенелдіріп жіберетін, таусылмай сарқырар алып дария сияқты көрінді. Сал­ғаннан байқағаным, алып дарияның ал­тын діңгегі – көл дария білім екені. Әбіш алты шарды шарлап, алты ілімді игеріп барып әдебиетке келіпті. Зор дайындықпен келіпті.

Осынау қазынаны арнайы дайындық орындарда оқып үйренбей, өз бетінше оқып үйреніпті. Білім мен ілімнің тұнып тұр­ған қайнар көзі – кітаптың қадірін өз­гелерден ерте ұғыпты.

Бақсақ, қаламгердің көсемсөз, әдеби сын мақалалары қоғамдық ортада Әбіш­тің тез танылуына тікелей септескен екен. Бұл саладағы ізденістерін әдеби сын­нан бастаған қаламгер көсемсөзге егемендік бастауындағы серпіліс жылдарында келді. Ұлт алдында одақтан ажы­расып енші алу, жеке шаңырақ құрған егемендікке қол жеткізу, отар­шы­лықтың ауыр зардаптарынан ары­лу, мемлекеттің саяси бағытын таң­дау, алыс-жақын көршілермен қа­рым-қатынас, тұралап қалған экономикаға дем беріп, тоқтап қалған өн­діріс орындарын ілгері бастырып, үкі­метке қарап ауыз ашып, қол жайған бұ­қараны күнделікті тірлік минимумымен қамтамасыз етіп, дастарқанын жү­детпеу сынды аса маңызды мәселелер Әбіштің «Тәуелсіздік толғауының» бас­ты арқауы. Сырттай бақылаушы бол­май, жүзде бір нұсқасы жоқ әлжуаз мем­лекеттің аяғына тәй-тәй тұрған кезін көзімен көріп, ел иығына түскен ауыр жүктің бір басын көтерісе жүрген Әбіш сол бір жарғақ құлақ жастыққа ти­меген қиын кездерде Елбасы мен ел аға­ларының жолсыздан өткел салып, жол тапқандарын қаз-қалпында суреттеп, «Өт­пелі кезеңнің» шынайы суретін қа­лыптайды. Егемендік бастауының тірі куәгері Әбіш жазбалары талай ұрпаққа азық болары сөзсіз.

Өз басым Әбіштің көсемсөз са­ла­сын­дағы еңбектерінің екеуіне ала­бөтен ден қойдым: бірі – Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың Президент болып тағайындалып, ант берген салта­натындағы сөйлеген сөзі де, екіншісі – Рим Папасы мен қазақ интеллигенция­сының кездесуіндегі сөзі. Әбіш ғұла­малығының шыңы – осы екі трактат болса керек. Мұндай кең қамтылып, терең таратылып, өзінің де, туған хал­қының да кемеңгерлігін аспандата кө­тер­ген кемел толғауды естіген де, көр­ген де емеспін. Аспан теңселіп, бас ай­налғандай бір кемеңгерлік еді ғой. Тұңғыш Президентті марапаттау, Рим Папасы сияқты мәртебелі қонақтың ізгілікті сапарына тілек білдіру – біздің тірлігімізде бұрын орын алмаған тың құбылыс болғандықтан да, бәлкім, әсіре әсер­ге беріліп, артық бағалап отыр­ған да шығармын. Алайда өзімнің ұзын-қыс­қа ғұмырымда аузымен құс тістеген талай жүйріктерді көр­генмен, осы тол­ғаулардағы Әбіш ке­меңгерлігіндей ғұ­ламалықты көрген емеспін.

Қаламгердің шығармаларына сарапшы көзімен шола қарап отырсаң – біздің әдебиетке патша, хан, билеуші тақырыбын дендеп енгізген Әбіш екен. Әлбетте «Хан Кенені» жазған Үлкен Мұхтар, «Аласапыранды» жазған Кі­ші Мұхтар есептен қалмайды ғой. Ал Әбіш шығармашылығының басты өзегі осы тақырып десек те болғандай: «Аңыз­дың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң», «Абылай хан», «Ханша дария хикаясы». Әбішті Әбіш еткен басты шы­ғармалары осы емес пе? «Абылай ханды» неше қаламгер жарыса жазды, бірақ Әбішке жеткен бірі жоқ. Әбіштің «Абылайханы» ұрпақтан-ұрпаққа кете­тін өнегелі өре болып қалды.

Автордың «Абылай ханына» шаң жұқ­пады, мақтауы жетерлік болды. Есесіне «Үркері» дөрекі сындардың тоқ­пағына ұшырады. «Үркердің» бас кейіпкері Әбілқайыр естімегенді ес­ті­ді, көрінде жатып күңіренгендей жағ­дайға келді. Әбілқайырды жамандап, сол арқылы Әбішті іліп-шатып кет­кендерді түгендемей-ақ қоялық. Бір­де көшеде кездесіп қалғанымызда: «Әбілқайырды дамылсыз ғайбаттап жатыр. Әбілқайыр арқылы сізге күл шашушылар жоқ емес. Ал сіз болсаңыз жұмған ау­зы­ңызды ашпайсыз. Әбілқайырды неге қор­ғамайсыз?» деген аужай айттым. Әбіш маған бір қарап алып, көзін кө­шенің ұзына бойына қыдыртып: « Мен Әбілқайырды жазып бердім. Ендігі төрешісі – халық пен уақыт!»  деді. «Ой­бай-ау, халық пен уақытыңның ауыз қисайысын көрмейсіз бе?», деп шыр-пыр болып едім, «Бұлардан кейін де халық бар, бұдан кейін де уақыт бар!»  деп бұрылып жүре берді.

Алайда Әбілқайыр трагедиясы бір сәт­ке есімнен шыққан емес. Іздене оқып жүріп, қайсыбір шала тарихшылар мен одан шала қаламгерлердің Әбілқайыр туралы айтқандары түгел қате екеніне көзім жетті. Мәселен, ол Кіші жүздің ханы болғанымен, қазақтың бас ханы бол­ған жоқ, оның бас хан болуға нә­сілдік дәрежесі жетпеді, ол қазақ хан­дарының «кіші бұтағынан» еді дегендер мүлде келеге келмейтін шалағай пі­кірлер. Жәнібек ханның кенже екі ұлы – Үсек пен Жәдік, Үсек – үлкені, Жәдік – кішісі. Қазақтың дәстүр-жоралары бо-йынша: ата ошағы кіші балада қалады. Бірақ ол Жәнібектің басқа балаларына хан болуына кедергі болмағанда, Үсек ұр­пағына қалай кедергі болады. Үсек ұр­пағы қалайша «кіші бұтақ» атанады. Ақылға сыймайтын сандырақ.

Қазақ қауымы ортасында орын ал­ған осындай әрі-сәрі түсінікке Абылай көзі тірісінде нақты жауап берген. Ол 1767 жылы 14 желтоқсанда Омбы әкімшілігіне жолдаған хатында: «Менің ата-бабаларым Барақ хан, Жәнібек хан, Жәдік хан, Шығай хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Болат хан, Қайып хан, Әбілқайыр хан, Әбілмәмбет хан, олардан кейін енді мен Абылай хан­мын» деген. Абылай жоғарыда аты аталған тұлғалардың қазақтың Бас хандары болғандарын жариялай отырып, өзі­­нің солармен қандас туыстығын да паш еткен. Ендеше, біз орыс шенеу­ніктерінің әр қолдан, әр ауыздан ес­тіп жазған ақпарларына сенеміз бе, жоқ, Абылайдың өз қолынан шыққан хат­қа сенеміз бе? Талас, таңдауға орын жоқ, Абылайдың сөзі – сөз. Осыған тоқтағанымыз жөн.

Ал Әбілқайыр Қайып ханмен тіл та­быспай шатақтасу салдарын Аягөз шайқасында қазақ қолы жеңіліс тапты деу – сәтсіздіктің себебін іздеуден пайда болған бос әңгіме. Кезінде бұл шайқасқа Тобыл әкімдері айрықша мән беріп, куәгерлердің аузынан оның шындығын жақсы жинақтап алған. Хаттамалар Аягөз соғысын бастан-аяқ тү­гел баяндайды. Бірақ ол мәтіндердің бір­де-бірінде Қайып хан мен Әбілқайыр ара­сындағы келіспеушілік туралы ләм-мим сөз жоқ. Бұл соғыс Қайып хан­ның басшылығымен жүргізілді, оның жеңісіне де, жеңілісіне де сол жауапты. Және солай болды да. Кешікпей Қайып хан қарсыластары тарапынан мерт болды.

Ал бас хандыққа сайланбаған Әбіл­қайыр Аңырақай майданын тастап кетті деген де құр далбаса. Жолбарыс хан, Сә­меке хан, Әбілқайыр хан Қалдан Серен­мен шарттасып, келісімге қол қойған соң хандар өз иеліктеріне қайтқан. Ұзақ жол үзеңгі қағысып қатар жүрген Жол­барыс хан, Сәмеке хан, Әбілқайыр хан­дардың ел тағдырына қатысты жағ­дайларды сөйлеп, бұдан былайғы ұс­танатын бағыттарын ақылдасқаны дау­сыз.

Әбілқайыр орысқа бодан болу мә­се­ле­сін бірінші болып қозғады, ол ісі­нің абырой-атағы да, қарғыс-ғай­баты да соның бір өзінің мойнында.­ Алайда көреген саясаткерлікпен қа­заққа қолайсыз бағытта дамыған орыс сырт­қы саясатының бетін бұрды. Мәсе­ленің түпқазық мәйегі осында. Ба­сы арылмас дауға да қалды. Бірақ ол өз қолымен істегенінен жалтармай,­ бар жауапкершілікті мойнына алды. «Еш­кіммен ақылдаспай, өз бетімше істедім» дегеннен танбады. Оның бір сыры кейін бодандықтан бас тартқандай күн туса, бұл ханның қалауы, халық қа­лауы емес дегенге саңылау қалдыру ама­лы еді.

Тевкелев жазбаларында старшиналар мәжілісінде «Хан деген атым ғана бар, қарамағымдағылар менің бұй­рығымды құлаққа ілмейді» деген Әбілқайыр Тевкелевтің «Не себептен еліңді бодандыққа әкеліп отырсың?» деген оңаша сауалына Ресейдің қол­дауымен шынайы билікке жетуді көз­дейтінін айтады. Осыны желеулеткен біздің тарихшылар Әбілқайыр өз қара басының қамы үшін халық мүддесін сатты деп дабыраласады. Әбілқайыр бодандыққа мойынсұнудың себебін алғашқыда Тевкелевтен жасырып, шындықты көлегейлеп бақты. Шындық – жоңғардан қазақтың күйрей жеңіліп, астанасы мен елдің мәйегі болған Сыр бойы қалаларынан түгел айырылып, Ұлы жүздің жау қолында қалғаны, Орта жүздің жарым-жартылай Самарқандқа ауып кетуі еді. Бұл шындықты білсе, орыс елшісі тізені қаттырақ батырып, тақымдауды күшейте түсері бел­гілі еді. Міне, осыны болдырмау үшін Әбілқайыр қара бастың қамын көл­денең тартып, өзін де, өзінің атақ-абы­ройын да құрбандыққа шалды. Осы­нау дипломатиялық «ойындардың» ас­тарын ұқпаған қазақ қаламгерлері Әбіл­қайыр қара басының қамын ел қамынан жоғары қойды, Ресейдің қолдауымен өзге хандардан дәреже арт­тырып, билікке жетуді ғана көздеді деп шуласады. Шынына келгенде, біз­дің қатардағы оқырмандар мен қа­ламгерлерге және осы тақырыпты зерт­теген талапты ғалымдарымызға Тев­келев жазбаларындағы орыс дипломатиясы мен оған қарсы қойылған қазақ дип­ломатиясының ара жіктерін айыра білген жөн еді.

Әбілқайыр Ресей бодандығын қа­был­­да­ған кезде қазақтың ел тізгінін ұс­таған элитасының бірде-бірі қарсы шықпаған. Керісінше Әбілқайырдың әре­кетіне қолдау білдірген. Мәселен, Әбілқайыр, Бөкенбай, Есет батыр, Құ­дайназар мырзалар 27 адам болып, Ре­сей бодандығына 1731 жылдың 10 қа­занында ант берсе, Әбілқайырға қарсы топтың басшысы 13 мың Шекті елі­нің сұлтаны Батыр сұлтан 3 жел­тоқсанда, Орта жүз ханы Сәмеке 19 жел­тоқсанда ант беріп, Әбілқайыр ұс­танымына қолдау білдірді. Ал 1733 жы­лы Ресей бодандығын қабылдауды өтінген Төле би, Қодар би, Хангелді би, Сатай батыр, Бөлек батыр қол қойған хатты Қонай би Орынбор жолынан адасып кетіп, Самара қаласы әкімшілігіне тапсырғаны белгілі. 1734 жылдың 10­ маусымында Ұлы жүздің Ресей қа­рамағына қабылданғаны туралы Анна Иоанновна жарлық шығарды. Ал 1735 жыл­дың 20 желтоқсанында Күшік хан, Ба­рақ сұлтан өздерінің қарамағындағы он бес шақты би, сұл­танның атын атап, олардың арасында Қабанбай батыр да бар, араларына келген Орынбор ел­шісі М.Бекчуринге хат табыс­тап, Орынбор әкімдігіне өз тараптарынан Ырысмұхамед, Қонақбай, Байназар, Жансарыларды елші ғып жібергендері тарихшы Әбілсейіт Мұқтардың зерт­теулері бойынша анықталып отыр. Ол хатта «Әбілқайыр хан қалай бағынса, біз де солай бағынамыз. Білместігіміз бол­са, кешірім сұраймыз» деген жолдар бар. Ең ақыр соңында Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан да 1740 жылдың 28 тамызында Орск қаласына өз аяқ­тарымен келіп, Ресей бодандығына ант етті. Сөйтіп аталмыш саяси актіге қосылмаған ешкім қалмады.

Міне, шынайы шындықтың ажары­ осындай: Әбілқайыр ұстанған бағыт Кі­ші жүз шеңберінде қалмай, қазақтың үш жүзінің ой-санасын түгел меңдеп, олар­дың ел тұтқан игі жақсылары Әбілқайырдың тосындау саяси қада­мына қолдау білдірген. Олар ел басына төнген мынау нәубеттен түгелдей құ­рып кетпей, амалдап жан сүйретіп шығудың жолын іздегенде, батыс көр­шіден басқа жансауға таппады. Қазір біз өзімізден үш жүз жыл бұрын болған оқи­ғаға жылы кабинеттердің жұмсақ креслосында шалқайып отырып төрелік ай­тамыз, ал сол өң мен ғайыптың арасындай болған қасіреті ауыр заманның зілзаласын иықтарымен көтерген тұл­ғаларымыздың ауыз ләмдері мен іс-әре­кеттері басқаға меңзейді. Әлбетте Ресейдің отаршыл езгісінен енді құты­лып, ес жиғандай болып жатқанда, кеу­деміздегі ыза-кегіміз басылмай, жа­­нымыз бен тәніміздің тыртықтары жазылмай тұрғанда, оны түсіну де, мо-йындау да оңай емес. Алқынған ашу, алабұртқан сезім сабасына түскенде ғана пайымдай аламыз. Әбілқайыр орысқа, Абылай үш бірдей елге – орыс, жоңғар, қытайға бодан болғанда, еріккеннен болған жоқ, соңына ерген ызғындай жұртын соқталаңнан аман алып шығудың қамымен болды. Кейінгі ұрпақ оны дұрыс түсінгені абзал.

 Әбілқайырдың зар ғып айтқандары айна-қатесіз келді. Қытайлармен ке­лісім­шартқа отырысымен, Қалдан Серен отыз мың әскермен 1739 жылы Орта жүз қоныстарына тап берді. Арқаны жойқын шабуылмен оңнан солға, солдан оңға сүзгендіктен, жоң­ғар­дың бұл жорығы ел аузында « Сү­зекі» аталды. «Сүзекі» шабуылына кі­рісерде жоңғар елшілері Сібір генерал-губернаторы Батурлинде болып, Ресейдің бодандығында жоқ ру-­тайпалардың тізімін алып, алдымен шабуылдың нысанасын соларға ба­ғыт­тады. Нәтижесінде Әбілмәмбет хан Кіші жүздегі Елек өзеніне қашып, Абылай жоңғарға тұтқын болды. Орта жүз қатты кеміп қалды.

Әбіш туралы жазбаларымның соңын Әбіл­қайыр тағдырына әкеп тіреуімде заңдылық болмаса, оғаштық жоқ деп ойлаймын. Әбілқайыр Әбіштің басты кітаптарының бас қаһарманы, Әбішті айтсаң Әбілқайырға, Әбілқайырды айтсаң, Әбішке соқпай тұра алмайсың. Қазіргі қазақ прозасында екі өлшем ғана бар деп түсінем. Бірі – Әуезов өлшемі, екіншісі – Кекілбаев өлшемі. Көркем туын­дылардың әдеби құндылығын та­­­ра­зылағанда осы екі өлшеммен өл­шесек, ешқашан жаңылыспаймыз, ба­рар бағытымыз, шығар шыңымыз да анық болмақ. Әбіш халқына рухани­ азық болатын өлмес, өшпес мұра қал­дырды. Оның байыбына барып, ба­ғасына жету – Әбіштің ұстанған шығармашылық бағдары, көркемдік тұғырлары, әлеу­меттік-саяси ауқымдары мен терең фило­софиялық пайымдарын түсініп, оның әдебиетіміздегі көркемдік-эсте­тикалық құбылыс екенін мойындап, қаламгер салған өнегелі жолды баян­ды етуге қарлығаш қанатымен су сеп­ті септігімізді тигізу көзі тірілердің мін­деті деп білемін.

 

Әнес САРАЙ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты