Қазақстан • 05 Қазан, 2017

Өркениеттен орын алу тұтқасы

171 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әліпбиді өзгерту мәселесінің атқаратын рөлі жо­ғары. Оның ауқымды аясын бір қаріпті екінші қа­ріп­­ке ауыстыра қоюмен шектей салуға болмайды. 

Өркениеттен орын алу тұтқасы

Әліп­би­дің ауысуы ең біріншіден халықтың сана-сезіміне ай­та қаларлықтай өзгерістер әкеледі. Әрі ой-өрісі мен дү­ниетанымының тереңдей түсуіне алғышарттар қа­лай­ды. Сондықтан мұндай жауапты іске жеті рет өл­шеп, бір рет кесу тұрғысынан келе білсек, алға қойған мақ­сатымыз соғұрлым нәтижелі болмақ. 

Елімізде әліпбиді өзгерту жөніндегі шешім тектен-тек алынбағаны анық. Мұның үлкен қоғамдық мәні мен мемлекеттік маңызы бар. Айталық кеңестік ке­зеңде қазақ әліпбиі кирилл қарпіне көшірілді. КСРО саясатшылары бұл арада бір ғана мақсатты ал­ға ұстағаны белгілі. Бұл бір ғана орыс тілінде сөй­­лей­тін кеңес халқын қалыптастыру еді десек – ақиқ­ат­­тан ауытқи қоймаспыз. Осындай зымиян саясат то­талитарлық дәуірде белгілі бір нәтижесін берді де. 

Ал бүгінгі заман басқа, қоғам өзге. Егемен ел атанғанымызға ширек ғасырдан асып барады. Қазақ тілін латын қарпіне көшіру ісі де қазақстандық қоғамның бүгінгі өскелең талаптарынан бастау алады. Бұл бір сәтте «жер астынан шыға қалған жік емес». Атал­ған мәселе біраз жылдардан бері айтылып келеді. Сон­дықтан бұған үрке қараудың ешқандай жөні де, ре­ті де жоқ. Біздің ойымызша, латыншаға ауысуы­мыз­­дың арқалайтын жүгі салмақты. Қисыны терең. Өйт­кені қазіргі технологиялық ортаны латын тілінсіз көз­­ге елестету еш мүмкін емес. Коммуникацияның жай-күйін де мұнсыз жүйеге келтіре алмайсыз. Оның үс­тіне қазіргі кезде ғылым мен білім беру үде­ріс­те­рінде латын тілінің алатын үлесі артық, ауқымы кеңейіп келеді. 

Егер осы айтылған ой-түйіндерімізді нақты дерек­термен шегелер болсақ, бүгінде кирилл қарпін әлем­де 250 миллион халық қолданса, латын қарпін жер бе­тінде 5 миллиардқа жуық адам пайдаланатынын кө­реміз. Біздің елімізде әліпбиді латынға көшіру ісі екі кезең арқылы жүргізілетіні белгіленген. Яғни ал­ғаш­қы кезеңде жаңа графиканың бірыңғай стандартты жобасын қабылдау қарастырылған. Бір сөзбен айт­қанда, мұның өзі бір үлгіге тоқтам жасау деген ұғым болып шығады. 

Бүгінгі күні ұсынылған нұсқаларға қатысты отандастарымыз өз ой-пікірлерін білдіруде. Бұл заңды да қажетті құбылыс. Сірә дана халқымыз «кеңесіп піш­кен тон келте болмайды» деп осындайда айтса ке­рек. Ал екінші кезең жаңа әліпби қабылданғаннан кейінгі уақытқа есептелген. Бұған арналған бөлек іс-шаралар шоғыры бар. Кезегі келгенде бұл мәселелер жөнінде де нақты міндеттер қойылып, оны жү­зеге асырудың тиімді тетіктері таразыланбақ. Де­генмен қамданған қапы қалмайды дегендей, осы ке­зеңге орай атқарылатын істерді де ой сүзгісінен бір өт­кі­зіп алуды қажет деп санаймыз. 

Бүгінгі күні әліпбидің реформалануына қатысты көп­шіліктің көкейінде әр түрлі пікірлер орын алып жүр­гені де жасырын емес. Соның бірі кирилл қар­пінде жазылған мәдени мұраларымыздың мәтінін жо­ғалтып алмаймыз ба деген түйінді мәселеден туын­дайды. Біздің ойымызша, бұлайша алаңдаушылық біл­діруге ешқандай негіз жоқ. Өйткені бүгінгі уа­қыт – технологиялардың жан-жақты, кеңінен да­мы­ған уақыты. Мұндай жағдайда кез келген мәтінді бір әліпбиден екіншісіне автоматты түрде аудара са­лудың ешқандай қиындығы жоқ. Әрі бұған мүм­кін­діктер де жеткілікті. 

Қазіргі кезде жаңа әліпбиге көшу мәселесіне орай алғашқы әзірлік жұмыстарын жан-жақты өрістету қа­жеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты өңірде арнайы құрылған жұмыс тобының мүшелері тиісті талдаулар мен зерттеулер жүргізу ісін қолға алды. Оның алғашқы нәтижелері де жоқ емес. Айталық бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі латын әліпбиіне кө­шу болса, бұл орайда С.Бәйішев атындағы кітап­ха­нада жобалық кеңсе құрылған. Мұндағы басты мақсат ла­тын әліпбиіне көшуді жан-жақты насихаттау болып отыр. Осы орайда А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты және Ш.Шаяхметов атындағы тіл­дерді дамытудың республикалық үйлестіру әдіс­те­мелік орталығымен тиісті байланыстар орнатылды. Сонымен бірге халықтың ұсыныс-пікірлеріне құ­лақ түріп, латын әліпбиі жүйесіне көшудің негізгі идео­логиясының дұрыс қабылдануына ықпал ету те­тік­те­рін ойластырдық. Қазіргі күні әдістемелік-семинар ке­ңестер, әлеуметтік акциялар, тренингтер, дөңгелек үстелдер өткізу үстіндеміз. 

Әлеуметтік желілерде арнайы аккаунт және сұ­рақ-жауап айдарлары ұйымдастырылды. Ахуалға қа­тысты мониторингтік талдаулар мен сараптамалар жасалды. Қазір облыстың 12 ауданында тиісті тү­сінік жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінгі күні өңір тұрғындарының 67,2 пайызы латын графикасы­на көшуге қолдау көрсетті. Бұл нәтижелер көңілді қа­на­ғат­тандыратындай деңгейде екендігі де бір мерей. 

Бір сөзбен айтқанда, жаңа әліпбиге көшу – қазақ ті­­лінің о бастағы тазалығы мен тұнықтығын қай­та­дан қалпына келтіреді деген ойдамыз. Ең бастысы, бұл үдеріс жаһандық өркениет көшінен орын алуы­мыз­дың бір тұтқасы болмақ. 

 

Гүлайым Төлебаева,
Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту 
басқармасының басшысы, мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі өңірлік жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары

Ақтөбе