Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, облыстық қазақ драма театрының актері Сердеш Қажымұратов төрағалық еткен қазылар алқасының құрамына Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан-Орал телеарнасының редакторы, ақын-журналист Мұнайдар Балмолда, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншісі, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Жаңылсын Хасанова, халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегері, Құрманғазы атындағы саз колледжінің аға ұстазы Ербол Ғұбайдуллин, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, әнші-термеші, Құрманғазы атындағы саз колледжінің оқытушысы Армат Ислямғалиев, VІІІ және ХХІ Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, ІІ және ІІІ Шара Жиенқұлова атындағы республикалық қазақ би байқауының лауреаты, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония жанындағы «Назерке» халық би ансамблінің жетекшісі Ақмарал Тасболатова, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, облыстық қазақ драма театрының бас суретшісі Қайыр Оразғалиев, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Құрманғазы атындағы саз колледжінің аға оқытушысы Әшім Тасқалиев, БҚМУ доценті, музыкалық білім магистрі, әнші-сазгер, қалалық ВИА көркемдік жетекшісі Қуаныш Қисметовтер кірген еді.
Жастар мәдениет үйі алдында «Қызғалдақтар» би ансамблінің «Жаса, Қазақстан» флешмоб биімен басталған өнер бәсекесі өте тартысты болды. Жыл сайын өтетін дәстүрлі бәсеке жеңімпаздары кейін республикалық деңгейде өңір намысын қорғайтын болғандықтан өнерпаздар барын салды. Сөйтіп, әр жанр бойынша мықтылар анықталды.
Фестиваль қорытындысы бойынша «Халық музыкасы» (домбырамен ән салу) жанры бойынша – І орын Гайнеденова Әминаға (Орал қаласы), домбыра-күй жанры бойынша – І орын Сралиев Темірланға (Жаңақала ауданы), «Эстрадалық вокал» жанры бойынша – І орын Мағзумов Елжас пен Мұратов Ислам дуэтіне (Теректі ауданы) берілді.
«Әдеби шығарма» жанрынан бірінші орынды Сырым ауданынан келген жас прозашы Ғапарова Саида ұтып алса, «Сатира» жанрынан жәнібектік Бағдагүл Қарабасоваға ешкім тең келмеді.
Мың бұралған бишілер арасынан оралдық Аружан Серікбаева жеке билеп, үздік шықты. «Бейнелеу өнері» жанры бойынша Зеленов ауданынан келген Әлібек Роланов жеңімпаз деп танылды. Жәнібек ауданынан келген Нағима Төлебекова «Кескіндеме» жанрында ең үздік шығарманың иесі атанды.
Жеңімпаздардың бәріне де арнайы дипломдармен марапатталып, гала-концертте өнер көрсетті.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»