06 Қазан, 2017

Босаған орындарды толықтыруға сайлау болады

325 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 Кеше орталық сайлау комиссиясында мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси партиялардың өкілдері, облыстардағы сайлау комиссияларының мүшелері қатыстырылған үлкен кеңес болып, онда шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына 29 қазанда болатын сайлауға кандидаттар ұсыну мен тіркеу қорытындылары туралы айтылды. Сонымен қатар электораттық оқытуды ұйымдастыру жөніндегі қанатқақты жобаның қорытындылары және 2018 жылға арналған жоспарлар жөнінде әңгіме болды.  

Босаған орындарды толықтыруға сайлау болады

Отырысты Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Берік Имашев ашып, жүргізіп отырды. ОСК төрағасы мәслихат депутаттарында өз­дерінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату ди­намикасының өсуі көрініс бергенін айтты. Бұл мәселеге саяси партиялар назар аудар­ға­нын қалаймыз, өйткені мұндай үрдіс депу­тат­тық корпусқа деген сенімді төмендетіп, кан­ди­дат­тардың сайлаушыларға берген уәделе­рінің орын­далмауына соқтырады, деді ол. 

Бірінші мәселе бойынша баяндаманы ОСК қыз­метін қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Мақсат­қан Анапин жасады. Оның айтуына қара­ған­да, 29 қазанда еліміздің 15 аймағындағы 105 сай­лау округінде шығып қалған депутаттардың орнына жаңа кандидаттарды сайлау болады екен. Тек Астана қалалық мәслихатында ғана шығып қалғандар болмағандықтан сайлау болмайды. Соның ішінде 22 облыстық, 19 қалалық және 64 аудандық мәслихаттарға жаңа депутаттар сайланатын болады. Жаңа сайлауда Ақтөбе облысында – 14, Павлодар облысында – 13, Қостанай облы­сында – 12, Алматы облысында – 11 үміткер да­уысқа түсетін болады. Бұлар – кандидаттар барын­ша көп түсетін аймақтар, ал Жамбыл және Ақ­мола облыстық мәслихаттарына сайланатындар 2-3-тен ғана. 

Сайлау науқанының барысында 370 үміткер ұсынылып, соның ішінде 93 үміткер облыстық мәслихатқа, қалалық мәслихаттарға 72 және аудандық мәслихаттарға 205 кандидат тіркелген. Тіркелгендердің 251-і, яғни 74,9 пайызы ерлер, 84-і, яғни 25,1 пайызы әйелдер. Үміткерлердің орташа жа­сы 45-те болған. Тіркелген үміткерлердің 85,4 пай­­­ызының жоғары білімі бар. Соның ішінде 98 адам мұғалім, 61 инженер-техникалық қыз­мет­кер­лер, 37-сі заңгерлер және т.б. 

Баяндамашының айтуына қараған­да, мәслихат депутаттарының өз өкілеттіктерін доғаруының негізгі себебі тұрғын мекенін ауыстыруда екен. Алайда кейбір облыстарда осындай үрдістердің тым жиілеп кеткендігі алаңдатады. Мәселен, бұл жағдай Павлодар облысында басқа аймақтармен салыстырғанда өткірірек. Сондықтан аумақтық сайлау комиссиялары ұсынылған үміткерлердің жақын уақыттарда тұратын мекенін ауыстырып, көшіп кетпейтіндігіне де назар аударуы керек деген ойлар айтылды.

Сонымен қатар отырыста мәслихат де­путаттарының куәлігіне енгізілген өзгерістер бе­кітілді. 

 

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»